Онлайн-полис: үйден шықпай-ақ нені сақтандыруға болады

time 25.11.2021
aye 5977
Онлайн-полис: үйден шықпай-ақ нені сақтандыруға болады

Цифрландырудың дамуымен халықтың қашықтан қаржылық сервистерге сұранысы артуда. Қазақстандықтар үйден немесе кеңседен депозиттерін рәсімдейді, несиелерін төлейді, ақшалай аударымдар жасайды, сақтандыру полистерін сатып алады.  

Fingramota.kz осы материалда сақтандырудың қандай түрлерін онлайн алуға болатынын және ол үшін не қажет екенін айтады.

Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру полисін онлайн режимінде сатып алуға болады. Қашықтан қызмет көрсету түрі уақытты және материалдық ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді: ешқандай жол жүріп, кезекте тұрудың қажеті жоқ, бұл карантиндік шаралар жағдайында өте маңызды. Сақтандыру шартын, міндетті сақтандыру түрлері болсын, кейбір ерікті сақтандыру түрлері болсын, электрондық түрде жасауға болады. Ол үшін өзіңізге ұнаған қызметті сақтандыру ұйымының сайтынан таңдап алып, санаулы минут ішінде электрондық түрде шартқа қол қою жеткілікті.

Сақтандырушылардың сайты арқылы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандырудың келесі түрлері бойынша электрондық түрде сақтандыру полистерін ресімдеуге болады:

- көлік құралдары иелерінің жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі сақтанушыны автомобиль зақымданған кезде қаржылық шығындардан қорғау ғана емес, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) нәтижесінде үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу болып табылады;

- қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты нысан иелерінің жауапкершілігі. Мұнда үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірген нысандағы апат фактісі сақтандыру жағдайы деп танылады;

- туроператор мен турагенттің жауапкершілігі. Туристік өнімді сату бойынша  қызметтерді жүзеге асыру кезінде туриске мүліктік және (немесе) басқалай мүддесіне келтірілген залалды өтеу түрінде сипатталатын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бекітілген міндеттерімен байланысты туроператор мен турагенттің мүліктік мүддесі объектісі болып табылады.

- қызметкерлердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі адам өмірі мен денсаулығына қауіпті қызметпен байланысты еңбек салаларында қажет. Бұл жерде сақтандыру оқиғасы қызметкердің қайтыс болуына немесе ішінара еңбекке қабілеттілігінен айырылуына әкеп соққан өндірістегі оқиға болып табылады;

- тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігі. Бұл теміржол, теңіз, су, әуе, автомобиль көлігі және тағы басқалары болуы мүмкін. Жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан оқиға сақтандыру жағдайы деп танылады;

- жеке нотариустардың жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі жеке нотариустың нотариалдық іс-әрекеттер жасауы нәтижесінде зиян келтірілген үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады;

- аудиторлық ұйымдардың жауапкершілігі. Сақтандырудың бұл түрі аудиторлық ұйым аудит жүргізген кезде мүліктік зиян келтірілген аудиттелетін субъектілердің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады;

- міндетті экологиялық сақтандыру. Сақтандырудың бұл түрі шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыру кезіндегі апат нәтижесінде табиғи ортаның компоненттеріне келтірілген экологиялық залалды жоюды қамтамасыз ету болып табылады.

Ерікті сақтандыру шарттары да электрондық түрде жасалуы мүмкін. Сіз электрондық түрде сатып алуға болатын полистердің барлық тізімімен сақтандыру ұйымдарының сайтынан таныса аласыз. Ұйымның сенімді, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар екеніне көз жеткізіңіз. Мұны реттеушінің сайтынан тексеруге болады www.gov.kz.

Бүгінгі таңда Қазақстанда сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар 27 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді, олардың 9-ы өмірді сақтандыру ұйымы.

Толығырақ «Сақтандыру» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге