Фрилансерлер үшін киберқақпандар немесе қалайша «тақырға отырмауға» болады

time 14.02.2022

Цифрландырудың дамуымен фриланс-қызметтерге деген қажеттілік те артты. Қашықтан отырып жұмыс істеу форматы өте ыңғайлы, пайдасы да көп, себебі жолға уақыт кетпейді, түскі асқа және басқа да шығындарың болмайды. 

Дегенмен фрилансерлердің қызметін алаяқтар айналып өтпеді, себебі олардың жұмысы көбіне «сенім білдіру» қатынастарына құрылады. Өзіңізді қаскүнемдерден қорғауға бола ма – Fingramota.kz-пен бірге талқылап көрелік. 

 Алдын ала ақы – сақ болыңыз

Сонымен, сіз фрилансер болып қосымша ақша тапқыңыз келді, бір қарағанда, талаптары да ұтымды, ерекше бір дағдыларды қажет етпейтін жұмысты да таптыңыз делік. Ұсыныс, әрине, қызығарлықтай. Осы бос орынға ниет білдіріңіз.

Мұндағы гәп неде? Алаяқтардың расында ең кең тараған схема «бастаған кезде ақы төлеу» болып табылады. Мысалы, олар алдымен оқыту курсынан өтуді, таратылатын материалдарды сатып алуды, сайттарында ақылы түрде тіркелуді немесе аздаған алдын ала төлем төлеуді ұсынады. Жалған жұмыс берушілер оның орнына жұмысқа тұрғызуға және жақсы жалақы алуға кепілдік береді.

Кеңес: Сіз ақша төлеу үшін емес, сізге ақша төлеу үшін жұмыс істеп жүрсіз! Егер жұмыс беруші жұмысты бастамай тұрып алдын ала ақы төлеуді сұраса, оның адалдығына күмән тудыруға болады. Ол компания туралы пікірлерді өздерінің сайтынан ғана емес, жалпы интернеттен оқыңыз. Көңілі толмай, опық жеген көптеген үміткерлердің пікірлерін табарыңыз сөзсіз.

  Күмәнді қосымшаларды орнату

 Киберқылмыскерлер алдаудың түрлі тәсілдерін қолданады: фишинг, зиянды бағдарламалар және басқалар. Мысалы, олар өздерін рекрутерлер ретінде көрсетіп, фрилансерлерге аз төлем жасау арқылы телефонға немесе ноутбукке онлайн-жұмыс іздеуге арналған түрлі қосымшаларды орнатуды ұсынуы мүмкін. Әлде, сіз сияқты қызметкерге қызығушылық танытқан жұмыс беруші ретінде үйде жұмыс істеу үшін «арнайы» бағдарламаны орнатуды немесе дербес деректеріңізді көрсете отырып, олардың сайтында тіркелуді сұрауы мүмкін.

Мұндағы гәп неде? Егер сіз мұндай қосымшаны орнатсаңыз, сілтемені бассаңыз немесе белгісіз сайтта тіркелсеңіз, нәтижесінде алаяқтар сіздің шоттарыңызға және құпия мәліметтерге, оның ішінде банктік деректерге қол жеткізе алады.

Кеңес: Қосымшаларды тек ресми дүкендерден алып, орнатыңыз, қосылулардың қауіпсіздігін тексеріп, әрқашан антивирусты қолданыңыз. Сондай-ақ, сіз бірінші рет жұмыс істейтін тапсырыс берушілердің сілтемелеріне немесе файлдарына күмәнмен қараңыз. Фишинг сайт болып шығуы мүмкін күмәнді сайттарға төлем және өзге де жеке деректерді енгізбеңіз.

Тест тапсырмалары

Кейде тапсырыс берушілер фрилансерлердің кәсіби деңгейлерін бағалау үшін олардан тест немесе сынақ тапсырмаларын сұрайды. Мысалы, сізге эксперименттік тапсырманы орындау ұсынылуы мүмкін: мақала жазу, сайт дизайнын жасау, ақпараттық графика жасау және т. б.

