Алтын орта: оны үнемдеу мен өзін-өзі күту арасында қалай табуға болады

time 10.08.2021

Біз өзін-өзі дамытумен айналысып, өз қаржымызды түсінуге тырысқанда, біз жиі шектен шығамыз: біз өте қатты үнемдейміз не ертеңгі күн туралы ойламай-ақ жұмсаймыз. Бірақ үнемдеу - үнемсіздік

Қатаң шектеу мен ойланбастан ысырап арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын Fingramota.kz айтып береді

Кейінге қалдырылған ләззат немесе зефир сынағы

1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында Стэнфорд университетінде психолог Уолтер Мишель «Зефир сынағы» атты сынақ жүргізді. Қатысушылар балалар болды. Оларға таңдау жасау ұсынылды – осында және қазір сыйақы алу (зефир, печенье) немесе 15 минут күту, бірақ екі есе сыйақы алу. Кейін зерттеулер сериясы жүргізілді, мынадай заңдылық анықталды: кейінге қалдырылған сыйақыны күткен балалар бірнеше онжылдықтан кейін өмірде анағұрлым жақсы орындарын таба білген.

Мұндай тестіні қаржылық шешімдеріңіз үшін де қолдануға болады. Мысалы, күн сайын кофеханадан бір кесе кофе сатып алудың орнына, оны аптасына екі рет жасаңыз. 2-3 айдан кейін-ақ сіз арзан, бірақ жақсы кофе машинасын сатып алып, кез-келген уақытта жаңа қайнатылған кофе ішіп, қуана аласыз, ең бастысы – болашақта жақсы үнемдейсіз.

«Кейінге қалдырылған сый кез-келген іс үшін жақсы мотиватор бола алады», - деді психолог және публицист Мария Загорская Fingramota.kz-де. «Егер сіз жүгіруге бару сияқты бірдеңе жасағыңыз келмесе немесе ұнатпасаңыз, жалпы 10 шақырым жүгіргенде ғана сүйікті шыныаяқ кофесін ішуге болатынын өзіңіз үшін анықтап алыңыз»

Өзіңді ынталандыру

Егер сіз өзіңізді мотивацияласаңыз және ынталандырсаңыз, қаржылық мақсаттарыңызға жету оңайырақ болады. Сіз өзіңіздің қаражатыңызды бірінші кезектегі шығындарға бөліп, қаржылық мақсатқа ақша бөлген кезде, өзіңізді марапаттауды ұмытпаңыз.

Азғантай бөлігін сіз өзіңіздің қалауыңызша жұмсап, көкейіңізде жүрген нәрсені істеуге немесе сатып алуға жаратсаңыз болады. Мысалы, киноға, кафеге бару немесе демалыста бір жаққа қыдыру.

«Теңгерімді сақтау – өте маңызды нәрсе. Егер барлық қалауымызға толығымен тыйым салып, барынша үнемдеуге тырысып бағатын болсақ, сілкініп, ішкі тыйым құрсауларын бұзу қаупі бірнеше мәртеге ұлғаяды. Бір мезеттік сауда жасау негізінен осылай жасалады. Сондықтан, анда-санда өзіміздің кішкентай еркеліктерімізді көтере білу керек», - дейді психолог Анна Селезнева. «Ал егер ақшаны үнемі әрі жиі жаратып тастай берсеңіз, өзіңізді осындай сәтте игере алмай қалсаңыз, онда кәсіби маманға жолығу қажет. Бәлкім, шопинг немесе ойланбай жасалған шығындар сіздің маңызды қиындықтар туралы уақытша ұмытуға бағытталған тәсіліңіз болар». 

Ынталандырудың тағы бір нұсқасы – өзіңізге міндетті түрде қажет емес, бірақ әдеттегі заттарыңызға жұмсалған шығындарды жазып отыру. Айдың соңында сіз үнемделген соманы көріп, таң қалатын боласыз.

Цифрларды зерделейік. Әрбір жұмыс күні сіз таңертеңгісін 650 теңгеге кофе және түскі аста 500 теңгеге тәтті тағам сатып аласыз делік. Осыны 22 күнге көбейтетін болсақ, ай сайын 25300 теңге шығады. Егер осы ақшаны ай сайын депозитке салып отыратын болсақ, бір жылдың ішінде шамамен 320 мың теңге жинайды екенбіз.


Парето заңы немесе 20/80 қағидасы

Парето қағидасының мәні аздаған шығындармен көптеген нәтижелерге жету. Ол мына заңдылықты дәлелдейді: 20% еңбек 80% нәтиже береді және керісінше.

Бұл қағиданы өз шығындарыңызға қатысты қолдануға да болады. Мысалы, бүтіндей бір торт сатып алғанша, оның бір бөлшегін ғана немесе тәтті нан сатып алуға болады, ол сізге дәл сондай ләззат сыйлайды, бірақ ақшаңыздың 20% үнемделеді.

Міндетті түрде қажет емес сауда туралы да осыны айтуға болады. 80% жағдайда оларды жасамауға немесе анағұрлым арзан баламаларына ауыстыруға болады. Сонымен қатар, келесі жаттығуды жасауға болады. Міндетті шығындарға ақша қалдырып қойып, жақын уақытта сатып алуды жоспарлаған нәрселер тізімін жазып қойыңыз. Енді осы тізімнен тек қана 20% ең маңызды заттарды немесе азық-түлікті таңдап алыңыз. 80% пайда мен ләззатты сыйлайтын дәл солар болып табылады. Қалғанын қалай ауыстыруға немесе мүлдем сатып алмауға болатыны туралы ойланыңыз. Осылайша сіз өз шығындарыңыздың арасындағы теңгерімді сақтап қана қоймай, шынайы қажет нәрсені ғана сатып аласыз.

 «Жалпы, мұндай принцип өмірдің көптеген салаларында қолданылады. Мысалы, жұмыста, жаттығуда және тіпті қарым-қатынаста. Бұл шынымен маңызды нәрсені анықтауға және оған назар аударуға мүмкіндік береді», - дейді әйелдер коучы Наталья Симонова.

Балама іздеу

Сіз қуаныш әкелетін нәрсені сатып алған кезіңіз болады, бірақ содан кейін сіз ысырапшылдық үшін өзіңізді кінәлай бастайсыз. Бірақ өзіңізді қуанту жалпы өзіңіздің ішкі жағдайыңыз бен психологиялық жайлылық үшін өте маңызды.

Сіз өзіңізді тек сатып алумен ғана емес, іс-әрекеттермен де қуанта аласыз. Сушиді жақсы көрсеңіз – оларды дайындау бойынша мастер-классқа жазылыңыз. Сонда сіз кез-келген уақытта өзіңізді және жақындарыңызды онымен қуанта аласыз.

Үй тағамдары пайдалырақ, дәмдірек және сүйіспеншілікпен жасалады. Олар қаржылық жағынан арзан екенін айтпағанда. Қызметтер туралы да осыны айтуға болады. Бір нәрсе үшін үнемі ақы төлеудің орнына, оны өзіңіз жасауды үйреніңіз. Мұндай хобби үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар болашақта қосымша табыс табу үшін қолдануға болатын дағдыға үйретеді.

Бірақ бұл жерде тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін ұмытпаңыз! Егер сіздің сүйікті тортыңызды жасау көп уақытты алса, жарты күнге жуық уақытты тиімді жұмсауға болатын болса, оны сатып алудың мағынасы бар шығар.


Уақыттың құнын өлшеу әдісі туралы Fingramota.kz келесі жолы айтып береді. Біздің сайттағы және әлеуметтік желілердегі материалдарды бақылаңыз!

white-arrow Тізімге