«Сіздің ЭЦҚ-дың мерзімі аяқталады. Оны ұзарту керек». Мұндай қоңырау бірден алаяқтық ретінде қабылданбайды: әңгіме ақша, банк картасы немесе кредит жайында емес, әдеттегі мемлекеттік көрсетілетін қызмет жайында. Бұл – әлеуметтік инженерияның жаңа схемасы.
2026 жылғы қыркүйекте Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура қаскүнемдердің ХҚО және eGov қызметкерлері ретінде таныстыру жағдайлары жайында ескертті. Әңгіме электрондық цифрлық қолтаңбадан басталып, бұзылған жеке кабинет, ресімделген кредиттер және ақшаны шұғыл түрде «қорғау» қажеттігімен аяқталады.
Мұндай сценарий қалай дамиды, неге ол сенім тудырады және қандай әрекеттер өтірікті бірден тануға көмектеседі, Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.
Неліктен әңгіме ақшадан басталмайды
Көпшілік қаржылық алаяқтықтың негізгі белгілерін: банктік картаның деректері мен SMS-кодтарды хабарламауды, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудармауды немесе бейтаныс адамның нұсқауымен кредит ресімдемеуді біледі.
Сондықтан қаскүнемдер тәсілді де өзгертеді. Бірінші кезеңде олар ақша туралы мүлдем айтпайды. Банктің орнына ХҚО немесе eGov пайда болады, ал әңгіменің арқауы әдеттегі әкімшілік рәсім болады: ЭЦҚ қолданылу мерзімі, оны ұзарту немесе қайта шығару қажеттігі, жеке кабинет мәселесі.
Мұндай сценарий сақтықты әлсіретеді. Адам ақшасын аударуға тырысады деп әлі ойламайды. Оған мемлекеттік көрсетілетін қызметке қатысты қалыпты мәселені шешіп жатқан сияқты көрінеді. Байланыс орнатылғаннан кейін ғана әңгіме қаржы жағына ауысады.
«Растау үшін 1-ді басыңыз»
Ағымдағы жылғы қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында полиция тіркеген сценарийлердің бірі ХҚО немесе eGov «қызметкерінің» қоңырауынан басталды. Адамға ЭЦҚ кілтінің мерзімін ұзарту қажеттігі хабарланады және келісу үшін телефонда 1-ді немесе бас тарту үшін 3-ті басу ұсынылады.
Содан кейін екінші қоңырау келіп түседі. Ол адам цифрды басқаннан кейін жеке кабинеттің бұзылғанын, ал азаматтың атына кредит рәсімделгенін хабарлайды. Әрі қарай «шешу жолы» пайда болады: алаяқтық кредитті жою үшін қарсы кредит ресімдеу және алынған ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару қажет.
Әрине, мұндай жолмен қаражатты қорғау мүмкін емес. Ақша қаскүнемдер бақылайтын шоттарға түседі.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бірнеше күнде СҚО тұрғындары осындай 20-ға жуық қоңырау түскенін хабарлаған.
Бір қоңырауды бірнеше өкілдің жалғастырып әкетуі, бұл – сценарийдің бір бөлігі
Мұндай схемаларға тән ерекшелік – бірнеше «мамандардың» қатысуы. Алдымен «eGov қызметкері» қоңырау шалады. Содан кейін «қауіпсіздік қызметі», «құқық қорғау органы» атынан немесе өзін ресми өкіл ретінде таныстырған адам қоңырау шалады. Бұл ретте қоңырауды көтерген адам бір-біріне қатысы жоқ әр түрлі ұйымның бірауыздан осы бір мәселені растап отырғаны көңіліне сенім ұялатады. Шындығында, қоңыраулар бір алаяқтық сценарий бойынша жасалған болуы мүмкін.
Адам қоңырау шалған адамның нұсқауын орындаған сайын, өз-өзін тоқтата алмай, оның айтқанын орындай береді: әрбір келесі әрекет алдыңғысын түзетуге қажет әрекет деп түсініледі.
Тағы бір нұсқа: «Сіздің атыңызға ЭЦҚ шығарылды»
Бұл айланың түрі өзгеріп отыруы мүмкін. Ағымдағы жылғы қыркүйекте Бас прокуратура бір ай ішінде қаскүнемдердің eGov қызметкерлерінің атын жамылып хабарласқан 30-ға жуық фактінің орын алғаны туралы хабарлады. Кейбір жағдайларда адамдарға ЭЦҚ мерзімінің аяқталуы туралы емес, олардың атынан электрондық қолтаңба ресімделгені туралы айтылды. Мәселен, Тараз тұрғыны болып табылатын әйелге оның атына ЭЦҚ шығарылғаны туралы айтылды. Содан кейін WhatsApp арқылы схеманың басқа қатысушылары хабарласып, аталған әйелге оған бірден жеті банктен кредит ресімделгенін айтты. Үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударды. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Шынымен телефон арқылы ЭЦҚ-ны ұзартуға бола ма
Бұл – негізгі сұрақтардың бірі. Ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ eGov және құқық қорғау органдары атынан алаяқтық қоңыраулардың жиілеп кеткендігі туралы жеке ескертті.