Мұндағы гәп неде? Егер сізден үлгіні емес, тапсырманы толығымен орындауды талап етсе, алаяққа тап болып қалған жоқсыз ба, соны ойлау қажет. Кейбір жосықсыз тапсырыс берушілер сенгіш тәуелсіз қызметкерлердің есебінен жақсы пайда тауып отырады. Шын мәнінде, болашақ жұмыс берушіге сіздің құзыретіңізді бағалау үшін портфолиоңыз бен осыған дейін жасаған жұмыстарыңыздың сілтемесі ғана қажет.

Кеңес: «Он екі орындық» романындағы: «Ақша таңертең, орындықтар кешке» танымал оралымын есіңізде сақтаңыз. Қызметтеріңіз үшін келісілген төлем жасалмастан бұрын бүкіл тапсырысты беруге асықпаңыз немесе еңбегіңізді ешкім иеленіп алмас үшін жұмысыңызды сутамғы белгілерімен шифрлаңыз. 

 «Айлакер» ақша аударымы 

Фрилансерлерге тұзақ құратын алаяқтарды өз құрбандарының төлем карталарындағы толық деректемелер қызықтырады. Алдын ала төлем немесе аванс жасау сылтауымен қаскөйлер картаның деректемелерімен қоса, картаның арғы бетіндегі үш таңбалы код пен қолданыс мерзіміне дейінгі құпия деректерді беруіңізді сұрайды. Бұл алаяқтар қолданатын схемалардың бірі.

Мұндағы гәп неде? Егер сіз алаяқтарға картаңыздың толық деректемелерін және өзге құпия ақпаратты беретін болсаңыз, олар сіздің банктік шотыңызға, сондай-ақ онлайн-банкингіңізге қол жеткізе алады. Сонымен қатар, олар сіздің атыңыздан басқа кредит ресімдей алады.

Кеңес: Ешқашан және ешкімге картаңыздың деректемелерін, CVV/CVC-кодты, SMS-кодты және өзге жеке ақпаратты хабарламаңыз. Ақша аудару үшін тапсырыс берушіге сіздің карта немесе телефон нөміріңізді білу жеткілікті. Сондай-ақ төлем қабылдау үшін сіз тапсырыс берушімен эскроу-шот ашу туралы келісуіңізге болады.

Жалған шарт 

Сіз өзіңізге қолайлы онлайн-жұмыс таптыңыз, талаптары ойыңыздан шығады, тапсырыс беруші сізге қол қою үшін шартты да жіберіп қойды, ал сіз онымен таныспай, қол қойып бердіңіз.

Мұндағы гәп неде? Сіздің ұқыпсыздығыңыз бен шартқа салғырт қарағандығыңызда! Ол сіз тапсырысты орындап болған жағдайда да өз қызметтеріңіз үшін ақы алмайтындай етіп жасалған болуы мүмкін, мысалы, бұл сіздің тарапыңыздан жасалған қайырымдылық ретінде есептеледі. Нәтижесінде жұмыс орындалады, бірақ ақысы төленбейді.

Кеңес: Кез келген шартқа қол қоймас бұрын оның әрбір тармағын мұқият оқып шығыңыз, талаптарымен, тараптардың құқықтары мен міндеттері, міндеттемелері мен айыппұл санкцияларымен толық танысыңыз. Мүмкіндік болса, алдын ала заңгерлерден кеңес алыңыз.

 Fingramota.kz-тің ұсынымдары: 

  • Барлық мәмілені заң аясында ресімдеңіз. Ешқашан, тіпті олар сіздің таныстарыңыз болса да «сеніп» жұмыс істемеңіз;
  • Эскроу-шот ашыңыз. Бұл шоттың көмегімен жұмыс істеу міндеттемелердің орындалмау тәуекелін жеңілдетеді және төмендетеді. Эскроу-шот – негізінен әдеттегі банктік шот, бірақ оны үшінші адамның (орындаушының) атына ашады және бұл шоттан ақшаны тапсырыс берушінің алдындағы өз міндеттемелерін орындап болғаннан кейін ғана алуға болады. Мұндай шотты ашуға тапсырыс беруші, орындаушы және банк қатысады;
  • Барлық хат-хабарды тіркеп отырыңыз. Алаяқтар ұнататын мессенджерлерге сенбеңіз, одан да тапсырыс берушімен барлық іскерлік хат-хабар алмасуды электрондық пошта арқылы жүргізіңіз.

 

Ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге