Антифрод-орталық – азаматтарға көмегі қандай

time 12.08.2024

Алаяқтық транзакциялар туралы деректер алмасу орталығы – антифрод орталық өткен жылы әзірленген болатын. Осы уақыт ішінде оның жұмысы жетілдірілді, деректер жиналып, сараптамалық бағалау жүргізілді. 2024 жылғы 5 тамызда ҚР Ұлттық Банкі оның толық іске қосқанын хабарлады. Осы орталықтың жұмысы туралы толығырақ Fingramota.kz айтып береді.

Не үшін қажет?

Антифрод орталықтың басты міндеті – алаяқтық операцияларға қарсы тұру. Бұл алаяқтық транзакцияларды анықтау және бұғаттау, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел ден қою және алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізу.

Бірақ ең бастысы – қатысушылар, яғни реттеушілер, мемлекеттік органдар және қаржы нарығына қатысушылар арасында ақпарат алмасу нақты уақыт режимінде болады, бұл кез келген күдікті қаржылық транзакцияларға ден қоюдың жеделдігін айтарлықтай арттырады.

Пайдасы қандай?

Антифрод-орталық нәтижелерін көрсете бастады. Платформа іске қосылған сәттен бері қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық инцидент анықтап, шамамен 30 миллион теңге сомаға қаражат бұғатталды.

Антифрод-орталықты одан әрі дамыту кезінде ашық интерфейстер (API) пайдаланылады, бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл платформаның функционалы мен қамтуын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, күдікті транзакцияларды анықтау тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарлануда.

Осылайша, антифрод-орталық ең алдымен күдікті ақша аударымдарын, жалған онлайн кредиттер алуды және басқа да күмәнді операцияларды бұғаттайды. Бұл шаралар азаматтардың ақшасын үнемдеуге айтарлықтай көмектеседі.

Нені білу керек?

Антифрод-орталықтың қызметкерлері мен өкілдері ешқашан жеке тұлғаларға ақпарат жинау немесе қандай да бір операциялар жасау үшін қоңырау шалмайды. Антифрод-орталық жеке тұлғалармен өзара іс-қимыл жасамайды, қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен ғана жұмыс істейді.

Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтардың негізгі қауіпсіздік ережелері:

- Егер сізге Антифрод-орталығының қызметкері деп таныстырған адам қоңырау шалса, дереу сөйлесуді тоқтатып, құқық қорғау органдарына қоңырау туралы хабарлауыңыз керек. Есіңізде болсын, Антифрод-орталықтың немесе қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл құпия мәліметтер алаяқтарға ғана қажет. Егер сіз күмәндансаңыз, банкіңіздің байланыс орталығының ресми нөміріне хабарласыңыз.

- Егер сізге құқық қорғау органының қызметкерімін деп біреу қоңырау шалса, сабыр сақтап, мән-жайды анықтаңыз. Әлеуетті күдіктінің қай полиция бөлімшесінде екенін, оған қандай бап жүктелгенін, іс-әрекеттің қашан жасалғанын, адвокаттың көмегі берілген-берілмегенін және онымен қалай байланысуға болатынын сұраңыз. Сонымен бірге атын атаған ұйымның: ҚР ІІМ немесе аудандық полиция бөлімшесінің жедел желісіне өзіңіз қоңырау шалуыңыз керек.

- Жеке деректеріңізді, банк картасының деректемелерін, әсіресе оның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодын (артқы жағындағы үш сан, карточканың түпнұсқалығын тексеру коды), код сөзін және ақша қаражатының қалдығын, жасалған операцияны: төлемді, аударымды және т.б. растау үшін SMS/push-кодты ешқашан және ешкімге айтпаңыз. Ешқашан және ешкімге интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің құпиясөзін бермеңіз.

Өзіңізді және ақшаңызды қаржылық алаяқтардан қорғау үшін цифрлық гигиенаны сақтап, кеңестерімізді орындаңыз!

white-arrow Тізімге