Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) Заңға[1] сәйкес тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер (инспекторлық тексерулер), тексерілетін субъектілердің қызметіне жоспардан тыс және құжаттамалық тексерулер жүргізеді.
Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру (инспекторлық тексерулер) уәкілетті органның басшысы бекіткен тексеруге жататын субъектілердің жартыжылдық тізбесі негізінде жылына бір реттен жиі емес тексерілетін субъектіге барып жүзеге асырылады.
Міндетті және ерікті сақтандыру шарттарының талаптарын жасау және орындау тәртібі, пруденциялық нормативтерді есептеудің дұрыстығы, сақтандыру агенттерінің қызметі, қайта сақтандыру қызметі, тәуекел - менеджмент жүйесінің тиімділігін бағалау, инвестициялық қызмет, сақтандыру резервтерін есептеудің дұрыстығы, бухгалтерлік есеп жүйесінде операциялар мен мәмілелердің көрсетілуінің анықтығы тәуекел дәрежесін бағалау негізіндегі тексерулердің (инспекторлық тексерулердің) негізгі мәселелері болып табылады.
Жоспардан тыс тексеру жеке және заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың сұрау салулары келіп түскен, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған және олардың жойылуын бақылаған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде тексерілетін субъектіге барып жүзеге асырылады.
Құжаттамалық тексеру Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу белгілері анықталған кезде құжаттар мен ақпаратқа сұрау салу нысанында тексерілетін субъектіге бармай жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының сақтандыру секторын 28 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ұсынады, олардың 9-ы – өмірді сақтандыру бойынша, 12 сақтандыру брокерлері және 58 актуарий.
Коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер (инспекторлық тексерулер) 2020 жылы жүргізілген жоқ.
2017-2019жж. тәуекел дәрежесін бағалау (инспекторлық тексерулер) негізіндегі тексерулердің қорытындылары бойынша тексерулер жүргізу барысында анықталған негізгі бұзушылықтар мыналар болды:
бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау бөлігінде
- бухгалтерлік жазбаларды тиісті бастапқы құжаттарсыз жүргізу және (немесе) бухгалтерлік есеп жүйесінде бастапқы құжаттардың түпнұсқаларына сәйкес келмейтін мәліметтерді көрсету;
- операциялар мен оқиғаларды бухгалтерлік есепке алу жүйесінде хронологиялық және уақтылы тіркеуді қамтамасыз етпеу;
- сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру төлемдері бойынша бухгалтерлік жазбаларды қате жүзеге асыру;
- уәкілетті органға дәйексіз есептілік беру;
сақтандыру резервтерін есептеу бөлігінде
- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының актуарлық есеп айырысу негізінде бағаланатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша міндеттемелерді (сақтандыру резервтерін) дәйексіз есептеу;
сақтандыру шарттарын жасау және орындау бөлігінде
- сақтанушылардан (сақтандырылғандардан) не зардап шеккендерден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген құжаттарды талап ету;
- сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген негіздер бойынша азайту немесе ұлғайту;
- сақтандыру төлемдерін уақтылы немесе толық көлемде жүзеге асырмау;
- сақтандыруға жатпайтын көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарттарын жасау
- сақтандыру шарттарын алты айдан аз мерзімге жасау;
делдалдық қызмет бөлігінде
- жеке және заңды тұлғалардың өкілеттіктері болмаған кезде сақтандыру агенті ретінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының мүдделерін білдіруі;
КЖТҚҚ [2] бөлігінде
- қаржы мониторингін жүзеге асыратын және заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл бойынша өзге шараларды қабылдайтын мемлекеттік органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою жөніндегі хабарларды ұсынбау;
- ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою жөнінде шаралар қабылдамау;
- ішкі бақылау қағидаларын және оны жүзеге асыру бағдарламаларын әзірлеу, қабылдау және (немесе) орындау жөніндегі міндеттемелерді орындамау;
сақтандыру бойынша дерекқорды қалыптастыру және жүргізу бойынша қызмет бөлігінде
- дерекқорға оны қалыптастыру үшін ақпаратты уақтылы ұсынбау;
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін тыйым салынған немесе шектелген қызмет бөлігінде
- өтеусіз негізде қаржылық көмек көрсету.
Тәуекелдің деңгейіне, бұзушылықтардың ауқымы мен сипатына қарай уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген санкциялар мен өзге ықпал ету шараларын қолданады.
[1] «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
[2] заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл
Проблемалы несиелер: банк және микроқаржы омбудсмендеріне жүгініңіз
Цифрлық алаяқтық дегеніміз не және одан қалай сақтануға болады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Жеке қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда!
Зейнетақы аннуитеті: ол қалай жұмыс істейді