Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша заң жобасын ұсынды

time 16.12.2021
aye 7469
Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша заң жобасын ұсынды

2021 жылғы 15 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысы барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын ұсынды.

Заң жобасының негізгі мақсаты жаңа өнімдер енгізу, қызметтерді одан әрі цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлар құқықтарының сапасын арттыру арқылы сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын кешенді дамыту, сондай-ақ қолданыстағы    заңнаманы ең үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру болып табылады.

Заң жобасының бірінші блогы Мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі шеңберінде жинақтаушы сақтандыру және бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитеті бөлігінде сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейтуге, цифрландыру көмегімен қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, автосақтандырудағы тарифтеу бойынша тәсілдерді өзгертуге, сондай-ақ жүктелген сақтандыруды дамытуға бағытталған.

«Сақтандыру секторы сақтандыру сыйлықақыларының тұрақты өсуін және жоғары қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр. Сақтандыру нарығының  активтері соңғы үш жылда 76%-ға  өсіп,  а.ж. қарашадағы жағдай бойынша1,7 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 2,3%-ын  құрайды», - деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Сонымен бірге сақтандыру төлемдерін онлайн режимде реттеу процесін жаңартуды қосымша атап өткен жөн.

«2019 жылдың басынан бері көлік иелері міндетті автосақтандыру шартын онлайн режимде жасай алады. Қазіргі уақытта міндетті автосақтандыру шарттарының 100%-ы электрондық түрде жасалады. Цифрландырудың келесі кезеңі  – сақтандыру оқиғаларын онлайн-реттеуді енгізу»,  - деді Мәдина Әбілқасымова.

Заң жобасының маңызды блогы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау болып табылады, оның шеңберінде Агенттіктің жүктелген сақтандыру шарттарының үлгілік талаптарын бекіту өкілеттіктерін кеңейту, жаңа кепілдік берілетін сақтандыру түрлері, сондай-ақ сақтандыру омбудсманына қойылатын талаптарды арттыру көзделеді.

Заңнамалық бастамалардың екінші блогы Қазақстанның қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған.

«Қор нарығын капиталдандыру жыл басынан бері 40%-ға ұлғайып, 47,3 трлн теңгені немесе ішкі жалпы өнімнің 67%-ын құрады», - деп статистиканы келтірді Мәдина Әбілқасымова.

Бөлшек инвесторлар санының белсенді өсуіне байланысты Заң жобасында олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау күшейту бастамалары көзделген.

Бұдан әрі лицензиясы бар брокерлер мен дилерлер ғана нарықта, оның ішінде Форекс нарығында инвестициялық консультация беруді және делдалдық қызметтерді  көрсете алады деп күтіледі.

Қазақстандық брокерлер үшін  клиенттің инвестициялық бейінін міндетті бағалау туралы талап енгізіледі. Бұл бейін  оның біліміне, тәжірибесіне және қолындағы қаражатына қарай айқындалады.

Қазақстандық компанияларда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру қосымша көзделеді, мажоритарлық акционер акцияларды сатып алған кезде олардың әділ құнын айқындау және акцияларды бөлу тәртібі нақтыланады, акцияларды бөлу тәртібі белгіленеді, сондай-ақ брокерлердің және инвестициялық портфельді басқарушылардың клиенттерінің активтеріне тыйым салу мен өндіріп алуға қорғау енгізіледі.

Қор нарығының инфрақұрылымын дамыту үшін Орталық депозитарийдің ақпараттық жүйелерін қаржылық есептілік депозитарийінің және қор биржасының дерекқорымен интеграциялау жоспарлануда, бұл инвесторлар алдындағы корпоративтік ақпараттың жедел ашылуын және эмитенттерге жүктеменің азайтылуын қамтамасыз етеді. Бағалы қағаздарды шығару процесінің бірыңғай цифрлық форматқа толық көшуі қамтамасыз етіледі.

Халықаралық своптар және деривативтер (ISDA) қауымдастығының модельдік заңының ережелеріне сәйкес   Қазақстан заңнамасының туынды қаржы құралдары нарығын халықаралық реттеу заңнамасына сәйкестігін қамтамасыз ететін ұғымдар енгізіледі.

Қосымша түзетулер қаржы секторындағы басшы қызметкерлерді келісу процесін жетілдіруге бағытталған. Реттеушінің басшы қызметкерді тағайындауға алдын ала кешенді келісімін беру көзделеді, сондай-ақ басшы қыметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтіледі.

Заң жобасы сақтандыру және қор нарықтарының серпінді өсуін және дамуын қамтамасыз ету арқылы экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

white-arrow Тізімге