Банктерден қаржылық қызметтерді алу кезінде, мысалы, депозитті ашқан кезде клиенттер өз қаражатының қауіпсіз болатынына сенімді болғысы келеді. Бірақ егер қаржы институты лицензиясынан айырылса немесе биыл Ресей банктерімен болғандай, АҚШ санкцияларына ұшыраса, кредиттер бойынша міндеттемелерді орындауға, салымдардан қаражаты алуға және басқа да операцияларға қатысты көптеген сұрақтар туындайды.
Бұл жағдайда қарызды қайтармауға бола ма және қиындықтарға тап болған банктің шотына салынған қаражат үшін қорқу керек пе – Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
Кредитті төлеуді әрі қарай жалғастыра беру керек. Жоспарланған төлем мерзімін өткізіп алмағаныңыз жөн, себебі банкке қатысты санкцияларға және басқа да мән-жағдайларға қарамастан, ешкім кредиттік міндеттемелерді алып тастаған жоқ.
«Сбербанк Қазақстан» АҚ ЕБ-ні мысалға алайық. АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) осы бас банкті және оның еншілес ұйымдарын SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне қосып, Сбербанкпен мәмілелерді аяқтау мерзімін 2022 жылғы 12 шілдеге дейін ұзартты. Бұл банк пен оның еншілес ұйымдарының салынған санкцияларға байланысты тікелей шектелген контрагенттермен операцияларды және мәмілелерді аяқтау жұмысын жүргізуге уақыты болуы үшін жасалды. Мұндай операцияларға шетел валютасындағы есеп айырысулар, халықаралық төлем жүйелері арқылы аударымдар, америкалық банктердің корреспонденттік шоттарын пайдалану және т.б. жатады.
Ағымдағы жылғы 13 сәуірде Halyk Bank онымен кепілсіз кредиттер портфелін, жылжымайтын мүліктің кепілімен алынған кредиттерді, тұрғын үй сатып алуға берілген кредиттерді сатып алу туралы мәміле жасады. Банктер өз клиенттері үшін ештеңенің өзгермейтінін түсіндірді: Сбербанк Қазақстанның қолданыстағы қарыздар бойынша шарттары өзгеріссіз қалады және қарыз алушылар ешқандай күтпеген шығынға тап болмайды. Сбербанк Қазақстаннан қарыз алушылар үшін ай сайынғы өтеу күні бұрынғыдай қалады, кредиторлардың ауысуы да олардың кредиттік тарихына әсер етпейді.
Демек, кредиттік портфельді басқа банктерге беру сіздің кредитіңізді жоюды білдірмейді! Осылайша, кредиттері Халық банкке өткен Сбербанк Қазақстанның қарыз алушылары өз қарыздарын Halyk Bank арналары арқылы – банкоматтар көмегімен, бөлімшелерде немесе мобильдік немесе онлайн-банкинг арқылы төлей алады. Ең бастысы – төлем жасалғаны туралы басып шығарылған немесе электрондық түрдегі барлық түбіртектерді сақтаңыз.
Интернетте таралуы мүмкін тексерілмеген ақпаратқа сенбеңіз, онда сізді кредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұруға шақырады. Егер сіз мұны жасасаңыз, онда сіз төлем мерзімін өткізіп аласыз және өсімпұл есептеледі.
Кредит – бұл қарыз алушы банктік қарыз шартына қол қою арқылы өзіне алатын үлкен жауапкершілік. Бұл құжатта қарыз бойынша төлемдерден жалтарған жағдайда кездесетін барлық салдарлар көрсетілген. Әдетте, шартта көзделген барлық айыпақы айыппұл болып табылады, яғни шығындар айыпақыдан тыс толық сомада өндіріп алынады. Қарыз алушының қарызды толық өтеу және ол бойынша сыйақыны шартта көзделген тәртіппен, мерзімде және мөлшерде төлеу міндеттері туралы бөлімді мұқият қайта оқып шығыңыз, сондай-ақ банкке өз міндеттемелерін орындамаудың нақты немесе ықтимал жағдайлары туралы уақтылы хабарлаңыз.
Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт