Бағалы қағаздар және олар туралы не білу керек?

time 18.05.2021
aye 8931
Бағалы қағаздар және олар туралы не білу керек?

Ісін жаңадан бастаған инвесторға «биржа» деген сөзді естігенде бірден басына келетіні - бағалы қағаздар. Олардың қандай болатыны және олармен қалай жұмыс істеу керек?

Облигациялар – тәуекелі ең төмен инвестициялар

Іс жүзінде, облигация дегеніміз – бұл борыштық қолхат. Оларды шығаратын ұйым басқа сөзбен айтқанда, сізден қарыз алады, мәселен, бизнесін дамытуға, тауарларының түрін көбейтуге немесе ағымдағы шығыстарына. Әрине, оның орнына белгілі бір пайыз ұсынылады, яғни сіздің ақшаңызды пайдаланғаны үшін. 

Облигацияның қолданысының соңында ұйым оны «жабады», яғни сізге облигация шығарылымының проспектісінде көрсетілген оның нақтылы құнын төлейді. Облигациялардың басқа бағалы қағаздардан айырмашылығы - өз пайдаңызды алдын ала бағалау мүмкіндігі.

Әлеуетті инвестор үшін басты тәуекел - облигацияларды шығарған компанияның банкротқа ұшырауы. Бұл жағдайда салымдардан айырылып қалу тәуекелі бар, себебі олар ешқандай кепілдіктермен қорғалмаған. Алайда, ірі эмитенттердің, яғни облигациялар шығаратын компаниялардың банкроттығы өте сирек кездеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік облигациялар бар. Олар бойынша сыйақы мөлшерлемесі әдетте төмен болып келеді, бірақ сенімділігі әлдеқайда жоғары.

Акциялар - компанияның қызметіне қатысу мүмкіндігі

Акцияларды, облигациялар сияқты, белгілі бір эмитент ұйым шығарады. Айырмашылығы, егер сіз оларды сатып алсаңыз, сіз компанияның «бірлескен иесі» боласыз, яғни сізде оның белгілі бір үлесі болады. Мысалы, егер барлығы 100 акция шығарылса, ал сіз олардың біреуін сатып алсаңыз, онда сіздің үлесіңіз 1% болады.

Компания құнының өсуімен оның акцияларының құны, тиісінше  инвестордың әлеуетті кірісі де өседі. Бұдан басқа, акционерлер компанияның кірісінен үлес алуға құқылы, бұл ретте үлес акциялар санына тікелей байланысты. Бұл «дивидендтер төлеу» деп аталады.

Компания таратылған жағдайда акционер таратылатын мүліктен өзінің үлесін алуға құқылы. Бұдан басқа, акционер компания үшін маңызды шешімдер қабылдау үшін акционерлердің жалпы жиналысында дауыс беруге құқылы.

Толығырақ мына бөлімнен оқыңыздар

 

white-arrow Тізімге