Қаржы нарықтарын дамытудағы жаңа бағыттар жайында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді

time 19.05.2021
aye 6895
Қаржы нарықтарын дамытудағы жаңа бағыттар жайында Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді

Агенттік Төрағасы 19 мамырда Алматы өткен «CFO Idea exchange & networking» саммиті шеңберінде баяндама жасады.  Саммит шеңберінде әлемдік экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіру, қор нарығы мен капитал нарығын дамыту, кәсіпкерлікті және адам капиталын дамыту мүмкіндіктерінің мәселелері көтерілді.

Дағдарысқа қарсы шаралар

Төтенше жағдайды енгізу және карантин жағдайында Агенттік үшін негізгі міндет тәуекелдердің экономиканың нақты секторынан еліміздің қаржы нарығына ауысуына жол бермеу болды.

Осыған байланысты Агенттіктің, Үкіметтің және Ұлттық Банктің әрекеттері күйзелістердің экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жеңілдету мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруға шоғырландырылды.

Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы топтамасы еліміздің ІЖӨ-нің 9%-н құрады, оның 4,3 трлн теңгесі республикалық бюджет және МӘСЖ қаражатының есебінен және 2,1 трлн теңгесі Ұлттық Банк қаражатының есебінен бөлінді.

Банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды азайту үшін Агенттік уақытша пруденциялық реттеу нормаларын енгізді.

Пандемия кезеңінде кредиттерге қызмет көрсету мүмкіндігін сақтау және борыш жүктемесін азайту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық ШОБ субъектілеріне және халыққа кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді.

Қабылданған шаралар шеңберінде кредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін 1,9 млн азамат және 12,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі алды. Мерзімі кейінге қалдырылған төлемнің жалпы сомасы 477 млрд теңгеден асты. ТЖ кезеңінде төлем мерзімі күнтізбелік 90 күннен асқан кезде сыйақы есептеуге тыйым, кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен бірінші күннен бастап айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым енгізілді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем мерзімі өтіп кеткен қарыз алушылар бойынша шағым-талап жұмысын тоқтата тұрды.

Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ-қа берілген барлық кредиттер бойынша жылдық 6%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі іске асырылды. Мұндай субсидияларды 14 мың жоба бойынша 22 млрд теңге сомаға 4 055 ШОБ субъектісі алды.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың арқасында қаржы секторындағы дағдарыстың салдары қаржы секторына кері әсерін тигізген жоқ. Теріс болжамдарға қарамастан, кредиттік портфель оң серпін көрсетті. Экономикаға берілген кредиттер 2020 жылы 14,6 трлн теңгеге дейін 5,5%-ға өсті, оның ішінде ШОБ-қа берілген қарыздар 4,2 трлн теңгеге дейін 7,2%-ға өсті.

Кредит берудің өсуіне ипотека айтарлықтай үлес қосты – 2020 жылы ипотекалық қарыздар 2,4 трлн теңгеге дейін 34,3%-ға ұлғайды. Берілген жаңа қарыздар көлемі 968 млрд теңгені құрады, оның шамамен 54%-ы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілген.

«Дағдарысқа қарсы шаралар бизнес және халық үшін борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан, біз кредиттік портфельдің сапасы нашарламағанын көріп отырмыз », - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Дағдарыстан кейінгі экономика

Дағдарыстың экономикаға әсерінің төмендеуін ескере отырып, мемлекеттің нарықтық қағидаттарға жол бере отырып, кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты, осы жылдың басында Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік арасында қол қойылған 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім шеңберінде 2023 жылдан бастап Ұлттық Банктің мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделеді.

«Жаңа технологияларды (Fintech) және қаржылық қызметтерді белсенді пайдалануға көшу нәтижесінде қаржы секторының дәстүрлі бизнес моделі трансформациялану үстінде. Онлайн-сервистерге  басымдық беретін тұтынушылар саны артып келеді. Жаңа гибридті банктік модельдердің пайда болуымен технологиялық компаниялардың қаржылық қызметтер нарығына белсенді енуі байқалады», - дейді қаржы реттеушісінің Төрағасы.

Қаржы нарығын дамытудың негізгі бағыттары анықталды. Бұл, бірінші кезекте, банк секторының орнықтылығы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Бұл бағытта стрестік активтер проблемасын шешу іске асырылады, сатушылар мен сатып алушылардың кең ауқымы үшін жұмыс істемейтін активтер нарығына кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етіледі, стрестік активтермен жасалған операциялар туралы ақпараттың сенімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша шаралар қабылданады.

Ағымдағы жылдың соңына дейін Агенттік стрестік активтер нарығы бойынша заңнамалық түзетулер блогын әзірлейді, ол салықтық, реттеушілік және заңнамалық режимдер саласындағы бастамалардың кең ауқымын қамтитын болады.

