Мынандай жағдайды елестетіңіз: барлық банк карталарыңызды өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Барлық ақша бір жерде – смартфоныңызда, ал ол үнемі сізбен бірге. Төлем жасау үшін мобильді интернеттің де қажеті жоқ, тіпті тарифіңіз бітіп қалса да, мобильді телефон арқылы төлем бәрібір өтеді. Ыңғайлы, солай емес пе?
Мұндай мүмкіндікті NFC технологиясына негізделген байланыссыз төлемдер жүйесі береді, бірақ оны түрлі мифтер мен стереотиптер қоршап алған, Fingramota.kz оларды талдап береді.
Байланыссыз төлем дегеніміз не?
Жай ғана айтқанда, байланыссыз төлем – бұл қолма-қол ақша мен банк карталарын, сонымен қатар Bluetooth немесе интернетке қосылуды қажет етпей-ақ, тауарлар немесе қызметтер үшін төлем жасауға мүмкіндік беретін функция. Бұл өмірді айтарлықтай жеңілдетеді – мысалы, әмияныңызды немесе картаңызды жоғалтып аламын деп қорқудың қажеті жоқ, құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт кетпейді. Сонымен қатар, байланыссыз төлемнің артықшылығы қаржылық операциялардың ашықтығында да жатыр.
Байланыссыз төлемдер Near-field communication (NFC) жүйесі арқылы жүзеге асырылады, яғни «жақын қашықтықтағы байланыс» дегенді білдіреді. Бұл технология 10-20 сантиметр қашықтықта орналасқан құрылғылар арасында деректермен алмасуға мүмкіндік береді.
NFC 2004 жылы NXP Semiconductors, Sony және Nokia компанияларының консорциумы арқылы құрылды. Ал NFC қолдайтын алғашқы смартфон 2006 жылы Nokia шығарған болатын. Қазіргі заманғы телефондардың барлығы дерлік бұл технологияны қолдайды.
NFC үшін смартфонға электромагниттік индукция принципі бойынша жұмыс істейтін микросхемамен жабдықталған модуль орнатылады. Смартфон мен терминал арасында электромагниттік өріс және индукциялық ток түзіледі, олар ақпаратты беру үшін қолданылады.
Байланыссыз төлемдер – NFC-дің ең танымал функциясы, бірақ оның басқа да пайдалы артықшылықтары бар. Мысалы, деректер алмасу. Кейбір елдерде құжаттарға NFC-таңбалар орнатылады, сонда төтенше жағдайда адамдар көмексіз қалмайды. Мысалы, көшеде адам ауырып қалса, жедел жәрдем дәрігерлері NFC-таңбада жазылған жеке ақпараттың арқасында зардап шегушінің денсаулығы туралы маңызды мәліметтерді алып, оған тезірек көмек көрсете алады. NFC технологиясы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу, визит карталар, автомобильдерді қорғау (телефонды кілт ретінде пайдалану) және басқа да салаларда белсенді қолданылады.
Байланыссыз төлемдердің артықшылықтары мен кемшіліктері
Әрине, NFC арқылы байланыссыз төлемнің көптеген артықшылықтары бар, әйтпесе ол осыншама қарқынды дамып, танымал болмас еді.
Артықшылықтардың қатарына мыналар жатады:
мобильді интернетсіз де жылдам операциялар жасау;
банк картасын бөтен адамға берудің қажеті жоқ;
жоғары технологиялылық;
сауда жасауда ыңғайлылық пен қолайлылық.
Кемшіліктерге келетін болсақ, ең бастысы – NFC-ді қолдайтын жабдықтары бар сауда нүктелерінің жеткіліксіздігі, өйткені мұндай жабдықтың бағасы айтарлықтай жоғары.
Дегенмен, бұл мәселе шешілуде және кәсіпорын иелері байланыссыз төлемдерді жиі таңдай бастады.
QR арқылы төлем – де байланыссыз төлем бе?
QR-код арқылы төлем байланыссыз төлемдердің бір түрі болып табылады және ол төлем терминалдарында көрсетілетін QR-кодтарды сканерлеуге негізделген. Бұл операция пайдаланушылар үшін жылдам және ыңғайлы, бірақ NFC технологиялары арқылы төлемдермен салыстырғанда оның да кемшіліктері бар. Олардың бірі – интернет қосылымының болуын талап етуі, өйткені кейде мобильді интернет қолжетімсіз болады, ал Wi-Fi-ға қосылу мүмкін емес.
Сонымен қатар, QR-код арқылы төлеу үшін арнайы қолданбаны ашып, камераны іске қосу қажет, ал NFC бұны талап етпейді. Демек, аз уақыт пен күш жұмсалады. Дегенмен, QR арқылы бөліп төлеу арқылы ірі сатып алулар жасауға болады, бұл өте ыңғайлы. Ал NFC арқылы мұндай мүмкіндік жоқ.
Near-field communication жүйесі арқылы байланыссыз төлемдердің артықшылықтары қанша айтылғанмен, барлық азаматтар бұл технологияға деген ішкі қорқыныштарын жеңе алмайды. Телефонды ұрлап кетсе ше? Ал егер автобус ішінде біреу телефонға сканермен жақындап, барлық ақшаны шешіп алса ше? Дүкенде қосымша сома шешілсе ше, ал мен оны дәлелдей алмасам? Мұндай сұрақтар қаншалықты негізді екенін қарастырайық.
«Телефонды ұрлап кетеді» – мұндайдан ешкім сақтандырылмаған. Бірден полицияға арыз жазу қажет, бейнебақылау камераларының арқасында құрылғыны табу мүмкіндігі бар. Көптеген заманауи смартфондар, әсіресе iPhone, іздеу технологияларымен жабдықталған, мысалы, соңғы модельде бұл «Локатор» деп аталады. Телефон ұрланған немесе жоғалған жағдайда әрекет ету алгоритмі туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.
Оқиға туралы дереу ұялы байланыс операторына және банкке хабарлап, нөміріңізді және карталарыңызды бұғаттау, сондай-ақ қаржылық қолданбалардағы, әлеуметтік желілер мен электрондық поштадағы құпия сөздерді өзгерту маңызды.
«Біреу телефоныма сканермен жақындайды» – сіздің рұқсатыңызсыз ақша алу үшін кәдімгі банк терминалы қажет, ал NFC сканері емес. Тіпті терминалды алып, пин-код талап етілмейтін аз мөлшердегі ақшаны шешсе де, схема тез арада жұмысын тоқтатып, ұрланған ақша шотқа қайта түседі.
Сонымен қатар, терминалдың заңсыз иесі тез арада анықталып, тұтқындалады. Басқа мәселе, егер сіз өз еркіңізбен смартфоныңызды бөтен NFC сканеріне жақындатсаңыз.
Толығырақ "Төлемдер мен аударымдар" бөлімінен оқыңыздар
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?