Инвестициялау – бұл қаражатты әр түрлі қаржы құралдарына орналастыру арқылы капиталды көбейтудің тиімді әдісі. Инвестициялық қызметтің негіздерін игере отырып, азаматтар ұзақ мерзімді табыс көздерін қалыптастырып, жеке қаржылық әл-ауқат деңгейін арттыра алады.
Алайда, бастапқы кезеңде әдеттегі қателіктерден аулақ болу және нарыққа тән тәуекелдер туралы хабардар болу өте маңызды. Толығырақ Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Инвестициялау пайда табу немесе активтердің құнын арттыру мақсатында меншікті қаражатты пайдалану дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл ақша сіз үшін жұмыс істей бастайтын процесс.
Инвестициялық қызметті бастаудың екі негізгі тәсілі бар:
1. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы — брокерден шот ашу;
2. Арнайы компания басқаратын активтердің әртараптандырылған жиынтығы болып табылатын инвестициялық пай қорының (ИПҚ) пайларын сатып алу.
Бірінші жағдайда инвестор қаржы құралдарын сатып алу және сату туралы дербес шешім қабылдайды. Екіншіден, қаражатты басқаруды кәсіби басқарушы компания жүзеге асырады.
Сенімді брокерді қалай таңдауға болады
Брокерлік қызметтерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) лицензиясы бар және қор биржасының қатысушылары болып табылатын ұйымдар ғана ұсына алады.
Лицензияның болуы компания қызметінің реттеушінің бақылауында болуын және инвесторлар құқықтарының қолданыстағы заңнамамен қорғалуын қамтамасыз етеді. Лицензияланған брокерлердің өзекті тізімі Агенттіктің www.gov.kz ресми сайтында орналастырылған.
Маңызды! Лицензиясы жоқ адамдармен және компаниялармен өзара әрекеттесу кезінде абай болу керек. Көбінесе олар «қысқа мерзімде жоғары кірісті» уәде етеді, бұл жосықсыз әрекеттің белгісі.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау
Қазақстанда халықтың инвестициялық өнімдерге деген қызығушылығы артып келеді. Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің деректері бойынша Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі (KCSD) брокерлік шоттардың жалпы саны 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 4 064 165-ке жетті.
Бөлшек инвесторлардың құқықтарын қорғауды және қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Агенттік ашықтықты арттыруға және тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды іске асыруда.
1. Инвесторлардың тәуекел-бейінін анықтау
Брокерлер инвестициялық ұсыныстар берілгенге дейін клиенттің тәуекел-бейінін бағалауға міндетті.
Барлық инвесторлар білім деңгейіне, тәжірибесіне және қаржылық мүмкіндіктеріне қарай «білікті» және «біліктілігі жоқ» деп жіктеледі.
Бір немесе бірнеше өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар білікті деп танылуы мүмкін:
• кәсіптік білімнің немесе сертификаттардың болуы (CFA, FRM, CIIA);
• қаржы нарығында расталған жұмыс тәжірибесі;
• заңнамада белгіленген сомаға активтердің болуы.
Бөлшек инвестор өз білімін растау және құралдардың кеңейтілген тізбесіне қол жеткізу үшін брокерден сынақтан өте алады.
2. Нарықтағы айла-шарғыға қарсы іс-қимыл
Бағалы қағаздар нарығында сауда-саттықтың ашықтығы мен әділ баға белгілеуді арттыру үшін қаржы құралдарын айла-шарғы жасау белгілері кеңейтілді.
ҚНРДА нарықтық сигналдарды бұрмалауға немесе актив бағасын жасанды түрде өзгертуге бағытталған әрекеттерді анықтау үшін операцияларға тұрақты мониторинг жүргізеді.
Мысалы, егер нарық қатысушылары белгілі бір акцияның айналасында жалған шу шығарып, оның құнын жасанды түрде көтерсе, мұндай әрекеттер айла-шарғы ретінде жіктелуі және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
3. Лицензияланбаған делдалдармен күресу
Қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ компаниялардың қаржы және валюта нарықтарында қызмет көрсетуіне тыйым салу енгізілді.
