Айдана сыйлықақы алып, кредит бойынша төлемді бірден үш айға төлеп тастады. «Енді аз төлеуге де болады», — деп ойлады ол. Алайда, бір аптадан кейін ол қосымшадан ай сайынғы төлемнің өзгермегенін көріп: «Бұл қалай?»,-деген ойда қалды. Банк оның аударымын ішінара өтеу ретінде ескеріп, кестені өзгертпеген, яғни бұл жерде нақты нені — мерзімін немесе төлемді өзгерту керектігін таңдау керек болған. Бұл жиі кездесетін жағдай. Мерзімінен бұрын төлеу — бұл пайдалы құрал, бірақ оның көптеген нюанстары бар. Оларды Fingramota.kz-тің көмегімен қарастырып көрелік.
Мерзімінен бұрын төлем жасаған кезде пайыздар қалай азаяды
Мерзімінен бұрын өтеу — бұл кестеде көрсетілген мөлшерден көп төлеу немесе қарызды мерзімінен бұрын толығымен өтеу. Оның мынадай түрлері болады:
Толық — белгілі бір күні сіз қарыздың барлық қалдығын және нақты пайдалану күндері үшін пайыздарды өтейсіз.
Ішінара — сіз әдетте төлейтін соманың «үстінен» артық төлейсіз, борышыңызды азайтасыз және банктен кестені қайта есептеуді сұрайсыз.
Шарттарда, әдетте, банктің мұндай төлемдерді қалай қабылдайтыны көрсетілген: қосымшада өтініш/өтінім беру қажет пе, қанша күн бұрын ескерту керек, ең төменгі сома көрсетілген бе, пайыздарды үнемдеу үшін айдың қай күні енгізген дұрыс.
Аннуитеттік кесте бойынша алғашқы айларда негізгі қарыздың өзі емес, пайыздар төленеді. Ол борыштың басым бөлігін алады. Мерзімінен бұрын төлем жасаған кезде негізгі сома азаяды, сол сомадан әрі қарай пайыздар есептеледі. Бұл жағдайда бірден үнемдей бастап, оны мерзімнің соңына дейін жеткізу керек. Сіз үстінен артық ақша қосып төлеуді неғұрлым ерте бастасаңыз, банкке пайызды соғұрлым аз төлейсіз. Кейінірек мерзімінен бұрын өтеу де пайдалы, бірақ пайдасы аз болады.
Бүгінгі күні банктер қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін, егер ол алғашқы алты айда (бір жылға дейінгі мерзімге қарыздар бойынша) не бірінші жыл ішінде (бір жылдан астам мерзімге қарыздар бойынша) жүзеге асырылса, айыппұл санкцияларын алуға құқылы. Бұл шектеу барлық қарыз алушыларға қатысты қолданылады.
Алайда, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап заң өзгереді: мұндай айыппұлдар тек заңды тұлғаларға (компанияларға) қатысты қолданылады. Қарапайым адамдар, жеке тұлғалар үшін мерзімінен бұрын өтеу үшін ешқандай айыппұлдар болмайды, берешекті кез келген уақытта қосымша айыппұл санкциясыз өтеуге болады.
Ішінара өтеу кезінде таңдауға болатын екі нұсқа
Әдетте банк екі сценарийдің бірін ұсынады. Өзіңіз таңдаған нұсқаны жазып көрсету маңызды — әйтпесе олар әдеттегі қалып бойынша кестені сол күйінде қалдыруы мүмкін.
Төлемді өзгеріссіз қалдыру арқылы мерзімді қысқарту. Бұл – пайыздар бойынша барынша үнемдеу: Сіз кредит мерзімінің соңына тезірек жетесіз және көп артық төлем жасамайсыз. Өзіне ағымдағы ай сайынғы төлем ыңғайлы деп санайтын адамдар үшін қолайлы.
Мерзімін өзгеріссіз қалдырып, ай сайынғы төлемді азайту. Үнем аз болады, бірақ ай сайын бюджетте бос ақша пайда болады. Ай сайынғы жүктеме маңызды болған жағдайда (мысалы, басқа міндеттемелер жоспарланған болса) ыңғайлы.
Нені таңдау керек? Егер мақсат артық төлемді мейлінше аз төлеу болса, мерзімді қысқартқан жақсы. Егер бюджеттің орнықтылығы маңызды болса – төлемді азайтуды таңдаған дұрыс.
