Сонымен, инвестициялармен айналысып, бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеймін деп шештіңіз. Акциялардың облигациялардан несімен ерекшеленетінін, бағалы қағаздардың қандай түрлерінің бар екенін білесіз. Енді оңтайлы портфель қалыптастыру қажет. Мұны қалай істеу керектігін Fingramota.kz айтып береді.
Негізгі сөз – әртараптандыру
Әртараптандыруды, яғни түрлі салаға жататын әр түрлі бағалы қағаздар түрлерінен тұратын портфельді қалыптастыруды инвесторлар көбіне инвестициялық тәуекелдерді барынша азайту мақсатында пайдаланады. Бірақ бұл түрлі акцияларды көптеп сатып алу дегенді білдірмейді. Акциялар атауларының саны, әр компанияға салынатын инвестициялар көлемі, инвестициялау мерзімі – портфельдің расында теңгерімді әрі инвестордың тәуекел бейініне сәйкес келуі үшін осы және басқа да факторларды ескеру қажет. Егер инвестор қолда бар қаражатын бір компанияның акцияларына салса, онда ол автоматты түрде олардың бағамының нарықтағы ауытқуына тәуелді болады. Егер ол бірнеше компанияның бағалы қағазына инвестициялайтын болса, онда қандай да бір құралдың жағымсыз серпінінен болатын әлеуетті шығынды басқа бағалы қағаздардың кірістерімен теңестіретін болады. Мұндай қарапайым ереже акцияларға ғана қатысты емес, басқа да қаржы құралдарының түрлеріне қатысты.
Егер сіз бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеп, ақша тапқыңыз келсе, бұл процеске айтарлықтай көп уақыт бөлу қажет екеніне де дайын болыңыз. Бірақ бәрі сіздің алға қойған мақсаттарыңызға байланысты. Кейбір инвесторлар қысқа мерзімді стратегияны таңдаса, басқалары бағалы қағаздарды ұзақ мерзімге сатып алуға дайын.
Оңтайлы портфель қалыптастыру үшін қанша түрлі бағалы қағаз қажет? Көбі инвестордың бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсайтын ақша қаражатының жалпы мөлшеріне, тәуекел-дәрежесіне және инвестициялау мақсаттарына байланысты. Алайда портфельдегі позициялар санының көп болуы тиісті шығынды қажет ететінін де ескеру қажет: компанияларға талдау жасау, көбіне мәміле жасасып, брокермен өзара іс-қимыл жасау үшін көп уақыт шығындау қажет, бұл брокерлік комиссиялардың ұлғаюына әкеп соғады.
Әртараптандыру – жеке ұғым болғанына қарамастан, егер қаражаттың көп бөлігін, мәселен 80%-н өз ойыңызша кірісі мол әрі сенімді бір қағазға ғана салатын болсаңыз, онда оның бағасының сәл түсуінің нәтижесіндегі зиянның портфеліңіздегі басқа 20%-дан болатын өсімнен де асып кететін жағдайдың туындауы мүмкін болатынын түсінуіңіз қажет.
Салалар мен елдер
Бір саланың компаниялары, мәселен, мұнай компаниялары, әдетте, ұқсас факторлардың әсеріне ұшырағыш келеді. Егер де өнеркәсіптің белгілі бір саласында қандай да бір жағдайлар орын алса, тиісінше, сол саланың барлық компаниялары акцияларының басым бөлігінің бағасы өседі немесе құнын жоғалтады. Бұл ретте, мұнайды мысалға алу маңызды, себебі мұнай өндіруші компаниялардың баға белгіленімі мұнай бағасымен тікелей байланысты. Мұнай бағасы құлдыраған кезде бүкіл нарық зардап шегеді. Мұндай акциялар экономикалық факторларға тәуелдірек болып келеді.
Барынша орнықты индустрияларға денсаулық сақтау, телекоммуникациялар немесе тұтыну тауарларын, әсіресе, бірінші қажеттілік тауарларын сату жатады. Мұндай тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге сұраныс барынша тұрақты болып келеді. Алайда, мұнда да сөзсіз қорғаныс болады дегенге сенуге болмайды, себебі кез келген уақытта күтпеген оқиғалар орын алуы мүмкін.
Географиялық әртараптандыруды да ұмытпау қажет. Қазақстан қор биржасында (KASE) мәселен, Facebook, Apple, Nike, Microsoft және басқа да көптеген әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алуға болады.
Тәуекелдер мен кірістілік арасындағы ұтымды теңгерім
Жылдам әрі көп ақша табу – бұл, әрине, кез келген инвестордың арманы.
Алайда, бағалы қағаздардың қандай да бір түрін таңдау кезінде инвестордың мақсаты мен оның тәуекелге қатынасын айқындап алу маңызды. Инвестициялау мақсаттары мен тәуекелге қатынасына сәйкес инвесторлардың үш типін ажыратады:
1. Консервативті инвестор – басты міндеті салынған қаражатты қорғау, айталық, инфляциядан қорғау болып табылатын инвестор. Ол кірістілігі төмен және тәуекелі төмен бағалы қағаздарды таңдайды.
2. Қалыпты-агрессивті инвестор – капиталының өсуі үшін оны ұзақ мерзімді салымдарға салатын инвестор. Ол бір жағынан, салымдарын кірістілігі және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жүзеге асырып, екінші жағынан тәуекел деңгейі біршама жоғары құралдарға да басымдық беріп, портфельді ішінара өзгертіп отырады.
3. Агрессивті инвестор – салынған қаражатының жылдам өсуіне күш салатын, ол үшін тәуекел деңгейі жоғары және тартымды бағалы қағаздарға инвестициялауға, өз портфелінің құрылымын жылдам өзгертуге даяр және бағалардың өзгеруін өз есебіне пайдаланатын инвестор.
Портфельді қалыптастыру кезінде инвестор тәуекел-кірістіліктің ара қатынасын, салымның мерзімін, бағалы қағаздың типі сияқты факторларды ескеруге тиіс. Бұл ретте, басым жағдайларда салымдардың тәуекелі мен кірістілігі арасында тікелей тәуелділік болады: кірістілік неғұрлым жоғары болған сайын тәуекел де жоғары болады. Яғни, өз портфелін қалыптастыру кезінде инвестор бағалы қағаздарды портфельге енгізу кезінде олардың инвестициялық сапасын бағалауға тиіс.
Бағасы күрт өсіп отыратын акциялардың өте қысқа мерзім ішінде бағасы төмендеп кетуі де мүмкін екенін түсіну қажет. Мұндай жағдай құбылмалылық деп аталады және ол неғұрлым жоғары болса, бағалы қағаздың тәуекелге ұшырағыштығы да жоғары болады.
Тәуекелі азырақ құралдардың, әдетте, кірістілігі тұрақты және болжамды болады, бірақ кірістілік деңгейі онша жоғары болмайды. Сарапшылар портфельді салалар бойынша ғана емес, құралдың тиісті түрі бойынша да бөлуге кеңес береді. Мысалы, құрал түрі мен тәуекелдері бойынша бағалы қағаздарды қарапайым инвестор үшін ең көп таралған үш топқа бөлуге болады: мемлекеттік бағалы қағаздар, корпоративтік облигациялар және акциялар.
Атап айтқанда, бағалы қағаздардың екінші және үшінші санаттарына баға белгілеуді бақылай отырып, нарықтық өзгерістерге уақтылы ден қою арқылы көбірек уақыт пен көңіл бөлу қажет.
Әдетте акциялар дивидендтер төлеу арқылы да, бағамдық құнның өсуі арқылы да инвестицияланған қаражаттан кірістің өсуін қамтамасыз ету ерекшелігіне байланысты тартымды болады. Инвестор әрдайым акциялар бағамының оң өзгерісі, дивидендтердің өсуі және т.б. арқылы кіріс алуды көздейді, сонымен бірге ала алмаған пайда тәуекелін қабылдауға дайын болуы керек. Сондай-ақ, жоғары өскен баға белгілеулерінен кейін құлау әлдеқайда тез және күтпеген болып келуі мүмкін. Мұндай сәтті жіберіп алғаннан кейін, инвестор жоспарланған кірісті ала алмай, тіпті шығынға батуы мүмкін.
Қор нарығы тұрақты өзгерістерге ұшырағыш, сондықтан инвестор портфельді қалыптастыру және басқару кезінде уақтылы сараланған шешім қабылдауы керек және бағалы қағаздар мен портфель серпініне әсер ететін факторларды үнемі қадағалап отыруы керек.
Іс жүзінде портфельді белсенді және пассивті басқару стратегиялары әр басқа. Портфельді белсенді басқару – тұрақты мониторинг, кірістілігі жоғары бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі шараларды іске асыру және кірістілігі төмен бағалы қағаздарды тез арада сату. Инвестор нарық конъюнктурасының өзгерістеріне бейімделе білуі («жаңадан» және «бұрын қалыптастырылған портфельдердің» құнын, кірістілігін, тәуекелін және өзге де инвестициялық сипаттамаларын тұрақты салыстыру) және талдаушылардың ұсынымдарын ұқыптылықпен және нақты есеппен іске асыра білуі тиіс.
Пассив басқару – бұл ұзақ мерзімге кірістіліктің және тәуекелдің шекті деңгейлерін белгілей отырып әртараптандырылған портфельді қалыптастыру. Берілген тәсіл қор нарығы тұрақты, жоғары сапалы бағалы қағаздарға толы болғанда қолданылады. Пассив басқару кезінде нарықтағы өзгерістер ғана емес, портфель кірістілігінің ең төменгі деңгейден құлдырауы да портфельдің құрылымын өзгерту қажеттілігі жайында ескертеді. Бұл жағдайларда кірістілік портфельдің құрылымын өзгерту қажеттілігі туралы ескерту болып табылады. Осылайша, кәсіби мамандар бағалы қағазды сатып алу немесе сату қажет болған кезде жоспар құруға және шектеулер қоюға кеңес береді. Мысалы, егер акциялардың бірінің кірістілігі жоғары өссе, сіз оны белгілі бір деңгейге, мысалы 20% немесе 30%-ға, жеткенде сата аласыз.
Портфельді таңдау стратегиясын және оны басқару тәсілін таңдау кезінде инвестордың бағалы қағаздарды бағалауды және нарықтың жағдайын болжауды өткізу кезінде жақсы көрсететін жеке қабілеттері маңызды рөл атқарады. Ол өз қабілеттеріне сенімді және білікті болып, оның осы саладағы тәжірибесі жеткілікті болған жағдайда ол бағалы қағаздар портфелін белсенді түрде басқарып, өзін барынша төмен тәуекелмен агрессиялы түрде ұстай алады. Олай болмаған жағдайда тәуекелі анағұрлым төмен пассив ұстанымды ұстаған дұрыс болады.
Қарапайым ережелер мен кеңестерді сақтай отырып, сіз теңдестірілген және барынша қауіпсіз портфель жинақтай аласыз. Болашақта қаражатыңыздың жоғалтып алуға дайын бөлігін ғана инвестициялауға болатынын есте сақтаңыз. Демек, ол сіздің бар ақшаңыз не бүкіл мүлкіңіз болмауы керек. Сізге жүз пайыз табысқа кепілдік беретін «мамандарға» ешқашан сенбеңіз. Бағалы қағаздарға инвестициялау процесі жауапты қарауды және осы тақырыпты жан-жақты зерттеудің белгілі бір кәсіби деңгейін білдіреді.
Зерделеңіз, ақылдасыңыз, салымдардың түрлі нұсқаларын қарастырыңыз. Мұқият болыңыз және өз қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
AQYL дегеніміз не және білім беру депозитін онлайн қалай ашуға болады
Егер сізде бірнеше кредитіңіз болса: оларды мерзімінен бұрын қалай дұрыс өтеуге болады
Онлайн-сақтандыру дегеніміз не және сақтандырушылар балаларға қандай өнімдерді ұсынады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Криптовалюта дегеніміз не және ол қайда пайдаланылады?