Бұл азаматтарды жосықсыз ұйымдардан, оның ішінде «кепілдендірілген кірістілігі» бар инвестицияларды ұсынатын шетелдік онлайн-платформалардан қорғаудың маңызды шарасы.
Мұндай ұсыныстар көбінесе нақты активтері мен қызмет үшін заңды негіздері жоқ қаржы пирамидалары болып табылады.
Жаңадан бастаған инвесторларға берілетін негізгі ұсынымдар
Реттеушілік қорғау болған күннің өзінде инвестициялық шешімдер үшін инвестордың өзі жауапты болады. Тәуекелдерді төмендету және саналы түрде әрекет ету үшін мынадай қағидаттарды ұстану туралы ұсыным беріледі.
1. Тәуекелдерді ұғыныңыз. Инвестициялау әрдайым тәуекелмен қатар жүреді. Нарық толқулары пайдаға да, шығынға да алып келуі мүмкін. Тәуекелдерге деген меншікті дайындықты бағалау және эмоционалды түрде шешім қабылдаудан аулақ болу керек.
Мысалы: акциялар құнының уақытша төмендеуі дереу сатылымдардың қажеттілігін білдірмейді – кейбір жағдайларда баға белгілеулерді күткен дұрыс.
2. Базалық құралдардан бастаңыз. Қаржы нарығында акциялар, облигациялар, валюталық құралдар, инвестициялық қорлар және венчурлік жобалар қолжетімді. Жаңадан келгендерге тәуекелдің неғұрлым төмен деңгейімен ерекшеленетін облигациялардан немесе ИПҚ пайларынан бастау ұсынылады.
Тәжірибе алғаннан кейін әртараптандыруға – қаражатты түрлі активтер арасында бөлуге өтуге болады, бұл маңызды шығындар ықтималдығын төмендетеді.
3. Нарықты және құралдарды зерттеңіз. Инвестициялау алдында таңдалған қаржы құралын, оның ерекшеліктерін, кірістілікке әсер ететін тәуекелдер мен факторларды мұқият зерттеу қажет. Жұмыс істеу тетіктері түсінікті емес активтерге салым жасамау қажет.
Мысалы: егер инвестор технологиялық компаниялардың акцияларын таңдайтын болса, оған олардың құнына инновациялар, бәсекелестік және нарық серпіні қалай әсер ететінін түсінген маңызды.
4. Инвестицияны біртіндеп және белгілі мақсатпен жасаңыз. Сәтті инвестиция зейнетақы капиталын қалыптастыру, білімге немесе ірі сауда жасауға ақша жинау сияқты нақты мақсаттың болуын талап етеді.
Инвестициялық стратегия ұзақ мерзімді кезеңге есептелуге тиіс (3 жылдан бастап және одан артық), себебі нарықтың қысқа мерзімді толқулары активтердің нақты құнын көрсетпейді.
5. Аздаған сомалардан бастаңыз. Инвестициялаудың басында қарыздарға немесе соңғы жинаққа жүгінбей бос қаражатты қолдану ұсынылады. Инвестициялар негізгі емес, қосымша қаражат көзі ретінде қаралуға тиіс. Біртіндеп тәжірибе мен білім жинақтап алғаннан кейін тәуекелдерге сараланған тәсілді қолдана отырып, инвестициялар көлемін ұлғайтуға болады.
Инвестициялау — бұл бір реттік әрекет емес, қаржылық орнықтылықты қалыптастырудың ұзақ мерзімді процесі.
Табысты инвестор тәртіпті, нарықтағы білімін және сараланған тәуекелдерге дайындықты үйлестіреді.
Мыналарды есте ұстаған жөн:
• тек қана лицензиясы бар брокерлер арқылы инвестиция жасаңыз;
• «тәуекелсіз жоғары кірістілік» деген уәделерден аулақ болыңыз;
• ықтимал тәуекелдің мақсатын, мерзімдерін және деңгейін бағалаңыз.

Инвестициялық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Банктік қосымшалардағы қауіпсіздіктің жаңа қағидалары: не өзгерді және олар не үшін қажет
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық түрлері: нелерді білу қажет?
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық