Қаржылық сауаттылықтың жаңа буыны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да инвестициялар, банк қызметтері және алаяқтықтан қорғану мәселелері талқыланды

time 27.04.2026
aye 130
Қаржылық сауаттылықтың жаңа буыны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да инвестициялар, банк қызметтері және алаяқтықтан қорғану мәселелері талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub алаңында «Қаржылық навигатор: сенімділік пен қауіпсіздікке жол» атты форум өтті. Бұл шара студенттерді, оқытушыларды, қаржы нарығының сарапшыларын және салалық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар қазіргі қаржылық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді — несиені дұрыс пайдалану, жеке қаржыны басқару, инвестиция негіздері, сондай-ақ дропперлік пен қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жолдарын талқылады.

Іс-шара халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған Fingramota.kz жобасы аясында және «Freedom Bank» АҚ-мен серіктестікте ұйымдастырылды. Форумды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибаримов ашты. Ол цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында қаржылық сауатты болудың және жеке қаржыға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Кизатов қаржылық сауаттылық қазіргі жастар үшін негізгі дағдылардың бірі екенін айтты. Оның пікірінше, қаржылық өнімдерді дұрыс пайдалану, ақпаратты талдау және алаяқтық схемаларды тану — азаматтардың қаржылық қауіпсіздігінің басты элементтері.

«Freedom Bank» АҚ атқарушы директоры Ялкунчан Ганиев өз сөзінде несиелерге жауапкершілікпен қарау, студенттік кезеңнен бастап бюджет жоспарлау қажеттілігіне тоқталып, жеке тәжірибесімен бөлісті.

Тәуелсіз қаржы кеңесшісі, «Жинақ және инвестициялар» кітабының авторы Александр Репников инвестициялау дағдыларын дамыту маңыздылығын атап өтіп, қолжетімді оқу материалдарын қайдан табуға болатынын айтты.

Freedom Broker қаржы сарапшысы Эльдар Жұмаділов өз таныстырылымында инвестиция құралдары, қор нарығының ерекшеліктері және инвестицияны қандай қаржы құралдарынан және қандай сомадан бастау керектігі туралы түсіндірді.

Ұлттық төлем корпорациясының PR-директоры Дмитрий Акмаев қазіргі алаяқтық схемалар, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының жұмысы және қаржылық алаяқтықтың түрлі түрлеріне қарсы күрес тәсілдері туралы баяндады.

Форумды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Жандос Дүйсебаев қорытындылады. Ол студенттерге дропперлік тәуекелдері, дроповодтардың қызметі, банктік және жеке деректерді үшінші тұлғаларға берудің салдары, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтып берді.

Еліміздің жетекші жоғары оқу орнында өткен форум қаржы нарығы сарапшылары мен жастар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Қатысушылар нақты алаяқтық жағдайларын, заманауи қаржы құралдарын және цифрлық дәуірде жеке қаржыны қорғауға көмектесетін практикалық дағдыларды талқылады.

Іс-шара соңында қатысушылар үшін қаржылық викторина ұйымдастырылып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ Fingramota.kz жобасы мен «Freedom Bank» АҚ «Дропперлік: жеңіл ақша – ауыр салдар» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын анықтады. Қатысушылар 24 креативті әрі мазмұнды бейнеролик дайындап, үздіктері марапатталды және алдағы уақытта бүкіл ел бойынша көрсетіледі. Барлық байқау жұмыстары @Fingramota.kz Instagram парақшасында қолжетімді.

white-arrow Тізімге