Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық

time 13.02.2025
aye 313
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық

Ақшаны қате аудару –  бұл кез-келген адаммен болуы ықтимал жағымсыз жағдай. Кейде бұл шоттың нөмірін немесе телефон нөмірін қате теру, ал кейде ақшаны басқа адамға аударып жіберетін кездер болады. Қалай болғанда да, ақшаны қайтару, әсіресе, ақшаны алған адам  байланысқа шыққысы  келмеген жағдайда қиынға соғуы мүмкін. 

Мұндай жағдайларда не істеу керек, ақшаны қайтарудың қандай жолдары бар және болашақта мұндай қателіктер жібермеудің жолдары жөнінде Fingramota.kz-пен бірге  қарастырып көрелік. 

Қате ақша аударымы - бұл ақша жіберуші абайсызда немесе техникалық қателіктердің салдарынан ақшаны басқа алушыға аударатын жағдай. Мұндай жағдайлар картаның немесе телефон нөмірін дұрыс енгізбеген кезде болуы мүмкін; жылдам төлемдер жүйесінде (ЖТЖ) басқа пайдаланушыға ақша жіберу; банктік қосымша арқылы аудару кезіндегі қате; жүйедегі іркілістің себебінен бір соманы екі рет аудару және өзгертілген немесе ескірген деректемелер бойынша аударым жасау.

Бұл ретте, қате жасалған аударымдардың барлығын сол сәтте болдырмау мүмкін еместігін түсіну қажет. Егер ақшаңыз алушының шотына аударылып кетсе, оны қайтару процесі қиынға соғады.

Егер сіз ақшаны қателесіп аударып жіберсеңіз не істеу керек? 

1-қадам. Дереу банкпен байланысыңыз. Егер сіз аударым жасағаннан кейін қателескеніңізді бірден білсеңіз, дереу өз банкіңізбен байланысыңыз. Кейбір жағдайларда, әсіресе, егер аударым әлі өңделіп үлгермесе, банк транзакцияны болдырмауы мүмкін.

Банкпен қалай тезірек байланысуға болады? Мобильді қосымшадағы чатты пайдаланыңыз немесе қолдау қызметіне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

Егер ақша сіздің шотыңыздан алынып, басқа шотқа аударылса, онда басқа шешім талап етіледі.

2-қадам. Алушымен байланысуға тырысыңыз. Егер сіз ақшаны кездейсоқ басқа адамға жіберген болсаңыз, оның байланыс деректерін табуға тырысыңыз (мысалы, мобильді банк немесе төлем тарихы арқылы) және тікелей хабарласыңыз. Жағдайды сыпайы түрде түсіндіріп, қаражатты қайтаруды сұраңыз.

Алушы жауап бермесе не істеу керек? Клиенттермен байланыс жасау туралы өтінішпен банктің қолдау қызметіне жазуға болады.

3-қадам. Алушының банкіне хабарласыңыз. Егер тікелей байланыс мүмкін болмаса, ақша жіберілген банкке хабарласыңыз. Қате аударымды  қайтару туралы өтініш жазыңыз. Бұл жағдайда банк алушыны сұрау салу туралы хабардар ете алады және ақшаны өз еркімен қайтаруды ұсына алады.

 Қандай деректер қажет болады? Аударым күні мен уақыты, сомасы, ақша жіберілген шот немесе карта нөмірі және қатенің сипаттамасы.

Егер алушы ақшаны қайтарудан бас тартса, онда ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз беруге болады, себебі қолданыстағы заңнамада, ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз байыту» ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз. Ол үшін алушы сотқа дейінгі өтінішті жіберуі, ақша аударымын растауы (банктен үзінді көшірме) және сотқа арыз беруі қажет.

Сот көп жағдайда ақшаны қайтаруға міндеттейді, бірақ бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін.

Егер сізге ақша қателесіп түссе ше? 

Кейде жағдай керісінше дамиды - сізге күтпеген жерден ақша келіп түседі. Бұл қаражат сіздікі емес екенін және оларды пайдалану заңды салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіну маңызды.

Қалай дұрыс істеу керек? Банкке хабарласыңыз және белгісіз қаражаттың аударылғаны туралы хабарлаңыз. Сондай-ақ, бұл ақшаны жұмсамауға тырысыңыз, банктің ресми өтінішін күтіңіз – егер жіберуші қайтару туралы өтініш білдірсе, қаражат сіздің қатысуыңызсыз есептен шығарылуы мүмкін.

Егер ақшаны алаяқ жіберген болса

Алаяқтар көбінесе ақшаны әдейі аз мөлшерде жібереді, содан кейін оларды басқа шотқа қайтаруды талап етеді. Бұл ақшаны жылыстату, сізді «қаржылық схемаға қатысушы» мәртебесіне ауыстыру немесе жеке деректеріңізді сұрау әрекеті болуы мүмкін.

Сақ болыңыз! «Қате аударымдары» бар схемаларды көп жағдайда дропперлер пайдаланады. Егер сіз оларға көмектесіп, ақшаны олар көрсеткен шотқа аударсаңыз, олар сізге «мазалағаны үшін» деп, қаражаттың бір бөлігін қалдыруды ұсынуы мүмкін. Алайда, кейіннен зардап шеккен адам сізден барлық соманы азаматтық тәртіппен өндіріп алуы мүмкін.

Толығырақ "Төлем мен аудармалар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге