Депозиттер бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасын арттыру туралы

time 14.01.2022

2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі - ҚДКҚ) ұлттық валютадағы жинақ депозиттері бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасын 20 миллион теңгеге дейін арттыру туралы жариялады. 

2021 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теңгемен жинақ салымдары бойынша кепілдік өтемінің ең жоғары мөлшерін 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтуды көздейтін Заңға қол қойды.

Жаңа өзгерістер теңгемен жинақ салымдарына ғана қатысты болды. Жинақ салымдары депозиттердің басқа түрлері ішіндегі кірісі ең жоғары болып табылады, ол бойынша ең жоғары кірістілік жылдық 14,9%-ға жетуі мүмкін. Мұндай салым белгілі бір мерзімге ашылады және оның ерекше талаптары бар: депозитті мерзімінен бұрын алған кезде салымшы 30 күнтізбелік күн бұрын банкке өзінің ниеті туралы хабардар етуі тиіс, бұл ретте сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді (0,1%- дан артық емес). Қазір нарықта 3, 6, 12 және 12 айдан астам мерзімдермен жинақ депозиттері қолжетімді. Салымшы өзіне ыңғайлы кез келген шарт мерзімін таңдауға құқылы.

Жаңа өзгерістерге сәйкес кепілдік өтемінің жиынтық сомасының ең жоғары мөлшері 20 млн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл кепілдік өтемінің жиынтық сомасы салымшының бір банкте ашылған депозиттерінің бірнеше түрі бойынша төленетінін және депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемінің ең жоғары мөлшерінің шектері ескеріле отырып есептелетінін білдіреді. 

Кепілдік өтемінің жиынтық сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемінің ең жоғары мөлшерінің шегін ескере отырып есептеледі:

• 20 миллион теңге – ұлттық валютадағы жинақ салымдары (депозиттері) бойынша;

• 10 миллион теңге – жинақ салымдарын қоспағанда, ұлттық валютадағы өзге де депозиттер бойынша;

• 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша.


Мысалдар

- Егер салымшының банкте жалпы сомасы 22 млн теңгеге екі жинақ салымы болса. Бұл жағдайда кепілдік өтемінің жиынтық мөлшері 20 млн теңгені құрайды.

- Егер салымшының банкте депозиттің үш түрлі түрі болса: 5 млн теңге сомадағы теңгемен жинақ салымы;

10 млн теңге сомадағы теңгемен мерзімсіз салым;

баламасы 5 млн теңге сомадағы шетел валютасымен салым.

Бұл жағдайда кепілдік жиынтық өтемінің мөлшері 20 млн теңгені құрайды.

- Егер салымшының бір банкте мынадай үш депозиті болса:

әмбебап (мерзімсіз теңгемен), ол жиі толықтырылып отырады және қаражат қажеттілігіне қарай алынып отырады. Бұл шотта орташа есеппен 500 мың теңге;

теңгемен жинақ салымы 14 млн теңге;

шетел валютасында – 13 мың АҚШ доллары.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде салымшы 19 500 000 теңге мөлшерінде кепілдік жиынтық өтемінің сомасын алады: 14 млн теңге – теңгемен жинақ салымы бойынша, 500 мың теңге – теңгемен мерзімсіз депозит бойынша, сондай-ақ шетел валютасындағы шот бойынша – 5 млн теңге (себебі бағам бойынша 13 мың АҚШ доллары 5 млн теңгеден артық).

- Егер салымшының банкте жинақ емес екі түрлі депозиті болса:

16 млн теңге сомаға теңгемен мерзімді емес салым;

6 млн теңгеге балама сомадағы шетел валютасындағы депозит.

Бұл жағдайда жиынтық кепілдік өтем мөлшері 15 млн теңгені құрайды: мерзімсіз салым бойынша теңгемен – 10 млн теңге және шетел валютасындағы депозит бойынша – 5 млн теңге. Кепілдік берілген өтемінің жиынтық сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік берілген өтемінің ең жоғары мөлшерінің шектерін ескере отырып есептеледі.

- Салымшыда теңгемен 20 млн теңгеге жинақ депозиті болды. Банк лицензиясынан айырылған күніне пайыздар жиналды. Салымшы тек 20 млн теңге ала ма немесе пайыздарды қоса ала ма? 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап банк лицензиясынан айырылған күніне есептелген депозит бойынша сыйақыға ҚДКБҚ кепілдігі қолданылады. Теңгемен тура 20 млн теңгеге жинақ салымын ашу ұсынылмайды, өйткені ол ашылған мерзімге сыйақы есептеледі және сақтандыру жағдайы басталған кезде есептелген пайыздарды қоса алғанда, салым сомасы 20 млн теңгеден асады.

ҚДКБҚ-ның 20 млн теңге мөлшеріндегі кепілдігі қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін және одан кейін ашылған теңгедегі барлық қолданыстағы жинақ салымдарына қолданылады.


Материал ҚДКҚ көмегімен дайындалды

white-arrow Тізімге