Асан мен Үсеннің басынан кешкендері немесе ақша туралы хикая 4 тарау

time 9.11.2023
aye

Күзгі таңның күні ерекше арайланып, айналаға шуақ шашты. Асан мен Үсеннің анасы әдеттегідей таңғы асын дәмділеп даярлап, үй-іші түгел дастарқан басына жайғасты. Тек Асан ғана ойға шомып, үнсіз отыр. Әншейінде көңілді жүретін ұлының мына кейпіне алаңдаған әкесі:

- Асан, саған не болған? – деп сұрай бергені сол еді, Асан бастырмалатып:

– Сонымен мен өскенде немен айналысатынымды шештім. Банкте жұмыс істегім келеді, – деп жаңалығын жайып салды.

– Апыр-ай, ә! – деді таңғала Жарқын Арманұлы. – Сен өзі банктің не екенін, ол қалай жұмыс істейтінін білесің бе?

Асан ойланып қалды.

– Әзірше білмеймін, рас.

- Ендеше, біздің үйдің жанында банк бөлімшесі бар.

Таңғы астан кейін сол жерге экскурсияға баруды ұсынамын.

– Сонда балаларды да банктерге кіргізе ме? – деді Үсен күмәндана.

– Оны барған соң білеміз. Қане, тамақтарыңды тауысып, жиналыңдар!

* * *

Балалар әкесімен бірге жақын маңдағы банк бөлімшесіне келіп жетті.

Кіреберісте оларды күзетші қарсы алды. Оның қаһарлы түрі Асан мен Үсенді аздап састырғанымен, өте ақжарқын адам екен. Ол ең алдымен бұлардың не мақсатпен келгенін сұрады, содан кейін банктің клиенттермен жұмыс істейтін қызметкерін шақырды.

Балалардың жанына әдемі форма киген қыз келді.

– Ересек адамдардың да форма киетінін білмеппін! – Асан таңғалып қалды.

– Банктерде және басқа кейбір ұйымда бірыңғай классикалық киім үлгісі болады.

Бұл клиенттерге ұйымды ерекшелендіре танытып тұрады және компания қызметкерлерін ортақ стиль арқылы біріктіреді. Ұжымда үйлесімді жұмысты ұйымдастыруға көмектеседі, – деп түсіндірді «Шолпан» деп жазылған төсбелгісі бар қызметкер. Сөйтті де бірден, – Мен сіздерге не көмек бере аламын? – деді.

– Біз банк жұмысымен танысуға келдік, – деп түсіндірді Жарқын Арманұлы. – Менің ұлым он бес жылдан кейін сіздерге әріптес болып қалуы мүмкін.

– Әрине, қуана-қуана айтып беремін! – деп жымиған қызметкер қыз өзінің соңынан еруге шақырды. – Әрине, ешкім бізге ақша сақталатын қоймаға немесе кейбір қызметтік бөлмелерге кіруге рұқсат бермейді. Ал клиенттерге қызмет көрсететін операция залына кіруге болады.

– Банктердің тарихы екі мың жылдан астам уақыт бұрын –біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда Вавилонда басталғаны рас па? – деп қызыға сұрады Үсен.

– Иә, банктер ерте заманда пайда болды, міне, содан бері маңызды жұмыс атқарып келеді. Бірақ ежелгі дәуірдегі және тіпті банк жүйесі нақты қалыптаса бастаған ортағасырлық Италиядағы банктердің өзі қазіргі заманғы банкке онша ұқсамайды. Сыртқы бейнесімен де, басқа жағынан да.

– Айтыңызшы, адамдар банктерді не үшін ойлап тапқан? – Асан осы сұрақтың жауабын естуге ынтықты.

- Адамдардың ақша жинауына, сонымен қатар ақшаны үнемдеуге және көбейтуге көмектесу үшін, – деп түсіндірді олардың экскурсия жетекшісі. – Банк – бұл ақшаны сақтауға қабылдайтын және оны несиеге беру құқығы бар ұйым.

– Біздің елде банктер көп пе?

Шолпан әлденені есіне түсіргісі келіп, ойлана жауап қатты:

– Коммерциялық банктер туралы айтсақ, жиырмадан асады. Негізі Қазақстанда екі деңгейлі банк жүйесі бар, – деп түсіндірді ол. – Басты немесе бірінші деңгейлі банк Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі болып саналады. Оны үкіметтің негізгі қаржы кеңесшісі деп те атайды. Қазақстанда айналымға ақша белгілерін – яғни банкноттар мен монеталарды – теңгемізді шығаруға соның ғана құқығы бар. Ал коммерциялық банктер екінші деңгейлі банктер деп аталады. Олар халықпен және кәсіпорындармен жұмыс істейді. Жұртқа несие беріп, адамдардың өтінішіне қарай депозит ашатын да солар. Біз қазір сендермен бірге бөлімшесінде отырған банк те коммерциялық болып есептеледі.

– Коммерция дегеніміз табыс табады деген сөз ғой, иә? – деп Асан нақтылай түсті.

– Жарайсың, – деп Шолпан баланы мақтап қойды. – Мұндай банктер, басқа да коммерциялық ұйымдар сияқты, банк өнімдері мен қызметтерін, яғни өз «тауарын» сатылымға шығарады, сол үшін клиенттерден төлем алады, – деді де Шолпан қонақтарға банкті көрсетуге кірісті.

* * *

– Қазіргі заманғы банктердің жұмысы әртүрлі сұраныспен келетін клиенттерге ыңғайлы болатындай етіп ұйымдастырылған. Егер бұрын банктер негізінен тек ақша сақтап, қарызға беріп келсе, енді олардың міндеттері кеңейді.

Ұлдар жан-жағына көз тастап қояды.

Банктің бірнеше залы бар екен. Олардың біріндегі жеке-жеке шыны кабиналарда операторлар клиенттерді қабылдап отыр.

– Мұнда адамдар шот ашады, яғни ақшасын сақтап қоюға тапсырады.

– Бекерге ме? – деп Үсен таңырқай сұрады.

– Бекерге емес, әрине. Банк клиенттің ақшасын пайдаланғаны үшін оларға үстеме пайызын төлейді. Мұнда сондай-ақ валюта айырбастауға, шет елге ақша аударуға немесе алуға болады. Басқа да неше түрлі қызмет бар.

Сөзге Жарқын Арманұлы араласты.

- Егер сендер қарсы болмасаңдар, мен өз депозитімді ұзарту үшін операторға кіріп шығайын. Біз анаң екеуміз отбасымызбен саяхаттауға ақша жинап жүрміз.

Ұлдар әкесімен бірге кабинкаға кірді.

Олар банк қызметкерінен білгендей, депозит – үлкен сұранысқа ие банк өнімдерінің бірі екен. Расымен де, ақша банкте үйдегі сандықшадағыдай бостан-босқа жатпайды, олар кәдімгідей «жұмыс істейді» – әрбір сомаға қарай пайызбен ақша қосылады.

Шолпан балаларды келесі залға ертіп кірді.

– Мұнда біздің клиенттеріміз банк картасын ашады. Жаңа байқаған боларсыңдар, бөлімшеге кіреберісте банкоматтар орналасқан. Картасы бар адамдар ол жерде өз шотына ақша салуына немесе одан алуына болады. Адамдарға ыңғайлы болу үшін мұндай банкоматтар дүкендерде және басқа қоғамдық орындарда, мысалы, әуежайларда, саябақтарда және вокзалдарда орнатылған. Бұл банк өнімі де көпшіліктің сұранысына ие.

– Біз де банк картасын аша аламыз ба? – деп қызықты Үсен.

– Иә-иә, мен де соны білгім келеді! – Асан ағасын қолдай кетті. – Жаңа мен сіздің әңгімеңізден түсінгенімдей, ақшаны үйдегі жинақ сандықшасына салғаннан гөрі картада сақтау қауіпсіз әрі тиімді екен, оған қоса банк пайыз төлейді!

– Дұрыс айтасың, банк картасының кәдімгі сандықшадан артықшылығы көп, – деді Шолпан, – ең бастысы, сіздің шотыңыздағы ақшаны ешкім ұрламайды және ай сайын сомаға сәйкес өсімақы есептеліп отырады, сөйтіп ақша көбейеді. Бірақ біз балалардың банк картасын тек ата-анасының рұқсатымен ғана аша аламыз.

– Біз бұны үйде ақылдасамыз, - деді Жарқын Арманұлы.

– Рахмет, бұл өте қызықты әрі пайдалы экскурсия болды! – деп балалар қоштасарда Шолпанға алғыс айтты. – Біз сізге тағы да келеміз!

Жас қаржыгердің қойын дәптері

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғайтын мемлекеттік ұйым.

Пайдалы ақпарат жинағы 

...«Банк» сөзі француз немесе неміс тілінен алынған және итальян тіліндегі «banco» – бастапқыда «орындық, ақша айырбастаушының сөресі» деген сөзден шыққан. Қазіргі уақытта «банк» – «ірі қаржы-несие мекемесі» деген мағынаны білдіретін халықаралық сөз.

«Алтын монета» балалар ойын бөлмесі

Комикс-сабақ

 «Банк жүйесі қалай жұмыс істейді?» 

1. Қазақстанда екі деңгейлі банк жүйесі бар.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі – басты немесе орталық банк, бірінші деңгейдегі банк. Сондай-ақ оны үкіметтің бас қаржы кеңесшісі деп те атайды.

3. Екінші деңгейлі банктер – тұрғындармен және кәсіпорындармен жұмыс істейтін коммерциялық банктер.

4. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Қаржы нарығын мемлекеттік реттеумен айналысады, қаржылық ұйымдардың қызметін қадағалайды.



white-arrow Тізімге