Екінші басым бағыт экономиканы қаржыландыру үшін қор нарығының рөлін арттыру болып табылады.

Жаһандық инвестициялық қорлар инвестицияларының ағымын жандандыру үшін Агенттік Қазақстанның MSCI және FTSE&Russel халықаралық қор индекстеріндегі позицияларын «Emerging Markets» санатына дейін көтеру жұмысын жүргізуде.

Сонымен қатар, жосықсыз  әрекеттің және нарықтық асыра пайдаланудың жолын кесу мақсатында күдікті мәмілелерге ғана емес, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің, сондай-ақ өзге де тұлғалардың қаржы құралының бағасына, сұранысқа немесе ұсынысқа қатысты жалған әрекеттер жасауға бағытталған іс-қимылдарына талдау жүргізілетін болады.


Сақтандыру секторын дамыту шеңберінде әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін дамытуға бағытталған реформалар іске асырылды. Атап айтқанда, жинақтап сақтандыруды ынталандыру үшін ЖЗЖ бойынша салықтық  жеңілдіктер енгізілді.

Өмірді сақтандыру компаниялары балалардың жоғары оқу орындарында білім алуына арналған жинақтаушы сақтандыру өнімдерін субсидиялауға мүмкіндік беретін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) тартылатын болады.

Сақтанушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілдік беретін сақтандыру сыныптарының тізбесін кеңейту, сондай-ақ Сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін міндетті сотқа дейін реттеуді енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа, сақтандыру қызметтері одан әрі цифрландырылатын болады. Заң жобасы қабылданғаннан кейін сақтандыру оқиғаларын реттеуді онлайн режиміне толық көшіру қамтамасыз етіледі.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды дамыту

Ашық микроқаржыландыру нарығын құру тағы бір негізгі бағыт болып табылады. Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді, біліктілік талаптары, сондай-ақ пруденциялық нормативтер күшейтілді.

Нарықты одан әрі дамыту үшін «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ШОБ микрокредиттерін портфельдік субсидиялау көзделген.

Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа бастаған кәсіпкерлерге кредит беру үшін өңірлік МҚҰ құруды көздейтін Қазақстан Республикасының өңірлерінде микроқаржы ұйымдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Орта мерзімді перспективада микроқаржыландыру нарығын дамыту үшін МҚҰ-ны қаржыландыру көздерін кеңейту, жаңа технологиялық шешімдерді қолдану есебінен халықтың микроқаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ ірі МҚҰ-ны банктерге трансформациялау мүмкіндігі пысықталды.

Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және тұтынушылық кредиттеудегі тәуекелдерді барынша азайту шеңберінде жаңа кредиттер беру серпінін тежеу, кредиттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеу үшін шаралар кешені қабылданды. Кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылды» мәртебесін беруді көздейтін қарыз алушыларды оңалтудың жаңа тетігі енгізілді. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Заңнаманың барлық талаптарын орындау үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар енгізілуде.

Агенттіктің келешектегі күш-жігері биометриялық параметрлерді де пайдалана отырып қаржылық қызметтерді көрсетудің және клиенттерді сәйкестендірудің қашықтан басқару тетіктерін басымдықпен дамытуға бағытталатын болады.

 ДСҰ шеңберінде қаржы нарығында бәсекелестікті одан әрі дамыту үшін Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашу мүмкіндігі жасалды.

 «Банктерді инвестициялық банкингті қоса алғанда, қаржылық қызметтердің кең аясын ұсынатын мультифункционалды қаржы институттарына айналдыру үшін жағдайлар жасалады. Агенттік өз тарапынан бәсекелестік деңгейіне тұрақты түрде баға беріп отырады», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту шеңберінде қаржы нарығын цифрландыру бағыттарының бірі деректерді жинау және талдау, Suptech тәуекелдерін анықтау және бағалау үшін инновациялық технологияларды реттеуші тарапынан енгізу болып табылады. Жүктемені азайту, реттеушілік талаптарды орындау тиімділігін арттыру және қаржы ұйымдары тарапынан тәуекелдерді басқару үшін RegTech технологияларына негізделген өзара іс-қимыл жүйесі құрылатын болады. Салауатты бәсекелестікті дамыту, цифрлық қаржылық қызметтер тізбесін кеңейту, ойыншылардың аралас сегменттерден нарыққа шығуы мақсатында Open API және Open Banking ашық платформалары технологияларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

«Қаржы нарығын цифрландырудың басқа да басым бағыттары: қаржы маркетплейстерін дамыту, транзакцияларды тіркеу және растау үшін бөлінген тізілімдердің технологияларын енгізу, сақтандыру шарттарының орталықтандырылған базасын дамыту, реттеу ортасын дамыту болып табылады», - деп қорытындылады Мәдина Әбілқасымова.

 

white-arrow Тізімге