Сот орындаушысы: негізгі функциялары және жұмыс қағидаттары

time 10.11.2023
aye 3984
Сот орындаушысы: негізгі функциялары және жұмыс қағидаттары

Егер сізге картаңыздан/шотыңыздан ақша қаражаты есептен шығарылды деген хабарлама келсе, ең алдымен оның себебін анықтау қажет. Банктер транзакцияларды тоқтата тұру түрінде шектеулер салуға құқылы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тиісті шешімдерінің негізінде банктік шоттағы ақшаға тыйым салуы мүмкін. Тыйым салуды соттар, сот орындаушылары тиісті актілер мен қаулылардың негізінде іске асырулары мүмкін. Оған алименттерден төлеуден бас тарту, салықтар, үшінші тұлғалар алдында борыштар, айыппұлдар және т.б. төлемеу жөніндегі шешімдер жатады. 

Сот орындаушысы деген кім, ол қандай негізде жұмыс істейді және қарызыңыз болмаса, ақшаны заңсыз есептен шығаруды қалай болдырмауға болады – бұл жөнінде Fingramota.kz-ке ҚР Жеке сот орындаушыларының Республикалық Палатасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Смағұлов айтып берді.

Құқықтық қағидат бойынша сот орындаушысы мемлекеттік және жеке болып екі типке бөлінеді: олардың екеуі де атқарушылық құжаттарды (сот шешімі) орындау жөнінде заңмен жүктелген функцияларды орындайды, алайда олардың арасында айырмашылық бар.

Мемлекеттік сот орындаушысы - сот шешіміне сәйкес атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындауға бағытталған шараларды қабылдау бойынша мемлекеттік қызметте тұрған және өзіне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын лауазымды адам.

Жеке сот орындаушысы (ЖСО) - уәкілетті орган берген атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия негізінде заңды тұлға құрмай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы. Жеке сот орындаушысының лицензиясы шектеусіз мерзімге берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы елдің барлық аймақтарында бар.

Сұрақ: Сот орындаушысының жұмыс қағидаттары туралы айтып беріңізші

Жауап: Сот орындаушысы сот шешіміне сәйкес атқарушылық құжатқа сәйкес ғана әрекет етеді. Мысалы: адам қарыз бойынша борышты қайтармаса, кредиторлар оны сотқа берді. Сот талап-арызды кредитордың пайдасына қанағаттандырған жағдайда, борышкер сот шешімін орындауға не оны заңнамада белгіленген мерзімде даулауға міндетті. Әдетте, апелляциялық мерзім 5 күннен 1 айға дейін беріледі.

Егер қарыз алушы бүкіл уақыт ішінде кредитор алдындағы берешегін өтемесе немесе апелляцияға бермесе, кредитор сотта атқару парағын алғаннан кейін, борышты банк арқылы не Республикалық ЖСО палатасы арқылы мәжбүрлеп өндіріп ала алады, олар өз кезегінде қатаң түрде «Атқарушылық іс жүргізу туралы» ҚР Заңында белгіленген схемамен әрекет етеді. Іс жүргізу ашылған кезде жеке сот орындаушысы борышкерді хабардар етеді, SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі, сот орындаушысы мәжбүрлеп орындау шараларын қабылдайды, борышкердің банктік шоттарындағы ақшалай қаражатты өндіріп алынатын сома шегінде бұғаттайды.

2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жеке тұлғаның ағымдағы шоттарында ақша қаражатын сақтауға қатысты нормалары енгізілді. Қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті 50% шегінде төлем талап негізінде өндіріп алу кезінде клиенттің ағымдағы шоттарында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен кем емес мөлшерде сома қалады.

Сұрақ: Қандай жағдайларда қаражатты есептен шығару негізсіз болып саналады?

Жауап: Процестердің автоматтандырылуына байланысты банктер немесе ЖСО тарапынан қаражатты дұрыс есептен шығармау барынша азайды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорымен интеграцияланған, яғни іс қозғалған кезде тараптарды жеке тұлғалардың мемлекеттік базасымен идентификаттау жүзеге асырылады.

Алайда, кейбір жағдайларда олқылықтар орын алуы мүмкін. Мысалы, сот орындаушысы төлем мөлшерін дұрыс есептемеуі және қажетті соманы әр түрлі шоттардан бірнеше рет есептен шығаруы мүмкін. Немесе заң бойынша өндіріп алуға тыйым салынған шоттан ақша алу. Мұндай қорғалған шоттарға мыналар жатады: алимент, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік өтемақы алуға арналған арнайы шоттар.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес банктер қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде, «арнайы» шоттардағы ақшаны қоспағанда, төлем талабын қою арқылы қарыз алушының ағымдағы шоттарындағы қарыз алушының ақшасына даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Арнайы шот – бұл «қол сұғылмайтын» банктік шот, оның қаражаты қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болса да, үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық қорғалған.

ҚР қолданыстағы заңнамасында 2019 жылдан бастап мыналарға: жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға; кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырап-бағуға арналған алименттерге; азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын төлеуге; білім беру жинақтау салымдарына арналған шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға: тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассалық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге