Жаңа жылдық мерекелерден кейін, сыйлықтар, жеңілдіктер және акциялар туралы ойлармен жүргенде, көптеген сатып алушылар танымал маркетплейстерде сақтықты естен шығарып алады. Мұны алаяқтар бірден пайдаланып, жаппай мерекелік онлайн-сатып алулар кезінде белсенділігін арттыра түседі. Қаскүнемдер сенгіш азаматтарды алдау үшін барған сайын айлакерлік схемаларды ойлап табуда.
Тиімді сауда жасадым деп қуанудың орнына, сіз ақшасыз және тауарсыз қалу қаупіне ұшырайсыз. Fingramota.kz алаяқтардың торына түспеу жолдарын түсіндіреді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, биыл елде 22 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның шамамен 34%-ы жалған тауарлар мен қызметтер туралы хабарландырулар, жалған сайттар және жалған сатушылармен байланысты жағдайларды құрайды.
Жалған хабарландырулар
Алаяқтар қымбат тауарды – мысалы, смартфон немесе ноутбукты – өте тиімді бағамен сату туралы хабарландыру орналастырады. Олар алдын ала төлем талап етіп (көбінесе танымал емес немесе шетелдік төлем жүйелерін қолдана отырып), ақшаны алғаннан кейін жоқ болып кетеді. Тағы бір мысал –көлікке «бронь қою» үшін кепілақы енгізуді талап етумен автокөлік сатылымы туралы хабарландырулар.
Естеріңізде болсын, ешқашан тауарды алғанға дейін бейтаныс сатушыларға ақша аудармаңыз. Сонымен қатар, жеткізілімді немесе ресми төлем шлюзін қамтамасыз ететін ұсынылып отырған платформаның (маркетплейстің) қауіпсіз төлем әдістерін пайдаланыңыз. Егер сізден жеке аударым талап етілсе (жеке тұлға-жеке тұлға), бірден олардың сізді пайдаланып ақша тапқысы келетін алаяқтар немесе жосықсыз сатушылар екенін түсініңіз.
Жалған тауарлар немесе дүкендер
Алаяқтар танымал тауарларды тым төмен бағамен ұсынатын дүкен жасайды. Клиент тапсырысты төлейді, бірақ не жалған тауар алады, не мүлдем ештеңе алмайды. Қазақстанда маркетплейстерде жиі түпнұсқа электроника ретінде оның арзан көшірмелері (қолдан жасалғандары) сатылады, олар сатып алушыларға кепілдіксіз немесе жарамсыз күйде жеткізіледі.
Өзіңізді қорғау үшін сатушы туралы пікірлерді әрқашан тексеріңіз. Егер дүкеннің пікірлері аз болса немесе олар біркелкі жазылған болса, ал баға басқалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болса, мұндай жағдайлар бірден күмән туғызары сөзсіз.
Жалған қайтарымдар мен шағымдар
Бұл алаяқтық түрі сатушыларға әсер етеді: алаяқтар тауарға тапсырыс беріп, содан кейін оны қайтарған болады, бірақ түпнұсқа тауардың орнына жалған зат салады немесе бос қорап жібереді. Тіпті қорапқа тастар салынған жағдайлар да тіркелген. Қалай болғанда да, сатушылар ақшасынан айырылады, ал платформалар көбінесе «сатып алушы» жағында болады.
Сондықтан да тауарды жібермей тұрып, алдымен оны суретке түсіріп, бейне түсірілім жасап алған жөн. Платформадағы сатушыны қорғаңыз және тауар нашар күйде қайтарылса, шағым жасаңыз. Ең бастысы – үндемей қалмаңыз және алаяқтыққа жол бермеңіз.
Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар
Гайд: кредит ресімдеген кезде неге назар аудару керек?
Маркетплейстердегі алаяқтық: өзіңізді қалай қорғауға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Салықтық шегерімдер дегеніміз не және оның көмегімен қалай үнемдеуге болады?
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!