Fingramota.kz жалған инвестицияларға алданбау және өзін «инвестициялық компания» ретінде көрсететін ұйымның лицензиясын қалай тексеруге болатыны туралы айтып береді.
2020 жылдан бастап, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жоғары кірістілік кепілдігіне уәде бере отырып, клиенттердің ақшасын инвестициялық мақсаттар үшін тартатын лицензияланбаған компаниялардың қызметі мәселелері бойынша 40-тан астам шағымдар мен өтініштер келіп түсті.
Мұндай компаниялар есептік тіркеуден өтпеген, оларда қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ және көп жағдайда олар басқа елдерде немесе оффшорлық аймақтарда тіркелген. Қазақстан Республикасының аумағында жалған инвестициялық компаниялар негізінен қашықтан, өкілдіктер мен филиалдар, не сенімхат бойынша өкілдер арқылы жұмыс істейді. Әлеуетті инвесторларды тарту үшін олар, әдетте, клиенттер кейіннен өз қаражатын дербес инвестициялауы үшін тегін оқытудан өтуге және сараптамалық консультациялар алуға шақырады.
Нақты және табысты сауда-саттық иллюзиясын жасау үшін клиентке шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен операциялар жасау үшін жабық интернет-сервистерге және сауда платформаларына қашықтан кіру ұсынылады. Көп жағдайда клиентке басқа инвесторлардың табысының, олардың жоғары кірістілігі бар мәмілелерінің фейк оқиғалары көрсетіледі. Алайда клиент «тапқан» кірісін алуға әрекет жасаған кезде, бұл компаниялар ақшаны қайтарғаны үшін қосымша сыйақы талап ете отырып клиентке оның ақшасын қайтарудан жалтарады, не қандай да бір себептермен клиенттердің шоттарының негізсіз «күшін жояды», бұл да алаяқтық әрекеттер белгісіне ие болады.
Осындай псевдоинвестициялық ұйымдардың өз қызметтерін халық арасында әлеуметтік желілерде және мессенджердерде белсенді түрде жарнамалайтынын атап өткен жөн. Бұл ретте алаяқтар банктік салымдар бойынша сыйақының ағымдағы мөлшерлемелерінен көп асатын жоғары пайданы уәде ете отырып, ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жария етпейді. Әрине, мұндай кірістілікке ешқандай нарықтық құралдар арқылы қол жеткізуге болмайды, сондықтан жалған брокерлер өздерінің уәделерін орындамайтынын түсіну қажет.
Fingramota.kz қызметін тек қана түсінікті және ашық құқықтық аяда жүзеге асыратын компаниялармен шарттық қатынастар жасауды ұсынады. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының қаржы нарығында қызметпен айналысуға лицензиялары бар компаниялардың тізімі Агенттіктің ресми сайтында орналастырылған.
Аталған компаниялардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң түрде регламенттеледі. Агенттік бұл компаниялардың қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады және бұл компаниялардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын және олардың заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді.
Лицензияланбаған компаниялардың қызметіне байланысты азаматтардың тәуекелдерін болдырмау үшін Агенттік азаматтардың шағымдары келіп түскен компаниялардың тізбесін және интернет сайттарының мекенжайларын мына сілтемесі бойынша жариялады.
Сонымен бірге кез келген инвесторға өздерін «инвестициялық компаниялар» ретінде көрсететін ұйымдармен шарттық қатынастарға түскен кезде IOSCO Халықаралық Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (International Organization of Securities Commissions, IOSCO) хабарламаларымен және ескертулерімен танысқан жөн.
Сонымен қатар қаржы құралдарымен сауда-саттық жасаудың әрдайым түрлі нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен қатар жүретінін есте ұстаған маңызды. Сондықтан, инвестициялық ұйыммен шарт жасай отырып және оған өз қаражатын сеніп тапсыра отырып, инвестор дербес жауапкершілік атқарады және барлық ықтимал тәуекелдерді дербес бағалауға тиіс.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыздар!
Ақпарат беруші: ҚНРДА сайты
Фишинг, дипфейктер және QR-код: интернет-алаяқтар арасында қандай схемалар кең тараған
Жинақ күні: ақша жинауды және қаржылық мақсаттарға жетуді қалай үйренуге болады
Міндетті автосақтандыру: 2024 жылы ең жоғары төлем мөлшері қандай
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қызылорда облысы кенішіндегі көшпелі дәріс
Алматыда қаржы реттеушісінің өкілдері алаяқтардан қорғау тақырыбында педагогтерге арналған тренинг ө...