Қазақстанда азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейі өсуде

time 23.12.2025

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейіне әлеуметтанушылық зерттеу жүргізді. Пікіртерімге Қазақстанның барлық өңірінен 18-63 жас аралығындағы 5 мың адам қатысты.

Fingramota.kz әлеуметтанушылық зерттеудің негізгі көрсеткіштерімен таныстырады

2025 жылы қаржылық сауаттылық индексі 41,5%-ды құрады, бұл 
2024 жылғы көрсеткіштен (41,2%) сәл асты және соңғы бес жылда байқалған тұрақты өсу үрдісін растайды (2024 ж. – 41,2%, 2023ж. – 40,5%, 2022 ж. – 40,3%, 2021 ж. – 39,52%, 2020 ж. – 39,07%).

Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы біртіндеп өсіп келеді және білімі күнделікті әдеттерінен көрініс табуда. Дегенмен, дағдының дамуы біркелкі емес. Ең әлсіз көрсеткіш – жеке қаржыны басқару саласында (32,5%). Бұл дегеніміз, көптеген адам бюджетті жоспарлауды, үнемі үнемдеуді және шығындарын ұтымды бөлуді білмейді. Сондықтан да практикалық дағдыларға: шығындарды бақылауға, резервтерді қалыптастыруға және саналы тұтынуға баса назар аудару керек.

Екінші жағынан, ең жақсы нәтижелер (52,6%) қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл блогында тіркелген. Бұл халықтың мұқият, тәуекелдерді ажыратып, цифрлық ортаның қауіптерін түсіне бастағанын білдіреді. Мұндай өсу мемлекеттік органдардың, банктердің және құқық қорғау құрылымдарының белсенді жұмыс жүргізуімен, сондай-ақ медиа және әлеуметтік желілерде киберқауіпсіздік тақырыбын кеңінен жария етуімен байланысты.

Кредит беру қаржылық сауаттылықтың ең күшті сегменті болып қала береді. Респонденттердің жартысынан көбі кредиттердің қалай жұмыс істейтінін түсінеді: артық төлем, төлемдер мен кірістердің арақатынасы туралы біледі. Бұл қаржылық сананың өскенін білдіреді. Бірақ тәуекелдер әлі де бар: 2-ден астам кредиттің болуы және кешіктірудің салдарын жете түсінбеу.

2025 жылы қаржылық сауаттылық деңгейін зерттеу қазақстандықтардың біртіндеп білімнің неғұрлым сапалы кезеңіне - хабардар болудан саналы әрекетке ауысқанын көрсетті. Бұл ретте басты қауіп білімнің жетіспеуі емес, оларды іс жүзінде шектеулі қолдану болып қала береді.

Отбасылық бюджетті жүргізу  

Респонденттердің пікіртерімі респонденттердің тек 15,7%-ы барлық кірістер мен шығыстардың есебін үнемі жүргізетінін, тағы 14%-ы кірістер мен шығыстардың негізгі көздерін анықтаумен шектелетінін көрсетті.

Осылайша, халықтың шамамен 30%-ын қаржылық тұрғыдан тәртіпті деп жіктеуге болады. Сонымен қатар, азаматтардың 52,3%-ы шығыстарды эпизодтық түрде немесе қажет болған жағдайда ғана бақылайды, ал 17%-ы бюджетті мүлдем жүргізбейді. Тұрақты жоспарлаудың ең елеулі қиындықтары 22-29 жас тобында байқалады, мұнда тек 19,3%-ы бюджетті тұрақты негізде жүргізеді, бұл көбіне өмір сүру шығындарының жоғары болуымен байланысты.

Қаржылық жоспарлау құралдарын пайдалану да шектеулі болып қалып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (48,8%) ешбір есепке алу құралын қолданбайды. Қаржысын қадағалайтындардың ішінде мобильді қосымшалар (15,9%) және электрондық кестелер (14,7%) жиі қолданылады. Жастар цифрлық шешімдерді көбірек қолданады (18,4%), дегенмен әрбір екінші жас респондент (49,2%) қаржылық есепті мүлдем жүргізбейтінін мойындады, бұл технологияға қол жеткізу ғана емес, тұрақты дағдыларды қалыптастырудың маңызды екенін көрсетеді.

Қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз төлемді таңдау 

2025 жылы елімізде қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арасында нақты теңгерім қалыптасты. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді таңдағандар үлесі 26,1%-дан 39%-ға дейін өсті, ал қолма-қол ақшаны таңдағандар үлесі де 25,6%-дан 37,6%-ға дейін өсті. Нақты таңдауы жоқ адамдар саны 0,4%-ға дейін қысқарды. Жастар қолма-қол ақшасыз төлем әдістерін жиі пайдаланады (40,2%), алайда барлық жас топтарында қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды таңдайтындардың арақатынасы жақын екені байқалады – 37-39% шегінде.

Халықтың жинақтау дағдысы  

Халықтың ақша жинау дағдысында қалыпты оң серпін байқалады. Пікіртерім қорытындысы бойынша респонденттердің 36,4%-ы барлық шығыстардан кейін оларда жинақтау үшін қаражат қалатынын, тағы 31%-ы ішінара қалатынын, ал 30,5%-да қаражатты кейінге қалдыру мүмкін емес екенін хабарлады. 2022 жылмен салыстырғанда ақша жинақтау мүмкіндігі бар азаматтардың үлесі 31,5%-дан өсті.  Жинақтаудың кеңінен таралған түрі банктік депозиттер (21,6%) болып қалуда, бұл ретте баламалы құралдарға қызығушылық артып келеді: акциялар мен облигацияларға инвестициялар (12,4%), криптовалютаға (11,6%) және жылжымайтын мүлікке (11,8%). Бұл ретте зейнетақы жинақтарын респонденттердің тек 0,5%-ы ғана таңдайды.

Жинақ жасау мәдениеті біртіндеп нығайып келеді. 2025 жылы қазақстандықтардың 38,6%-ы ақшаларын тұрақты жинайды: 19,1%-ы белгіленген бір соманы және 19,5% - әртүрлі соманы жинайды. Салыстыру үшін, 2022 жылы тұрақты жинақтаушылардың үлесі тек 12-16%-ды құрады. Сонымен қатар, респонденттердің 19,8%- ы әлі күнге дейін жинақ жасамайды, бұл табыс теңсіздігінің тұрақты сақталуын көрсетеді. Қаржылық тәртіптің жоғары деңгейі жоғары білімі бар адамдар арасында жиі тіркеледі, мұнда тұрақты жинақтау үлесі 23,2%-ға жетеді.

Жекелеген оң өзгерістерге қарамастан, қаржылық шиеленіс халықтың басым бөлігі үшін өзекті болып қалауда. Респонденттердің 34,4%-да табысы жетпейтін  жағдайлар  жиі кездеседі,  тағы 32,4%-ы кей жағдайларда тапшылық көреді. Пікіртерімге қатысқандардың тек 29,8%-ы ғана ешқашан бюджет тапшылығын сезінбегенін атап өтті.

Қаржылық қиындықтар жағдайында тапшылықты жабудың кеңінен таралған тәсілдері таныстардан қарыздар (32,8%) және «жалақыға дейінгі» қарыздарды қоса алғанда, микроқаржы ұйымдарына жүгіну болып қалуда  (жиынтығында шамамен 27%). Бұл қаржылық жоспарлау мен жауапты қарыз алу тәжірибесін одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетеді.

Келесі материалда біз кредиттеу кезінде мақсаттарды түсіну және жауапты іс-қимыл, сондай-ақ қаржылық алаяқтық кезіндегі респонденттердің іс-қимылы тұрғысынан пікіртерім нәтижелері туралы айтып береміз  

white-arrow Тізімге