Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы: қалай жұмыс істейді және ол кімге қажет

time 9.04.2026
aye 187
Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы: қалай жұмыс істейді және ол кімге қажет

Әр адамның басынан қаржылық қиындықтар өтуі мүмкін. Кенеттен жұмысынан, белгілі бір табысынан айырылу немесе денсаулығына байланысты проблемалар көп жағдайда адамды кредиттік міндеттемелерін орындауына  мүмкін болмайтын тығырыққа тіреуі мүмкін. Мұндай сәттерде қарыздар жан-жақтан қысып, болашақта не болатынын аңғару қиынға соғады.  Осындай жағдайларда соңғы шара ретінде жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін қарастыруға болады. 

Банкроттықтың іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні және ол кімге жарамды және қандай салдарды ескеру маңызды екендігі жөнінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева айтып берді. 

Банкроттық дегеніміз не және ол туралы қашан ойлану керек

Банкроттық - бұл төлемге қабілетсіз болып қалған азамат үшін борыш жүктемесін азайтудың заңды тетігі.

Төлем қабілетсіздігі деп адам өзінің қаржылық міндеттемелерін толық көлемде орындай алмайтын жағдай түсініледі. Қазақстанда оның маңызды өлшемшарты - 12 ай ішінде қарызды өтемеу - бұл банкроттық рәсімін қолданудың негізгі белгілерінің бірі.

Алайда банкроттық – тығырықтан шығудың ең соңғы шарасы екенін түсіну маңызды. Ол қарыздардан құтылуға көмектеседі, алайда оның салдары да бар, банкроттық жаңа кредиттер алуға шектеулер мен кредиттік тарихтың нашарлауына әкеледі.

Оған бармас бұрын баламаларды қарастыру керек: кредитті қайта құрылымдау, төлемдерді кейінге қалдыру немесе банкпен немесе МҚҰ-мен келіссөздер жүргізу. Көптеген қаржы ұйымдары бүгінде қарыз алушылармен ымыраға келуге және проблемалық кредиттерді реттеудің неғұрлым икемді шарттарын ұсынуға дайын.

Соттан тыс және сот банкроттығы: айырмашылығы неде

Қазақстанда бірнеше рәсімдер қарастырылған, және оның қайсысы сізге лайықты екенін түсіну маңызды.

Соттан тыс банкроттық - бұл барынша жеңілдетілген рәсім, бірақ оның нақты шарттары бар:

• борыш - 1600 АЕК (6,9 млн теңге) дейін;

• мүліктің болмауы (оның ішінде бірлескен);

• кредитормен қарызды реттеу әрекеттері болды.

Рәсім банктер және микроқаржы ұйымдары алдындағы борыштарға ғана қолданылады.

Бұл ретте, көптеген өтініш берушілерге өздері ол жөнінде хабары жоқ   мүліктің (мысалы, банк өнімдерін ресімдеу кезінде автоматты түрде ашылған акциялар) болуына байланысты банкроттықтан бас тартылады. Сондықтан өзіңіздің активтеріңізді алдын ала тексеріп алу маңызды.

Сот арқылы банкроттық пен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қарыздың кез келген түріне және мүлік болған жағдайда кеңінен қолданылады. Алайда, бұл рәсімдер шығындарды талап етеді (мемлекеттік баж және қаржы басқарушысының қызметтері).

Бұл ретте «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» - бұл банкроттыққа балама, аталған жағдайда адам қарыздарын есептен шығармай, оларды бекітілген жоспар бойынша біртіндеп өтейді. Бұл опция кірісі бар және қарыздарын біртіндеп төлеуге мүмкіндігі бар адамдар үшін қолайлы.

Рәсім қалай өтеді?

Банкроттық рәсімі 6 ай уақыт алады. 

Соттан тыс банкроттық үшін барлығы барынша жеңілдетілген: 

  • құжаттар жинау талап етілмейді;

  • өтініш берген кезде ЖСН көрсету жеткілікті;

  • жұбайының/зайыбының (аге рол болса)келісімі қажет;

  • өтінішті дара кәсіпкер болып табылмайтын Қазақстан азаматы ғана бере алады.

Сот рәсімі қиындау. Бұл жерде:

  • кредиторлар мен борышкерлердің тізімі;

  • қарыздарды растайтын құжаттар;

  • мүлік туралы мәліметтер.

Бұдан басқа, сот істі қарау барысында қосымша материалдарды сұрата алады.

Қандай қарыздар есептен шығарылады, қандай қарыздар шығарылмайды?

Көптеген адамдар банкроттық барлық қарызды «жоқ қылып жібереді» деп ойлайды, бірақ олай емес.

