Доллармен ешқандай пәтер сатып алынбайды!

time 12.01.2021
aye 1758
Доллармен ешқандай пәтер сатып алынбайды!

Қазақстанда проблемалық валюталық ипотекалық қарыздары бар азаматтар қалған жоқ. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде ресми  түрде мәлімдеді.

Валюталық ипотека ұзақ уақыт бойы Қазақстанның қаржы секторы үшін және сол сияқты осы банк өнімін  тұтынушылар үшін бас қатыратын мәселе болды. Ұлттық валютаның бағамын түзету валюталық қарыздардың барлық пайдасын жоққа шығарды. Шетел валютасы бағамының құбылуынан және өсуінен үнемі қысымға ұшырай отырып, көптеген Қазақстандықтар борыш жүктемелерін орындай алмады және олардың қарыздары «проблемалық» қарыз болды, ал көптеген қарыз алушылардың жалғыз баспанасы болған пәтерлерге борышты өтеу есебіне сатылып кету қаупі туды.

Ай сайынғы төлем  төлеу бойынша мерзімінің өтуі 90 күнге жеткен кезде, бұл кредиттік портфелінің сапасы төмендеген қаржы ұйымдарына да теріс әсер етті. 2015 жылға қарай Қазақстандағы барлық проблемалық кредиттің үштен бірінен көбін осы ипотекалық қарыздар құрады. Ал барлық валюталық қарыздардың 100%-ы әлеуетті проблемалы болды.

Сондықтан 2016 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Ипотекалық  тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды, оның шеңберінде 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасымен берілген қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір доллар үшін 188,35 теңге) бойынша қайта қаржыландырылды. Сонымен қатар, шетел валютасындағы кірісі жоқ жеке тұлғаларға жаңа валюталық ипотекалық қарыздар беруге тыйым салынды. Осылайша, Бағдарламаны іске асырумен бірге, тұрғын үймен және өзге жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген жеке тұлғалардың валюталық қарыздары бойынша мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасалды.

Осы іс-қимылдарға орай, 2 жылдан кейін 2018 жылы әрбір 12-ші ипотекалық кредит проблемалық болып қалды. 2018 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның Ұлттық Банкіне   2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздары бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырды. Валюталық эпопеяны түпкілікті аяқтауға көмектескен соңғы түзетулерді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ағымдағы жылғы 17 шілдеде қабылдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау және барлық валюталық ипотекалық қарыздарды барынша қамту үшін Агенттік банктерге Бағдарламаның талаптарымен бір жақты тәртіппен ипотекалық қарыздарды теңгеге айырбастау құқығын беретін заңнамалық түзетулерді әзірледі.

Нәтижесінде – валюталық ипотека Қазақстанда нөлге келтірілді. Агенттіктің банктермен бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша Бағдарламаның талаптарына сәйкес халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100%-ы жеңілдік бағаммен теңгеге айырбасталды және азаматтар болашақта   валюталық тәуекелдерден қорғалды.

Көршілердегі валюталық қарыздар не болды

Осындай проблемаларға біздің жақын көршілерімізден Ресей ұшырады.  2017 жылы  валютамен ипотекалық қарыздар беру мүлдем тоқтады, барлық кезеңде Ресей бойынша 10 мәміле ғана жасалды. Бұл есептеген кезде шетел валютасымен пайыздық мөлшерлеме рубльмен ипотекалық қарыздарға қарағанда  1,5-2,5 есе төмен болды. Бірақ валютаның тұрақты емес бағамына тәуелдікті көздейтін ұзақ мерзімді шарттар жасалған жоқ. Дәлірек айтқанда, Ресей банктері валюталық ипотеканы зауықсыз жылжытты.

Мұның себебі РФ Орталық Банкі 2015 жылы енгізген валюталық ипотека үшін капиталдың жеткіліктілігін есептеу кезінде жоғарылатылған коэффициенттер болған сияқты. Өйткені 2014-2015 жылдар аралығында проблемалық кредиттердің үлесі 2,5 есеге дерлік өсті. Нәтижесінде тәуекел коэффициентінің 300%-ға дейін артуы валюталық ипотеканы беруді тиімсіз етті, дегенмен де беруге ресми тыйым салынған жоқ. Келесі жылдар бойында Орталық Банк қарыз алушыларды қолдау бағдарламаларын дамытуды жалғастырды, 2018 жылға қарай 20 мыңға жуық ипотекашылар мақсатты көмек алды, олардың төлемі бағамның өзгеруіне байланысты 30%-дан астамға өсті. Бағдарлама тұтастай алғанда мерзімсіз болып табылады және РФ ОБ ресми деректері бойынша өлшемшарттарға сай келетін тағы 25 мың қарыз алушыны қамтуға дайын. Алайда, бағдарлама қарыз алушылардың проблемаларын толығымен шешпейді, бұл төлемдердегі 1,5 млн рубльге дейінгі (шамамен 8,5 млн теңге) және ерекше жағдайларда ғана 3 млн рубльге дейінгі (шамамен 17 млн теңге) айырманы біршама өтеуге мүмкіндік береді.

Көрші Қырғызстанда Қазақстандағы сияқты қайта қаржыландыру бағдарламасы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді және Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 1 шілдедегі бағамы бойынша ипотекалық қарыздарды айырбастауды көздейді. Бағдарламаға жалпы сомасы 42,7 млн АҚШ долларынан асатын 2864 қарыз кіреді.

Украина да валюталық ипотека бойынша проблемаларды бастан өткерді.  Мұнда 2014 жылдан бастап шетел валютасымен кредиттер бойынша қамтамасыз ету ретінде азаматтардың мүлкін өндіріп алуға мораторий қолданылады. Бұл тыйым өз қолданысын 2020 жылдың қазан айында тоқтатуы керек болатын, алайда шілде айында Жоғарғы Раданың қарауына заң жобасы енгізілді, онда азаматтардың мерзімі өткен валюталық кредиттері үшін мүлікті иеліктен шығаруға мораторий мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту ұсынылды.

Жоғарыда айтылғандардан мемлекеттік қолдаусыз, осындай ауқымды, бірақ сонымен қатар өте маңызды қолдау бағдарламаларын іске асыру мүмкін емес екені белгілі болады. Ресейде соңғы 5 жылда валюталық ипотеканы және оның салдарларын қайта қаржыландыруға 7,3 млрд рубльден (шамамен 42 млрд теңге) астам қаражат бөлінді. Бірақ бұл ретте бағдарламаларға түскен қарыз алушылардың проблемалары толықтай шешілген жоқ, ал ипотекалық қарыз алушыларға көмектің басым бөлігін әлі көрсету қажет.

Сондықтан валюталық ипотеканың қазақстандық тәжірибесі бірегей, өйткені қарыз алушылардың проблемаларын ішінара емес, толық көлемде шешуге мүмкіндік туды. Бағдарлама аясында банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды айырбастады. Қарыз алушылардың сыйақы, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) және комиссиялар бойынша 262 млрд теңге сомасындағы берешегі кешірілді.

Бағдарламаны іске асырудың басында екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі 30%-ды құрады, оның ішінде проблемалық қарыздардың 82%-ы қарыз алушыларында жалғыз тұрғын үйі болған 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарға тиесілі болды. Валюталық ипотекалық қарыздардың 100%-ы проблемалық болды және қарыз алушылар үйлерінен шығарылуы керек еді. Қабылданған шаралардың, соның ішінде Бағдарламаны іске асырудың арқасында бүгінгі таңда халықтың проблемалық ипотекалық қарыздарының деңгейі 6%-ға дейін төмендеді.

Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек

Алайда, барлық қабылданған шараларға қарамастан, мемлекеттің қолдауын қажет ететін азаматтар әлі де бар. Бұл әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарының (ХӘОТ) өкілдеріне қатысты. Олардың көпшілігінде табыстың жалғыз көзі мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар болып табылады, олар тіпті Бағдарламаның жеңілдетілген шарттары бойынша қарыздарға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар жалғыз тұрғын үйі ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен банктердің балансына өткен азаматтарға қолдау қажет.

Осыған байланысты, 2020 жылы  бұрын халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша қарыздары қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебіне жалғыз тұрғын үйі банктердің балансына өткен азаматтарға қосымша көмек көрсету жұмыстары басталды. Енді банктер қарыз алушының берешегін тікелей азайтуды, жеңілдетілген төлем кестесін белгілеуді, сондай-ақ банктің балансындағы қарыз алушының жалғыз тұрғын үйін оның меншігіне қайтаруды ұсына алады.

8 мыңға жуық қарыз алушыға қосымша көмек көрсету жоспарланып отыр. Ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 1 731 қарыз алушы банктерден қосымша көмек сұрады, оның ішінде 1 117 қарыз алушыға             9,8 млрд теңге сомасында көмек көрсетілді.

Агенттік әрбір жеке жағдайды қарауға және қаржылық қиын жағдайға тап болған әрбір азаматқа көмек көрсетуге дайын.

Банктердің шығындарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге қаржы бөлді. Қосымша көмек көрсету мерзімі 2021жылғы 1 шілдеге дейін белгіленді.

      Қарыздарды өтеу бойынша қиындықтарға тап болған қарыз алушыларды қолдау мақсатында және проблемалық берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру мақсатында Агенттік мәжбүрлеп өндіріп алу  шараларын қолданғанға дейін азаматтардың проблемалық қарыздарын  міндетті түрде қайта құрылымдауды көздейтін заңнамалық актілерге толықтырулардың қосымша блогын әзірледі. Сондай-ақ, борышкер қарызын қайта құрылымдау туралы банкке жүгіне алатын ұсыныспен шарттарды кеңейту ұсынылады. Бұл ретте ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта құрылымдау мәселесін қарау кезеңінде банктер ХӘОТ-ға жататын борышкерлерге қатысты талап-арыз жұмысы шараларын қабылдай алмайды.

Осы процеске Алматы қаласының әкімдігін, «Нұр Отан» партиясын,  мемлекеттік органдарды қосудың арқасында біз осы диалогты орнаттық және бір мақсат - қарыз алушы мен оның отбасы тұратын баспананы сақтап қалу мүмкіндігі үшін белгілі бір ымыраға келдік

Бағдарламаның ипотекалық қарыз алушыларды көптеп қамтуын ұлғайту және ХӘОТ-ға қосымша көмек көрсету үшін 2020 жылғы 21 қыркүйекте қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен банктер өкілдерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Бағдарламаға түзетулер бекітілді, олар мынадай жаңа мүмкіндіктерді көздейді:

- жұмыс жасау қабілетінен және ипотекалық кредитті өтеуге кірістерінен айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың ауыр түрлерімен (аурудың 5 түрі енгізілді) ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру;

- Бағдарламаның ХӘОТ үшін көзделген жеңілдетілген талаптары қарыз алушы ХӘОТ болып табылмайтын қарыздарға да қолданылады, бұл ретте қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы болып табылатын қоса қарыз алушыда, кепіл берушіде, кепілгерде ХӘОТ мәртебесі болу керек;

- Бағдарламаға таратылып жатқан «Астана Банкі» АҚ-та және «Qazaq Banki» АҚ-та валюталық ипотекалық қарыздары бар қарыз алушыларды, сондай-ақ  жалғыз баспанасы «Астана Банкі» АҚ-тың және «БТА Банк» АҚ-тың және т.б. балансында тұрған азаматтарды енгізу.

Алдын ала бағалау бойынша түзетулер Бағдарламаның қосымша шамамен 5 мың қарыз алушыны қамтуына мүмкіндік береді, бұл валюталық ипотекаға қатысты шешілген мәселе аясында ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін айтарлықтай төмендетуге, көптеген банктер портфельдерінің сапасын көтеруге және жалпы экономикалық ахуалға оң ықпал етуге мүмкіндік береді.

white-arrow Тізімге