«Мен бұлай істеуге болмайтынын білетін едім. Бірақ сол сәтте мен қорқып кеттім», - деп осылайша «банктен» түскен қоңыраудан кейін бірнеше миллион ақшасынан айырылған Алматы қаласының 38 жасар тұрғыны өз жағдайын сипаттайды.
Мұндай оқиғалар күн сайын болып тұрады. Және көп жағдайда оның себебі - техникалық бұзып кіру емес, адамға психологиялық қысым көрсету және шебер жасалатын айла-шарғы. Алаяқтар адамды асықтырып, «күдікті операциялармен» немесе «ақшаны есептен шығару қаупімен» қорқытады, ал стрестік жағдайда адам қырағылығын жоғалтады.
Бұл қалай болады
Әдетте барлығы кәдімгі қоңыраудан басталады, ол көбінесе кеш мезгілде, адам шаршаған және қырағылығын жоғалтқан кезде. Экранға банктік нөмірге ұқсас, кейде тіпті ресми нөмірмен сәйкес келетін нөмір шығады.
«Сәлеметсіз бе, сізге хабарласып тұрған банктің қауіпсіздік қызметі. Қазір сізге кредит ресімдеу үшін әрекеттер жасалуда». Мұның барлығы нық, сенімді дауыспен, асықпай айтылады. Сенімге әбден кіру үшін сөйлесуші аты мен тегін, ал кейде картаның соңғы сандарын немесе басқа да мән-жайларды атайды. Адамда қоңырау шынымен де банктен түсті деген сезім туады. Одан кейін жағдай күрт «жеделдейді»: «Операцияны тоқтату үшін 10 минутыңыз бар», «Егер қазір ден қоймасаңыз, ақша есептен шығарылады». Бұдан әрі «тез әрекет ету қажет» әсері пайда болады және қысым жасалады. Адамға ойлауға немесе ақпаратты тексеруге мұрсат берілмейді. Осы сәтте адамда қорқыныш пайда болады: ақшадан айырылу, қарызға бату, бірдеңенің алдын алуға үлгермеу. Күйзеліс пен асығыс кезінде адам қырағылығын жоғалтады және не болып жатқанын толық түсінбей, нұсқау бойынша әрекет ете бастайды. Дәл осы кезеңде алаяқтар өз мақсаттарына технологиялардың есебінен емес, эмоцияның есебінен қол жеткізеді.
Барлығының осал тұсы
Бұл жерде адам ақылмен емес, эмоцияның жетегінде кетіп әрекет ете бастайтынын түсіну маңызды. Қорқыныш пен жедел әрекет ету сезімі қосылғанда сыни тұрғыдан ойлау төмендейді. Адам ақпаратты тексермейді, артық сұрақ қоймайды және жай ғана «жағдайды құтқару қажет» деген нұсқауларды орындайды.
Сипатталған жағдайда оқиға дәл осылай өрбіген: әйел онлайн-кредит ресімдеп, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударған, содан кейін «банк өкілімен» байланыс бірден үзілген.
Тек кейіннен ғана ешқандай қауіп-қатердің, кредит ресімдеу әрекетінің де, қаражатты есептен шығару қаупінің де болмағаны белгілі болды. Барлық жағдай алаяқтардың әрекеті болып шықты.
Мұндай схемалар неліктен қазірге дейін жұмыс істейді
Бір қарағанда, бұл технологияларға байланысты сияқты. Алайда іс жүзінде бәрі әлдеқайда қарапайым, алаяқтар, әдетте, адамдардың мұндай жағдайда бірден ден қоятын іс-қимылдарына есеп жасайды.
«Бірінші триггер — қорқыныш. «Сіз ақша жоғалтасыз» немесе «сіздің атыңызға кредит ресімделуде» сияқты тіркестер бірден қорғаныс іс-қимылын қамтиды. Адам талдауды тоқтатады және «шұғыл құтқару» режиміне ауысады.
Екінші триггер — жеделдік. «Дәл қазір», «сізде 10 минут бар», «уақытыңыз жоқ»: мұндай тұжырымдар ақпаратты тоқтатуға және тексеруге мүмкіндік бермейді. Барлығы асығыс жасалады, ондай жерде қателесу оңай.
Үшінші триггер — бедел. «Біз банктенбіз», «қауіпсіздік қызметі», «ресми қоңырау»: адамдардың көпшілігі әдеттегідей мұндай дереккөздерге, әсіресе әңгіме сенімді және кәсіби болып көрінгенде сенеді.
Көптеген адамдар алаяқтардың жеке мәліметтерді қайдан алатынына таң қалады. Іс жүзінде олар көбінесе атын, телефон нөмірін және кейде картаның соңғы сандары сияқты ішінара ақпаратты біледі.
Мынаны түсіну маңызды: бұл банк деректерді берді дегенді білдірмейді. Көбінесе ақпарат әртүрлі көздерден, деректердің қолды болуынан, интернеттегі ашық профильдерден немесе тіпті кездейсоқ сәйкестіктерден жиналады.
Қаскүнемдер қол жетімді фрагменттерден жай ғана «пазл жинайды» және оларды сенімділікті арттыру үшін пайдаланады. Адам үшін бұл сенімді естіледі: себебі олар аты мен егжей-тегжейлерін білсе, демек, «олар өзіміз» деп ойлайды.
Адамдар неге ақылға қонбайтын әрекеттерге барады
Сырттан қарағанда, адамның өзі кредит рәсімдеуі, алаяқтарға ақша аударуы немесе SMS-тен кодтар беруі біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Алайда жағдайдың түбіне үңілсек бәрі басқаша қабылданады. Алаяқтар қорқыныш пен жеделдік ахуалын жасайды: олар «шотты бұзу», «күдікті операциялар» немесе кредит ресімдеуге тырысу туралы хабарлайды. Осы кезде адам өз ақшасын құтқарамын және дұрыс әрекет етемін деп ойлайды.
Тұрақты қысым жасау, қауіп-қатер және не болып жатқанын айтуға тыйым салу күйзелісті күшейтеді. Бұл жағдайда орын алған жағдайды сыни тұрғыдан бағалау қабілеті төмендейді және адам қаскүнемдердің нұсқауларын орындай бастайды.
Психологтар мұны «күйзеліс жағдайында ойлаудың тарылуы» әсері деп атайды, мұнда мазасыздық ақпаратты сабырмен талдауға және дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіреді.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз
«Мен өзім ақша аудардым»: алаяқтар қалайша адамдарды миллиондаған ақша беруге мәжбүрлейді
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Бағалы қағаздар бойынша кірістер және оларға салық салу: инвесторға нені білу маңызды
Сізге кредит бойынша кепіл болушы болуды сұрай ма? Қол қойғанға дейін нені білу маңызды
Болашақ көшбасшылар үшін қаржылық сауаттылық: Ынтымақтастық меморандумына қол қойылды
«Сіздің аккаунтыңызға қауіп төніп тұр»: алаяқтар пайдаланушылардың көңіл-күйін қалай пайдаланады