Банк картаны бұғаттады: не істеу керек?

time 23.08.2021
aye 4523
Банк картаны бұғаттады: не істеу керек?

Сіз Қазақстан заңнамасында «карточкалық шот» ұғымы жоқ екенін және «бұғаттау» сөзі тек төлем карталарына ғана қатысты екенін білдіңіз бе? Егер картаңызды бұғаттаса, қалай қылу керек? Қандай жағдайларда банк мұны жасауға құқылы, не істеу керек? Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Бүгінгі күні өмірді төлем карточкаларынсыз елестету қиын. Көптеген адамдар барлық жерде тауарлар мен қызметтер үшін «пластикпен» немесе смартфондармен төлей отырып, әмияндарында кэш алып жүруден қалып барады.

Статистика көрсетіп отырғандай, азаматтар барлық ақшаны қолма-қол емес тәртіппен төлей бастады. Ұлттық Банктің деректері бойынша, халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдері мен ақша аударымдарының көлемі соңғы 5 жылда 22 есеге өсіп, 2020 жылы 35,3 трлн теңгені құрады (2016 жылы – 1,6 трлн теңге, 2020 жылы – 35,3 трлн теңге). Бүгінгі таңда төлем карточкасы қазақстандықтар үшін қаржылық операцияларды есептеудің негізгі құралы болып табылады.

Картаны бұғаттау деген не?

Әңгімені қазақстандық заңнама шеңберінде «бұғаттау» ұғымы тек төлем карточкаларына қатысты қолданылатынынан бастайық.

Бұғаттау деп төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға, оның ішінде тауарларға ақы төлеуге және қолма-қол ақшаны алуға тыйым салу түсініледі.

Айтпақшы, біздің еліміздің заңнамасында «карточкалық шот» деген жеке ұғым жоқ, ал төлем карточкасы оны ұстаушының әдеттегі банктік шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады.

Эмитент, яғни картаны шығарған банк оны бұғаттайтын жағдайлар Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету жөніндегі қызметке қойылатын талаптарда белгіленген. Оларда мынадай жағдайларда эмитенттің төлем карточкасын бұғаттайтыны туралы нақты айтылады:

- төлем карточкасын ұстаушыдан төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғаны туралы хабарлама алған кезде;

- төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамаған кезде;

- эмитент пен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаты сақталмаған кезде.

Төлем карточкасын бұғаттау талаптары, атап айтқанда, банктің клиентке хабарлама жіберу тәртібі, тәсілдері мен жағдайлары оны шығару туралы шартта ескертілетінін есте ұстаған жөн. Сондықтан шартқа қол қоймас бұрын оны мұқият оқып шығыңыз!

Толығырақ «Төлемдер мен аударымдар» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге