Бүгін жалпы отырыс барысында ҚР Парламентінің Мәжілісі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) бірінші оқылымда мақұлдады.
Депутаттарға Заң жобасын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынды. Ол Қазақстан Республикасының 4 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және бірнеше негізгі бағыттан тұрады.
Заң жобасының бірінші блогы стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторлардың қатарынан кеңейтуге бағытталған.
Алайда жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етілетінін хабарлады, яғни заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.
Заңнамалық бастамалардың екінші блогы инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және оларды басқару қызметтерін көрсететін сервистік компаниялар институтын құруға бағытталған. Жаңа инвесторлар сатып алынған жұмыс істемейтін кредиттерді сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға береді деп болжанады.
Сервистік компаниялардың функцияларын банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.
Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленетін болады.
Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберіндегі кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.
Заң жобасының үшінші блогы стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге бағытталған. Түзетулер өндіріп алынған мүліктің банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді.
Енгізіліп отырған түзетулердің негізгі мақсаты – стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық қағидаттар негізінде құру және оларды еліміздің экономикасына тарту.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтердің мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6%-н құрады. 2020 жылдан бері банктер Агенттікпен келісім бойынша стрестік активтерді азайту жөніндегі жеке жоспарларды іске асыруда, екі жыл ішінде Қазақстанда 648 млрд теңге болатын проблемалық қарыздар есептен шығарылды.
Ақпарат қөзі: ҚР ҚНРДА
Алаяқтар трендте: алдаудың нақты жағдайлары және одан қорғану әдістері
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
ХӘОТ қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сатуды және одан шығаруды тоқтата тұру жөніндегі меморанду...