Адамдар ажырасқан кезде, әдетте, бірінші кезекте «пәтер, автокөлік немесе басқа мүлік кімге қалады» деген сұрақ туындайды. Алайда іс жүзінде кредиттер мен басқа да борыштық міндеттемелердің төңірегінде даулар одан аз болмайды. Оның үстіне, бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы ұзаққа созылатын даулардың себебі жиі жағдайда нақ осы қаржы мәселелері болады.
Некеде тұрған жылдары көптеген отбасылар ипотека, автокредит, техникаға бөліп төлеу немесе бірнеше тұтынушылық қарыздар ресімдеп үлгереді. Бұл жерде көп адамдарды жағымсыз тосынсый күтіп тұр: ажырасқаннан кейін төлқұжаттағы мөртабанмен бірге ерлі-зайыптылардың мәртебесі жоғалса да, банк алдындағы міндеттемелер қалады.
Кредит ортақ болып саналатын болса
Қазақстанда ажырасу кезіндегі кредиттер іс жүзінде ерлі-зайыптылар арасында бөлінуі мүмкін. Алайда, ол әрқашан солай болмауы мүмкін - бәрі де қарыздың қашан ресімделгеніне, ақшаның қандай мақсаттарға жұмсалғанына және кредит отбасының мүддесі үшін алынғанын дәлелдеуге бола ма, жоқ па дегенге байланысты.
Сот практикасы көрсеткендей, кредиттің «отбасылық мақсаты» көбінесе борыштық міндеттемелерді бөлу туралы дауларды қарау кезінде маңызды фактор болады.
Қазақстандық заңнаманың басты қағидасы мыналарға негізделеді: егер міндеттемелер отбасының мүддесі үшін туындаған болса, олар ортақ деп танылуы мүмкін. Бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген. Ерлі-зайыптылардың ортақ борыштары мүліктің берілген үлестеріне теңбе-тең бөлінеді.
Іс жүзінде бұл, ерлі-зайыптылардың қайсысының атына банктік қарыз шарты ресімделгеніне қарамастан, сот міндеттемені ортақ деп тани алады дегенді білдіреді. Мысалы, егер кредит ортақ тұрғын үйді жөндеуге, отбасылық автомобиль сатып алуға, емделуге, балаларды оқытуға немесе отбасының басқа да мұқтаждықтарына жұмсалған болса.
Егер кредит жұбайының (зайыбының) рұқсатынсыз ресімделсе ше?
Бұл ажырасудан кейінгі даулардың кеңінен таралған себептерінің бірі.
Айталық, ерлі-зайыптылардың бірі бірнеше онлайн-қарызды ресімдеп, ақшаны жеке мақсаттарына жұмсаған. Болмаса, кредит отбасылық бюджетке мүлде байланысы жоқ бизнесті дамыту үшін пайдаланылды делік. Бұл жағдайда жұбайы (зайыбы) қарыздың жеке бастың қарызы екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін.
Заңгерлердің айтуынша, мұндай дауларды қарау кезінде қарызға алынған қаражат отбасының мүддесіне немесе жеке мақсатқа ғана пайдаланылғанын дәлелдеу шешуші болады.
Бұл ретте міндеттеменің жеке міндеттеме екенін көрсететін мән-жайларды дәлелдеу ауыртпалығы, әдетте, борыштың жалпы сипатына дау айтатын тарапқа жүктеледі.
Мыналардың болуы маңызды:
• шоттар бойынша үзінді көшірмелер;
• чектер мен аударымдар;
• хат алмасу;
• мүлікті сатып алу туралы мәліметтер;
• куәгерлердің куәлік етуі.
Мысалы, егер кредит бүкіл отбасы пайдаланған автомобильді сатып алуға жұмсалса, оның жеке міндеттеме екенін тану қиын болады. Егер ақшаны тек жұбайы (зайыбы) өз қажеттіліктеріне жұмсаған болса, қарыздың жеке сипатын дәлелдеу мүмкіндігі жоғары болады.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап заңнамаға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тұтынушылық банктік қарыздың немесе микрокредиттің жекелеген түрлерін ресімдеу кезінде жұбайының (зайыбының) келісімін алу қажеттігін көздейтін өзгерістер күшіне енді.
Бұл ретте жұбайының (зайыбының) келісімінің болуы не болмауы ерлі-зайыптылар арасындағы міндеттемелерді бөлуге байланысты дауларды қарау кезінде сот ескеруі мүмкін мән-жайлардың бірі болып табылады.
Міндеттемені ортақ не жеке деп тану мәселесін сот істің барлық мән-жайы мен ұсынылған дәлелдемелерді ескере отырып шешеді.
Есте сақтау маңызды: ажырасқаннан кейін де кредит шарты ресми түрде өзгертілмеген болса, қарызды ресімдеген адам банк алдындағы кредит міндеттемесін орындай береді. Некені бұзу фактісі тараптарды қарыздарды бөлу бойынша ықтимал даулардан босатпайды және кредитор алдындағы міндеттемелердің күшін жоймайды.
Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлер
Қоса қарыз алушылар, кепілгерлер мен кепіл берушілер де ерекше назар аударатын жағдайлар бар. Көбіне ерлі-зайыптылар салдарын толық түсінбей, мұндай рөлдерге формальды түрде келіседі.
Мынаны ескеру керек:
• қоса қарыз алушы банктік қарыз шартының тарабы болып табылады және банк алдында дербес жауап береді;
• кепілгерлік пен кепілдік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларымен реттеледі.
Егер жұбайы (зайыбы) ипотека немесе ірі кредит бойынша қоса қарыз алушы болса, банк екі қатысушыны да толыққанды борышкер ретінде қарастырады. Төлем мерзімі өткен жағдайда қаржы ұйымы олардың кез келгенінен берешекті толық көлемде өтеуді талап етуге құқылы7
Ажырасқаннан кейін де қоса қарыз алушының мәртебесі автоматты түрде тоқтамайды. Бұрынғы жұбайын міндеттемелерден босату үшін әдетте банктің келісімі, негізгі қарыз алушының төлем қабілеттілігін растау және шартты қайта ресімдеу қажет.
Ұқсас тәуекелдер кепіл болушы немесе кепілгерлерде де кездеседі. Егер негізгі қарыз алушы өз міндеттемелерін орындауды тоқтатса, банк шарт талаптары шегінде кепілгерге талаптар қоюы мүмкін. Сондықтан «жұбайына көмектесу» қойылған қолы кредиттің бүкіл мерзіміне қаржылық тәуекелдерді қабылдауды білдіреді.
Ипотека: ең қиын сценарий
Ең күрделі даулар, әдетте, ипотека болған кезде туындайды. Егер тұрғын үй некеде сатып алынған болса, егер неке шартында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, пәтер, әдетте, бірлесіп алынған мүлік болып саналады, ал ипотекалық қарыз — ерлі-зайыптылардың жалпы міндеттемесі.
Алайда, мұндай жағдайларда тағы бір тарап пайда болады, ол банк. Кредиттік шарт талаптарын өзгерту үшін оның келісімі жиі талап етіледі.
Мәселені шешудің мынадай бірнеше нұсқасы болуы мүмкін:
• пәтерді сатып, борышты жабу;
• ерлі-зайыптылардың бірі ипотеканы толығымен өзіне алады;
• бұрынғы ерлі-зайыптылар кредитті бірлесіп төлеуді жалғастыруда;
• тұрғын үй ерлі-зайыптылар арасында бөлінеді және міндеттемелер ортақ болып қалады.
Бұл ретте банк ажырасқаннан кейін кредитті автоматты түрде қайта ресімдеуге міндетті емес. Егер қарыз алушы міндеттемелерді орындауды тоқтатса, қаржы ұйымы шартта көрсетілген тұлғадан берешекті өтеуді талап етуге құқылы.
Егер ипотека неке тіркелгенге дейін ресімделген болса, қарыз көбінесе қарыз алушының жеке міндеттемесі болып қала береді. Дегенмен, мұнда да маңызды нюанс бар. Егер неке кезінде кредит жалпы отбасылық бюджет есебінен өтелсе, екінші жұбайы төленген қаражаттың бір бөлігін өтеуге құқылы. Жалпы отбасылық қаражат есебінен неке кезеңінде қарызды өтеуді сот дауларды шешу кезінде, оның ішінде мүлікті бөлу туралы ескеруі мүмкін екенін қосымша атап өтеміз.
Мысалы, пәтер некеге дейін сатып алынған, бірақ содан кейін ерлі-зайыптылар бірнеше жыл бірге ипотека төлеген болса, онда тұрғын үй бастапқы иесінде қалуы мүмкін, бірақ екінші жұбайы неке кезінде төленген төлемдердің бір бөлігін өтеуді талап етуге құқылы
Ажырасқан кезде нені істен шығармау маңызды?
Көптеген адамдар ажырасу бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы барлық қаржылық байланысты автоматты түрде тоқтатады деп ойлап, қателеседі.
Іс жүзінде олай емес. Кредит шарты өзгертіліп не қарыз тиісті түрде қайта ресімделгенге дейін банк үшін міндеттемелер күшін жоймайды.
Егер қарыз бір адамға ресімделсе, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы ішкі уағдаластықтарға қарамастан кредитор ең алдымен сол адамға талаптар қояды.
Банктік қарыз шартының талаптары өзгермеген не қарызды басқаға аудару тиісінше ресімделмеген жағдайда банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес банк алдындағы міндеттемелердің қолданыла беретін ұмытпаған жөн.
Сондықтан қарызға байланысты міндеттемелерді бөлуге байланысты кез келген келісімдерді ресми түрде:
• мүлікті бөлу туралы келісім арқылы;
• сот арқылы;
• банкке хабарлай отырып;
• мүмкін болса, шартты қайта ресімдей отырып ресімдеген дұрыс.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз
Қарт азаматтар тәуекел аймағында: желілік бизнес түрінде жасырынған алаяқтықты қалай танып-білуге бо...
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Ажырасу жағдайы: кредиттік міндеттемелер қалай бөлінеді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық
Кері байланыс: қазан айында жиі қойылған сұрақтарға жауаптар