Компания мынаған назар аударады: ЭЦҚ қайта шығару үшін бір SMS-код жеткіліксіз. Ол үшін биометриялық аутентификацияны қоса алғанда, белгіленген сәйкестендіру рәсімдері қарастырылған. Сондықтан күтпеген телефон сөйлесуі арқылы ЭЦҚ «ұзарту», «іске қосу» немесе «қайта шығару» ұсынысы сізге күдік туғызып, бірден сөйлесуді тоқтатуға және ресми сервис арқылы ақпаратты дербес тексеруге себеп болуға тиіс.
ХҚО сізге «дәл қазір ресімделетін кредит» туралы хабарлай алмайды
Ұқсас схеманы тануға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды тетік бар. ХҚО және eGov қызметкерлері банктік құпияны құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алмайды. Сондықтан, осы қызметтердің атынан адамның атына ресімделген банктік кредит туралы ақпарат туралы қоңырау шалу алдаудың айқын белгісі болып табылады.
Сондай-ақ мемлекеттік сервистер мен құқық қорғау органдары басқа кредитті жою үшін жаңа кредит ресімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз», «резервтік» немесе «қорғалған» шотқа аударуды талап етпейді.
ЭЦҚ-ға қатысты әңгіме неге әлі де жұмыс істеуде
ЭЦҚ – маңызды цифрлық құрал: оның көмегімен азаматтар мемлекеттік қызметтер алады және іс-әрекеттерін электрондық жүйелерде растайды. Сондықтан «сіздің ЭЦҚ-ңыз бұзылды» немесе «сіздің атыңыздан жаңа ЭЦҚ шығарылды» деген сөздер мазалайтыны заңды. Бұдан әрі алаяқтар шұғылдық факторын қосады: егер жедел түрде бірдеңе жасамаса, атына кредит ресімделеді-мыс немесе шотынан ақша ұрланады-мыс. Нәтижесінде адамға ақпаратты тексермей, уақыт созбай, тез арада әрекет жасау керектігі ұсынылады.
Жасанды түрде жасалған ресми контекст, қаржылық қауіп және жеделдік деген сөздер схеманы сенімдірек етеді.
Осындай қоңырау келіп түссе, не істеу керек
- Әңгімені тоқтатыңыз. Егер әңгімелесуші сіздің дербес деректеріңізді білсе де немесе өзін мемлекеттік ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, сендірсе де нұсқауын орындауды тоқтатыңыз.
- SMS-кодтарды, құпиясөздерді және ЭЦҚ деректерін хабарламаңыз. Ресми сервистер мұндай ақпаратты телефон арқылы бөгде тұлғаға беруді талап етпейді.
- Ақпаратты өзіңіз дербес тексеріңіз. eGov-қа ресми сайты немесе қосымшасы арқылы кіріңіз не ресми байланыс орталығына жүгініңіз. Қоңырау шалушы жіберген сілтемелерді және нөмірлерді қолданбаңыз.
- «Қарсы» кредиттер ресімдемеңіз. Басқа қарыздың «күшін жою» үшін бейтаныс адамның нұсқауымен ресімделген кредит ақшаны қорғаудың тәсілі болып табылмайды.
- Қаражатыңызды «қауіпсіз шоттарға» аудармаңыз. Банктер мен мемлекеттік органдар азаматтарға ақшаларын үшінші тұлғалардың шоттарына аудару арқылы қорғауды ұсынбайды.
Ал егер сіз кодты хабарлап немесе ақшаны аударып қойған болсаңыз
Егер әңгіме қоңыраумен аяқталмай, құпия ақпаратты беріп қойсаңыз, жедел түрде әрекет ету қажет.
Өзіңіздің банкпен ресми нөмірі бойынша хабарласып, ықтимал алаяқтық туралы хабарлаңыз және шоттарды әрі мобильді қосымшаға кіруді қорғаудың қажетті шараларын нақтылаңыз.
Дербес кредит есебіңізді тексеріңіз. Алаяқтық қарыз анықталған кезде дереу тиісті банкке немесе МҚҰ-ға хабарлаңыз және өтінішіңізді тіркетіңіз.
Болған оқиғаға байланысты телефон нөмірлерді, сілтемелерді, скриншоттарды, чектерді және басқа да мәліметтерді сақтап, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
ЭЦҚ-ға қатысты деректер бұзылған болса, оны ресми сервистер арқылы кері қайтарып алу немесе қайта шығару шараларын қабылдау қажет.
Алаяқтық сценарийлер үнемі өзгеріп отырады. Бүгінгі таңда сылтау «ЭЦҚ мерзімін ұзарту» болып отырса, ертең басқа схема болуы ықтимал. Сондықтан әрбір жаңа амалды есте ұстау жеткіліксіз. Сіздің қандай әрекетке келе жатқандығына назар аудару анағұрлым сенімдірек.

Интернеттегі сатып алулар: нақты төлемдерді алаяқтық төлемдерден қалай ажыратуға болады
Банк сіздің қаржыңыз туралы не біледі: операциялар, шоттар және кредиттік тарих
Кредиттік тарих бақылауда: деректерді тексеру және қателерді түзету қалай жүреді
Антифрод-базаға түсті: бұл банк клиенті үшін нені білдіреді
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық
Сіздің атыңызға кредит: алдын ала қалай рәсімделуіне тыйым салуға болады
Қарызды өтеудің ыңғайлы тәсілі: төлем кестесін есептеу, өтініштер беру және құжаттарға қол қою
Finkelisim жаңа платформасы несие берешегін реттеу ережелерін қалай өзгертеді