Шарт және рәсім бойынша маңызды жайттар
Өтініш/өтінім. Нұсқаны таңдаудың қай жерде тіркелетінін нақтылаңыз (мерзімді немесе төлемді қысқарту) — қосымшада, бөлімде немесе байланыс орталығы арқылы. Скринді/көшірмені сақтаңыз.
Күндер және «есеп айырысу күндері». Пайыздарды есептеу күніне дейін енгізген дұрыс (әдетте жоспарлы есептен шығарудан 1-3 күн бұрын). Осылайша барынша көп үнемдейсіз.
Мерзімінен бұрын өтеудің ең төменгі сомасы. Кейбір кредит берушілердің «шегі» бар, мысалы, кем дегенде 5-10 мың теңге немесе тіпті бірнеше айлық төлем. Алдын ала біліп алыңыз.
Есептен шығарудың кезектілігі. Ереже бойынша алдымен айыппұлдар/өсімпұлдар мен комиссиялар, сосын пайыздар, содан кейін ғана алынған қарыз төленеді. Егер кешіктірулер болса, мерзімінен бұрын жарнаның бір бөлігі соларға «кетеді».
Комиссиялар мен шектеулер. Тұтынушылық кредиттерде, әдетте, мерзімінен бұрын өтегені үшін төлемдер жоқ, бірақ шартты тексеріңіз – ипотека немесе автокредиттің ерекшеліктері болуы мүмкін. Егер талаптар реттеушінің қолданыстағы талаптарына қайшы келсе, банктің ұстанымын нақтылаңыз және қажет болған жағдайда кредиторға, ал егер ол сіздің сұранысыңызды қанағаттандырмаса, банк омбудсманы мен реттеушіге жүгініңіз.
Сақтандыру және «пакеттер». Толық мерзімінен бұрын өтеген кезде, сақтандыру сыйлықақысының немесе пайдаланылмаған кезең үшін абоненттік төлемнің бір бөлігі қайтарылатынын нақтылаңыз.
Ипотека және ауыртпалық. Берешек толық өтелгеннен кейін берешектің жоқ екендігі туралы анықтама алыңыз, ал ипотека болса, тізілімдегі ауыртпалықты міндетті түрде алып тастаңыз (ХҚКО/электрондық сервистер арқылы). Онсыз тұрғын үй заңды түрде «кепіл» болып табылады.
Кредит тарихы. Толық өтеу — кредит тарихыңыздың артықшылығы. Кредиттік бюролар немесе egov қосымшасы арқылы кредиттік тарих бюроларындағы деректердің жаңартылғанын тексеріңіз.
Артық төлемді қайтару. Кейде банк «артығымен» есептен шығарып қояды. Қалдықты шотқа қайтаруды сұраңыз және қарызыңыздың жоқ екендігі туралы анықтама алыңыз.
Мерзімінен бұрын өтеудің артықшылықтары
Пайыз бойынша төлемнің аз болуы. Бұл тікелей қаржылық тұрғыдан алғандағы пайда.
Борыштан тезірек құтылу. Стресс пен тәуекелді азайту.
Бюджеттің икемділігі. «Төлемді төмендету» нұсқасы кезінде шығыстарды қабылдау оңайырақ.
Кредиттік бедел. Уақтылы және мерзімінен бұрын жасалатын төлемдер нарық үшін тиімді болып табылады.
Ықтимал кемшіліктер мен тәуекелдер
Балама құны. Мерзімінен бұрын өтеуге жіберілген ақша енді қауіпсіздік жастығы немесе инвестиция үшін жұмыс істемейді.
Бонустардан/акциялардан айырылу. Кейбір сенімді бағдарламалар (кэшбэк, «бонустармен бөліп төлеу») мерзіміне байланысты — олар мерзімінен бұрын өтелген кезде қолданылмайды. Арнайы ұсыныстардың шарттарымен алдын ала танысыңыз.
Рәсімдік ерекшеліктер. Өтінішсіз сіз қалаған нәтижеге қол жеткізе алмайсыз (мысалы, төлем азаймайды және мерзім қысқармайды).
Резервтегі кемшілік. Біз бәрін өтеуге жібердік, нәтижесі бір айдан кейін мерзімді шығын. Тағы да кредит? Бұл пайданы нөлге айналдырады.
Іс жүзінде қалай әрекет ету керек: қысқа чек-парағы
Қаржылық «жастықшаны» есептеңіз (кем дегенде 3 айлық шығыстар). Егер ол жоқ болса, алдымен жастықшаны, содан кейін мерзімінен бұрын өтеуді санаңыз.
Банктен ең төменгі соманы, күндерді және өтініш нысанын (мерзім/төлем) нақтылаңыз.
Есептелген пайыздық күнге дейін соманы енгізіп, таңдалған кесте нұқсасын тіркеңіз.
Жаңа кестені алыңыз және мерзімнің/төлемнің және борыш қалдығының төмендеуін тексеріңіз.
Қарызды толық өтеген кезде берешектің жоқ екені туралы және шоттың/шарттың жабылғаны туралы екі анықтама алыңыз; ауыртпалықты алып тастаңыз (ипотека үшін).
2-4 аптадан кейін кредиттік тарихыңызды және «мойныңыздағы» міндеттердің (комиссиялар, сервистік топтамалар, ақшаны автоматты түрде есептен шығару) жоқ екенін тексеріңіз.
Жиі қойылатын сұрақтар (және қысқаша жауаптар)
Ай сайын «аз-аздан» енгізуге бола ма? Иә, әдетте болады. әсіресе мерзімнің алғашқы жартысында тіпті кішігірім сомадан да әсер болады.
Айына қанша рет мерзімінен бұрын өтеуге болады? Талаптарға байланысты: кейбір жағдайда шектеусіз, кейде – айына/тоқсанына бір рет.
Төлем мерзімі өтіп кетсе, мерзімінен бұрын өтеудің маңызы бар ма? Бар, бірақ алдымен өсімпұлдарды/айыппұлдарды «жояды». Мерзімі өткен төлемді өтеңіз, содан кейін негізгі борышты мерзімінен бұрын өтеп тастаңыз.
Төлем неліктен азайған жоқ? Сіз өтініш бермеген/қайта есептеу нұсқасын таңдамаған боларсыз. Өтініш беріп, жаңа кесте сұратыңыз.
Және тағы бір айта кетерлігі: кредит алудан бұрын не істеу керек?
Өзіңізге «не үшін» және «қанша қажет» деген сұраққа жауап беріңіз — кредиттің мақсаты мен сомасы «бір жағдай туындап қалса» деген емес, нақты болуы керек.
ЖТСМ бойынша кемінде 3-5 ұсынысты салыстырыңыз (жылдық тиімді мөлшерлеме): ол кредит бойынша барлық шығысты ескереді және нақты құнын көрсетеді.
Бюджетті стресс-тестілеуден өткізіңіз: барлық борыштар бойынша төлемдер тұрақты табыстың 30–40%-нан артық болмауға тиіс.
Шартта айыппұлсыз мерзімінен бұрын өтеу құқығы және түсінікті тәртіп туралы жазылғанына көз жеткізіңіз (өтініш, мерзімдер, ең төменгі сомалар).
График түрін (аннуитетті/сараланған) және мерзімінен бұрын өтеу кезінде төлем қалай қайта есептелетінін тексеріңіз.
Кредиттің толық құнын: пайыздарды, комиссияларды, сақтандыруларды, сервистік пакеттерді, бағалау/нотариус (кепілдер үшін) есептеңіз.
Қауіпсіздік жастықшасын дайындаңыз (кем дегенде шығындардың 3 айы) — әйтпесе кез келген іркіліс үнемдеуді жоққа шығарады.
Шартты басынан аяғына дейін оқып шығыңыз, маңызды талаптардың скриншоттарын/көшірмелерін жасап алыңыз; сұрақтар қойыңыз — бұл сіздің ақшаңыз.
Мерзімінен бұрын өтеу жоспарын алдын ала ойластырыңыз: пайдада қалу үшін борышты қашан және қандай сомалармен төмендетесіз.
Кредит – үлкен жауапкершілік екенін есте сақтаңыз! Дұрыс жоспарлау және талаптарды зерделеу тәуекелдерді төмендетуге, ал мерзімінен бұрын өтеу артық төлемді төмендетуге мүмкіндік береді. Кредиттік өнімдердің барлық ерекшеліктерін білу үшін Fingramota.kz оқыңыз.
Фейктер және хайп-схемалар: неліктен интернеттен көргеннің бәріне сенуге болмайды?
Қарызды мерзімінен бұрын өтеу: нелерді білу маңызды
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Ұзақ мерзімді vs қысқа мерзімді инвестициялар: қайсысын таңдау қажет?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Жеке блог және әлеуметтік желілер: рұқсатсыз кіруден және деректеріңіздің қолды болуынан қалай қорға...