Соттан тыс рәсім кезінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан алынған кредиттер ғана, тіпті олар коллекторларға берілген жағдайда есептен шығарылады.

Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана отырып, адам оның мысалы, салық берешегі немесе жеке тұлға немесе кредиттермен байланысты емес басқа ұйым алдындағы қарызы есептен шығарылажы деп күтпеуі керек.

Сот арқылы банкроттық жағдайында есептен шығарылатын қарыздардың тізбесі сот шешімімен айқындалады.

Сондай-ақ, ешбір жағдайда есептен шығарылмайтын міндеттемелер болады, олар: 

  • алименттер;

  • өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;

  • қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал және бюджетке төленетін, сот шешімі бойынша өндіріп алынатын төлемдер;

  • қаржы басқарушысының сыйақысы (егер ол төленбеген болса).

Банкроттықтан кейін қандай шектеулер күтіп тұр 

Банкроттық-бұл қарыздан босату ғана емес, сонымен бірге мынадай белгілі салдарлар:

  • 5 жыл ішінде кредит ала алмайсыз (ломбардтардағы микрокредиттерді қоспағанда);

  • 3 жыл уәкілетті орган тарапынан бақылау жүзеге асырылады;

  • банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана қайта өтініш беруге болады;

  • банкроттық туралы ақпарат ашық дереккөздерде жарияланады.

Мұндай шектеулерге қаншалықты дайын екеніңізді алдын ала бағалау маңызды.

2026 жылы не өзгерді 

Заңнама рәсімдерді біртіндеп жеңілдетуде, ағымдағы жылдың наурыз айында маңызды өзгерістер күшіне енді: 

  • ломбардтар соттан тыс банкроттық кезінде кредиторлар қатарынан шығарылады, бұл азаматтардың көп санына рәсімді пайдалануға мүмкіндік береді;

  • борышы 1600 АЕК-ке дейінгі және мерзімді 5 жылдан астам уақытқа кешіктірген азаматтар үшін рәсім мерзімі 6 айдан 1 айға дейін қысқартылды. Кредиттік бюроның деректері бойынша, 350 мыңнан астам адам осы талаптарға сәйкес келеді және енді олар өздерінің борыш бойынша мәселелерін тезірек шеше алады.

Қазіргі уақытта қанша азамат банкроттық жөнінде өтініш берді?

Ол іске қосылған сәттен бастап 378 мыңнан астам өтініш берілді, бірақ олардың 72,8%-ы қабылданбады. Бас тартудың негізгі себептері көп жағдайда өтініш берушінің мүлкінің болуы, борыш сомасы бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, ұзақ мерзімді кешіктірудің болмауы, сондай-ақ кредитормен реттелмеген мәселелер болып табылады.

Сонымен бірге жалпы сомасы 126,4 млрд теңгеге 62,5 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Жалпы, рәсім шеңберінде 230,9 млрд теңге сомадағы борыш есептен шығарылды, бұл бас тартудың жоғары пайызына қарамастан, тетіктің әлі де жұмыс істейтінін, бірақ барлық шарттарды қатаң сақтауды талап ететінін көрсетеді.

Зейнеткерлер немесе мүгедектер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдана ала ма?

Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар соттан тыс банкроттық құқығымен шектелмейді – заң жасына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты ешқандай айырмашылыққа жол бермейді. Қазірдің өзінде бұл рәсімді 1200-ге жуық зейнеткер қолданды.

Бас тарту белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ғана мүмкін болады: мысалы, егер адамның мүлкі болса, ол қарыздарын өтеуді жалғастырады немесе төлем қабілетсіздігі белгілері жоқ. «Зейнеткер» немесе «мүгедек» мәртебесінің өзі қаржылық дәрменсіздікті білдірмейтінін түсіну маңызды.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеңілдіктер көзделген: олар төлемнің болмау мерзіміне қарамастан банкроттыққа өтініш бере алады. Сондай-ақ, мұндай шектеулер жоқ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолжетімді.

Банкроттыққа беру кезіндегі жиі болатын қателер

Бас тартудың ең көп тараған себептерінің бірі - банкроттықтың кіріс өлшемшарттарына немесе негіздеріне сәйкес келмеуі.

Өтініш берер алдында мыналарды тексеру маңызды:

  • кредиттік есеп (мәліметтерді Мемлекеттік кредиттік бюродан немесе Бірінші кредиттік бюродан алуға болады); 

  • мемлекеттік базалардағы мүлік және мәртебе туралы деректер.

Кейде кредиторлар немесе коллекторлық агенттіктер ақпаратты жаңартпайды және бұл банкроттық рәсімінен өтуге кедергі болуы мүмкін.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге