Бүгінгі күні банктер жеке тұлғалар үшін де, сол сияқты орта және шағын бизнес өкілдері үшін де көптеген арнайы кредиттік бағдарламалар мен өнімдерді ұсына алады. Азамат та, кәсіпкер де көптеген кредиттік ұсыныстан өзіне сәйкес келетінін табуына болады.
Банктер тұрғын үй, автомобиль алу үшін қарыз береді, басқа да сатып алуға тұтынушылық кредиттер береді. Кредиттер мақсатымен, ең жоғары қарыз сомасымен, сыйақы мөлшерлемесімен, мерзімдермен және кепілмен ерекшеленеді. Коммерциялық банктер оларды дербес те, сол сияқты әріптестерімен – автодилерлермен, құрылыс компанияларымен, жоғары оқу орындарымен, медициналық клиникалармен және басқа да ұйымдармен бірге бере алады.
Жеке тұлғаларды кредиттеуді шартты түрде мынадай негізгі топтарға бөлуге болады:
Ипотекалық кредит
Жылжымайтын мүлікті сатып алуға арналған кредит – ақша сомасының бір бөлігін жинақтап, пәтер немесе үй сатып алу мүмкіндігі. Банктер 90% құнына дейін қарызға береді, сіздің бұрынғы немесе сатып алынатын пәтеріңізді кепілге алады. Сіз ол пәтерде тұрасыз, шүмектерін жөндеп, түсқағаздарын ауыстырасыз, бірақ сіз кредит бойынша төлемесеңіз, пәтеріңізді банк алып қояды.
Ипотекалық кредитті Қазақстанның 15 банкі береді. Барлық ұсынысты мұқият зерделеңіз: 20 жыл бойы кредит бойынша ақы төлеген кезде әрбір пайыздың мәні бар.
Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме (2018 жылғы қарашада): «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 5,3%-дан бастап және Қазақстанның басқа банктерінде 9,25%-дан бастап.
Автокредит
Банктер жаңа немесе ұсталған автомобиль сатып алуға қарыз береді. Бұл нысаналы кредит. Бұл жағдай сіздің бұл ақшаға ойыңыздан айнып, жер жүзін аралап кетуге болмайтынын білдіреді. Алынған қарызды сіз тек автокөлік сатып алуға жұмсауыңыз қажет.
Автомобиль салондары және дилерлік орталықтар әдетте бірнеше банкпен ынтымақтаса жұмыс істейді. Барынша тиімді кредитті таңдау үшін барлық талаптармен танысыңыздар. Автокредит кепілі – сіз сатып алған автомобиль. Банк сізден кредитті толық өтеп болғанша жыл сайын автомобильді айдап кетуден және ықтимал зияннан сақтандыруды сұрайды. Кейбір банктер өздеріне сақтандыру жөніндегі шығыстарды алады.
Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме (2018 жылғы қарашада): 4,1%-дан бастап.
Тұтынушылық кредит
Банктер тұтынушылық мақсаттарға кредит береді: мысалы, ірі сатып алу, саяхат, білім алу немесе той. Бұл ойға алған жоспарларды іске асыруға мүмкіндік беретін шұғыл ақша. Мысалы, егер сізге шұғыл жөндеу жасап, барлық тұрмыстық техниканы жаңарту қажет болса. Мұндай кредиттер кепілді және кепілсіз болады.
Тұтынушылық кредиттерге сондай-ақ дүкендерде ұсынатын тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу жатады. Бұл жағдайда дүкен сіз үшін банкке пайыз төлейді, ал сіз бірнеше ай ішінде тауардың құнын тең бөлікпен қайтарасыз. Ең жоғары жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме – кепілі жоқ тұтынушылық кредиттердікі. Банк осылайша өзін берілген кредиттерді қайтармаудан сақтандырады.
Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме (2018 жылғы қарашада): 16,31%-дан бастап.
Кредиттік карта
Бұл сіздің банктің ақшасын белгіленген кредиттік лимит шегінде жұмсайтын төлем картаңыз. Сіз ақшаны қайтарғаннан кейін кредиттік желі қайтадан ашылады. Кредиттік карта – нысаналы емес кредит. Банкке бәрібір сіз ақшаны неге жұмсасаңыз да. Алайда есте сақтаңыз: бұл карта сізде «керек бола қалса» деген сылтаумен жатса да, сіз банкке оған қызмет көрсеткені үшін ақы төлейсіз.
Кредиттік картаны пайдаланудың барлық талаптары шартта жазылған. Пайыз төленбейтін жеңілдік берілетін кезеңді, ақшаны алу мүмкіндігін және айыппұл санкцияларын білу үшін шартты мұқият оқыңыз. Және кредиттік картаның барлық артықшылығы мен кемшілігін саралап көріңіз: бұл «керек бола қалса» деген ақша сіз ойлағаннан қымбат болуы мүмкін.
Кредиттік өнімдер туралы білген маңызды:
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Телефонды жоғалтқан кезде немесе оны ұрлағанда не істеу керек