Жеке тұлғаларға кредит беруде тұтынушылық кредиттердің 4,7 трлн теңгеге дейін 6,1%-ға ұлғаюы есебінен өсім 7,9 трлн теңгеге дейін 5,6%-ды құрады. Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ипотекалық кредиттердің өтелгенін ескере отырып, ипотека портфелінің өсуі 2,4 трлн теңгеге дейін 3,4%-ды құрады. Жалпы алғанда, бөлшек кредиттеу сегментінде жоғары тәуекелді тұтынушылық кредиттерден төмен тәуекелді ипотекалық қарыздарға ауысу бойынша жеке тұлғаларға кредит беру өсімінің өткен жылғы үрдісі сақталуда.

Тұтынушылық кредиттеудің және банк жүйесінің кредиттік тәуекелдерінің шамадан тыс өсуін тежеу ​​үшін Агенттік тиісті реттеушілік шараларды қабылдады.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн мерзімін өткізгеннен кейін айыпақы мен комиссияларды есептеуге, сондай-ақ кірісі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салу енгізілді. Сонымен қатар, банктер мен МҚҰ-ға қарыз бергенге дейін қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің есебін жүргізу міндеті белгіленді, сондай-ақ қосымша капитал резервтерін қалыптастыру және кредиттік шығындарды жабу үшін кепілсіз қарыздар бойынша капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын талаптар екі есеге артты.

«Банктерге қойылатын реттеушілік талаптардың күшеюі тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынын 2019 жылғы 26,9%-дан 2020 жылы 4,3%-ға дейін қысқартты», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.

Ағымдағы жылғы наурыз айында Агенттік кредиттік ұйымның түріне және қарыз түріне байланысты кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шекті мөлшерін анықтауға сараланған тәсілді енгізді. Нәтижесінде кепілді банктік кредиттер және ипотекалық қарыздар бойынша шекті мәндер төмендетілді.

Теріс кредиттік тарихы бар азаматтарға қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында Агенттік ағымдағы жылғы сәуір айында 12 айдан астам мерзімі өткен төлемдерді өтеген және қайталануына жол бермеген қарыз алушылардың кредиттік тарихын оңалту тетігін енгізді. Бүгінгі күні 1,4 млн азамат кредиттері бойынша «оңалтылды» мәртебесін алды. Бұл мәртебені алу қарыз алушының кредиттік ұйымдар алдындағы міндеттемелерін адал орындағанын көрсетеді.

Агенттік заңнамалық деңгейде азаматтардың борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін қосымша шаралар қабылдады.

Ағымдағы жылғы 25 мамырда Мемлекет басшысы Агенттік бастамашылық еткен Банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Заңмен банктер мен МҚҰ үшін азаматтардың кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі, мерзімі өткен капиталдандырылған сыйақыға сыйақы есептеуге тыйым салу енгізілді, сот кепілді іске асырғаннан кейін азаматтардың ипотекалық қарыздары бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығару талаптары кеңейтілді

Микрокредиттер бойынша шарттар жасасу тәртібі заңнамалық деңгейде қатаңдатылды, коллекторлық ұйымдар үшін қосымша шектеулер енгізілді, Агенттіктің микроқаржылық және коллекторлық қызмет субъектілерін бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді.

Коллекторлардың жосықсыз әрекеттерін болдырмау үшін коллектордың борышкермен өзара іс-қимылының барлық жағдайларын тіркеу, тіркелген телефон нөмірлерінен ғана қоңырау шалу міндеті енгізілді. Коллекторлық қызметті тиісінше жүзеге асыру үшін Агенттік жарғылық капиталдың 10 млн теңге мөлшерінде ең төменгі мөлшерін енгізетін болады.

Қабылданған шаралар қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, нарықты жосықсыз микроқаржы және коллекторлық ұйымдардан тазартуға мүмкіндік береді.

Қарыздарды өтеуде объективті қиындықтарға тап болған ипотекалық қарыз алушылардың жекелеген санаттарына көмек көрсету үшін 2015 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 28,1 мың қарыз алушының борыш жүктемесі 156 млрд теңгеге төмендетілді, өткен жылы 14 мың азамат үшін валюталық ипотекалық қарыздар бойынша берешекті 109 млрд теңгеге есептен шығарумен мұндай қарыздарды айырбастау аяқталды.

Ағымдағы жылы 8 мың адамды қамти отырып, қарыз алушылар – халықтың әлеуметтік осал топтарын (ХӘОТ) қолдау шаралары аяқталады.