Антифрод орталық: қаржылық алаяқтыққа қарсы күрестің алғашқы нәтижелері

time 3.02.2026

Қазақстан Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы - бұл төлемдер мен ақша аударымдар кезінде қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және бүкіл қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыру үшін құрылған мамандандырылған платформа. Банктер, төлем ұйымдары және мемлекеттік органдар арасында ақпарат алмасуларының нәтижесінде орталық күдікті әрекеттерге жедел ден қоюға және қаражат қаскүнемдерге түскенге дейін мұндай операцияларды бұғаттауға мүмкіндік береді.

Fingramota.kz Антифрод орталығы жұмысының алғашқы нәтижелері жөнінде және қаржы алаяқтығының құрбаны болмаудың негізгі қағидаларын еске салады.

Антифрод орталығы қашан және не үшін құрылды? 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығы 2024 жылғы шілдеде оқыс-оқиғаны тіркеу сәтінен бастап күдікті операцияларды бұғаттауға және қаражатты қайтаруға дейінгі алаяқтық операцияларды анықтау және болдырмау мақсатында құрылды. Сондай-ақ, аталған орталық күдікті әрекеттерге жылдам ден қою үшін қаржы ұйымдары, ұялы байланыс операторлары және құқық қорғау органдары арасында тәулік бойы деректер алмасуды қамтамасыз етеді. Осындай деректер алмасудың нәтижесінде күдікті транзакциялар мен карталар/шоттардың «қара» және «сұр» тізімдерін қамтитын дерекқорлар қалыптасады, бұл алаяқтықтың типтік схемаларын жылдамырақ анықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда платформа 250-ден астам қатысушыны біріктіреді. Бұл банктер мен МҚҰ және құқық қорғау органдары. Олар алаяқтықтың алдын алу және қылмыстарды тергеу үшін бір ақпараттық кеңістікте жұмыс істейді. Банктер мен МҚҰ-дан басқа, платформаға ұялы байланыс операторларын  қоса алғанда, цифрлық нарықтың ойыншылары қосылады.

Алғашқы нәтижелер

Орталық іске қосылған сәттен бастап жүйеде 80 000-нан астам оқыс-оқиға тіркелді, олардың жартысына жуығы қаржы нарығынан, екінші бөлігі ІІМ мен құқық қорғау органдарынан келіп түсті. Антифрод- орталығының деректері бойынша, алаяқтықтың ең көп жасалатын 5 түрі бар:

1.      Жалған қоңыраулар — классикалық әлеуметтік инженерия.

2.      Жалған онлайн-дүкендер — көбіне Instagram-да және маркетплейстерде сатып алу кезінде.

3.      Жалған инвестициялау — нақты негізсіз үстеме кірісті жарнамалау.

4.      Әлеуметтік желілердегі алаяқтық — бұзылған аккаунттар, «қарыз алу» немесе сілтеме бойынша өту туралы өтініштер.

5.      Кредиттік алаяқтық — көбіне жалған қоңыраулардан немесе жалған инвестициялардан туындайды.

Осы бес санат барлық тіркелген жағдайлардың 81-ын құрайды.

Антифрод-орталық жұмысының қорытындысы бойынша:

•        1,9 млрд теңге жөнелтушілердің шоттарында сақталды;

•        400 млн теңге қайтаруды күтіп отырған алушылардың шоттарында сақталды;

•        461 млн теңге зардап шеккендерге қайтарылды.

Кім құрбан болады? Зардап шегушінің портреті.

Зардап шегушінің портреті әр түрлі және ол көптеген факторларға байланысты. Алаяқтықтың құрығына түсетіндер – әдетте әр аймақта әр түрлі жастағылар.

Маусымдық та маңызды рөл атқарады: күзде, ең алдымен, жалған онлайн-дүкендермен байланысты оқыс оқиғалардың айтарлықтай өсуі байқалады, бұл цифрлық сатып алулардың көбеюімен сәйкес келеді.

Көбісі 1 млн теңгеге дейінгі сомамен байланысты, одан әрі жиілігі бойынша 100 мың теңгеге дейінгі оқиғалар орын алады. Алайда, жүйеде
10 млн теңгеден асқан 995 жағдай тіркелді, бұл алаяқтардың «нысаналы аудиториялары» деп аталатындардың алуан түрлі екенін көрсетеді.

География да ауқымды: ең көп зардап шеккендер Алматы, Астана және Қарағандыда, бірақ оқиғалар бүкіл елде байқалды.

Алайда, тағы бір айта кететін аспект бар, ең қауіпті аудитория — 18-24 жас аралығындағы жастар. Олардың көпшілігі «аударым жөніндегі менеджерлер» деп аталатын схемаларға қатысып, әрекеттерінің заңсыз екеніне мән бермей, еріксіз дропперге айналады. Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілікті ескерсек, мұндай схемаларға қатысушылар жәбірленушілердің қаржылай шығынын өтеуге мәжбүр боп қана қоймай, нақты мерзімге бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.

Дропперліктің алдын алу үшін Антифрод-орталығы қаржы нарығы ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп және Fingramota.kz жобасы бойынша ел ішіндегі университеттер мен колледждерде 100-ден астам білім беру іс-шараларын өткізді. Студенттерге алаяқтық схемалардың негізгі белгілері туралы айтылды, нақты жағдайлар ұсынылды және бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыс жастардың алаяқтық схемаларға қатысуын азайту үшін жүйелі деңгейде жалғасады.

Өзіңізді алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз. Жылдам реакция - қаражатты  сақтау мен алаяқтардың оларды шығарып алуына жол бермеу кілті.

Өзіңізді қорғау үшін Fingramota.kz-тің қарапайым, бірақ тиімді ұсынымдарын орындау маңызды:

•        Растау кодтарын, құпия сөздерді және карта деректерін ешқашан ешкімге бермеңіз -  тіпті қоңырау шалушы сізге банк қызметкері болып көрінсе де.

•        Күдікті сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз жіберушілерден келген файлдарды ашпаңыз.

•        Операцияларға шектеулер қойыңыз және күдікті әрекеттерді бірден байқау үшін шығарып алынған ақша туралы хабарлардың келіп түсуін тіркеуді ұмытпаңыз.

•        Кредиттік тарихыңызды жиі тексеріп отырыңыз, онлайн сатып алу үшін бөлек картаны пайдаланыңыз және ешқандай жағдайда карталарыңызды, шоттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеңіз немесе оларға қол жеткізудің алдын алыңыз.

Маңызды! Егер сіз күдікті нәрсені байқасаңыз, картаны дереу бұғаттап, банкке хабарласыңыз. Алаяқтық фактісі расталған кезде eOtinish платформасы арқылы полицияға дереу өтініш беру керек.

Ең бастысы - сыни ойлауды дамытыңыз. Бұл сәйкессіздіктерді уақытында байқауға, қысымға берілмеуге және импульсивті жауап бермеуге көмектеседі. Жағдайды неғұрлым сабырлы және саналы түрде бағаласаңыз, алаяқтардың сізді алдау мүмкіндігі соғұрлым аз болады!

white-arrow Тізімге