Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

 facebook-logo-png-impending-10.png Instagram_icon.png

App-store.pnggoogle-play-badge_ru.png

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі гендерлік аспектіге ерекше назар аудара отырып пандемияның жағымсыз салдарларын төмендету жұмысын жалғастыратын болады – М. Әбілқасымова

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі гендерлік аспектіге ерекше назар аудара отырып пандемияның жағымсыз салдарларын төмендету жұмысын жалғастыратын болады – М. Әбілқасымова

Бұл туралы Агенттік Төрағасы Еуразия Қайта құру және Даму Банкі (ЕҚДБ) мен «Әйелдер жиырмалығы» - W20 тобы ұйымдастырған «Gender and Crisis Recovery: Building Back Better»  («Гендерлік теңдік және дағдарыстан кейін қалыпқа келтіру») веб-конференциясы барысында мәлімдеді.

Вебинар жұмысына ЕҚДБ Президенті сэр Сума Чакрабарти,  Women20 тобының Төрағасы  Сорайя Обейд, ЕҚДБ Экономикалық саясат және басқару жөніндегі басқарушы директор Матиа Романи, Египеттің Халықаралық ынтымақтастық министрі Рания Аль-Машат, Албанияның Экономика және қаржы министрі Анила Денадж, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты. Вебинар бүкіл әлемнен барлығы 200-ден аса тыңдаушының басын қосты.  

Дүниежүзілік банктің «Women, Business, Law Index Scores» индексіне сәйкес қазіргі уақытта Қазақстанда әйелдердің іскерлік қызметке араласу деңгейі жоғары. Мәселен, 2019 жылы Қазақстан бұл рейтингте айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізді – ықтимал 100 баллдан 75 балл. 

М. Әбілқасымованың айтуынша, ЕҚДБ-нің күн тәртібінде гендерлік аспектінің болуы бүкіл елдердің қаржы нарығы үшін айтарлықтай маңызды болып табылады, себебі бұл қаржы реттеушілеріне экономиканы дамытуда, әсіресе пандемиядан болған дағдарыстан қайта қалпына келу кезеңінде әйелдердің рөлін күшейту мәселесін дамытуға серпіліс береді.  

Қазақстанда қазақстандық әйелдердің қаржы өнімдерін тұтыну деңгейі жоғары, олар депозиттерді ер адамдарға қарағанда екі есе дерлік жиі ашады: 62%-ы әйелдерге тиесілі, 38%-ы – ер адамдарға тиесілі. Әйелдердің мемлекеттік кредиттік бағдарламалар бойынша өнімдерді тұтынуы ер адамдарға қарағанда 14%-ға артық. Сонымен қатар ер адамдарға қарағанда әйелдер кредитті жиі алады: тұтынушылық кредиттер үлесі әйелдерде - 55%, ер адамдарда - 45%. Бұл ретте, тұтынушылық кредиттердің сомасы әйел адамдарға қарағанда, ер адамдарда көп (ер адамдар жалпы соманың 53%-ы, әйел адамдар 47%-ы). Бірақ статистика бойынша әйел адамдар қарыздарды өтеу кезінде неғұрлым тәртіпті: мерзімі өткен (90 күннен астам) кредиттердің саны ер адамдарға қарағанда әйел адамдарда сомасы бойынша да (әйел адамдарда – 42% және ер адамдарда – 58%)  және сол сияқты саны бойынша да (әйел адамдарда – 45% және ер адамдарда – 55%) аз.

Коронавирус пандемиясы ер адамдардың және әйел адамдардың өмір сүру қалпын өзгертті. Веб-конференцияның қатысушылары әлемдік статистиканы басшылыққа ала отырып, ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың пандемиядан көп зардап шеккенін атап өтті. Себептердің ішінде мыналарды атап өтті: негізінен әйел адамдар басым болатын қызмет түрлері (көтерме-бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлікпен мәмілелер, қызмет көрсету саласы) экономиканың дағдарыстан көбірек зардап шеккен секторларында орналасқан; карантин кезінде мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы балалары бар көптеген әйел адамдар мектептер мен бала бақшалардың жабылуына байланысты жұмыс пен үй шаруашылығын қоса атқару мүмкіндігінен айырылды, осыған байланысты әйел адамдардың осы санаты кірісін жоғалтады. 

Осыған байланысты М. Әбілқасымова әйел адамдардың қаржыға тәуелді болмауын және оларды қаржылық көрсетілетін қызметтермен қамтылуын кеңейтуді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелік шараларды әзірлеу қажеттілігін атап өтті, бұл әсіресе дағдарыс және қалпына келтіру кезеңінде маңызды.

1. Қаржылық көрсетілетін қызметтерді алу кезінде гендерлік тепе-теңдіктің проблемалық аспектілерін анықтау және түсіну үшін базалық құрал болып табылатын гендерлік статистиканы жинау бойынша жұмыс кеңейтілетін болады.

Мұндай деректерді жинау қаржылық қызметтердің қолжетімділігі бойынша нақты жағдайды көрсетеді, бұл әйелдердің қаржылық қажеттіліктері мен қалауына сәйкес келу мақсатында жаңа гендерлік-сезімтал қаржы өнімдерін әзірлеуге, қызметтердің сапасын жақсартуға, тәуекелдерді және баға құрылымын басқаруға әкеледі.

2. ЕҚДБ ұсынымы бойынша қаржы мекемелерінде кәсіпкер әйелдер үшін арнайы бюролар құру мәселесі қаралатын болады. ЕҚДБ-нің әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі бағдарламалары шеңберінде бірқатар қазақстандық банктер жеңілдікті талаптарда кредит беруді жүзеге асырады, сондай-ақ кәсіпкер әйелдерді оқытуды жүргізеді, әйелдерді бизнеске тарту бойынша консультациялық қызметтер көрсетіп, зерттеулер жүргізеді. Қазақстанның 13 өңірінен жүзден астам кәсіпкер әйел ЕҚДБ менторинг бағдарламасына қосылды. 

Қаржы реттеушісінің басшысы Қазақстан басқа да көптеген елдер сияқты экономикалық белсенділіктің құлдырауы жағдайында экономиканы кредиттеуді қалпына келтіру, бизнес тарапынан кредиттік ресурстарға қолжетімділіктің төмендеуіне жол бермеу, ШОБ-ты қолдаудың қосымша құралдарын ұсыну, нақты экономикадағы жағдайдың банк жүйесінің тұрақтылығына салдарын жеңілдету бойынша бірқатар уақтылы шаралар қабылдағанын атап өтті.

 «Біз пандемияның теріс салдарын гендерлік аспектіге ерекше назар аудара отырып азайту жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Бұл әйелдердің қаржылық қызметтерге қол жеткізуі мен пайдалануы бойынша нақты жағдайды зерттеу, қарыз алушы әйелдермен қарыздарды қайта құрылымдау мен қайта қаржыландыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізу, кәсіпкер әйелдерге арналған қосымша қаржы өнімдері мен қызметтерді әзірлеу бойынша нақты жағдайды зерттеу», – деп түйіндеді өз сөзін М. Әбілқасымова.