Қазіргі өмірде әрқайсымыз өз капиталымызды жинап, оны көбейтуге тырысамыз. Шынында да, белгілі бір мөлшерде қаражат жинап өмір сүрген әлдеқайда тыныш. Мәселе – жинаған қаражатымызды сақтау ғана емес, оны көбейту үшін қандай да бір құралдарға ұтымды салуда.
Инвестициялау құралын таңдамас бұрын, қаражатты салудың болжамды нұсқаларын Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.
Ақшаңызды тиімді басқарудың негізгі ережелерінің бірі – оларды тең үлестермен түрлі құралдарда сақтау. Қандай да бір құралға ақша салмас бұрын, тәуекелдерді дұрыс бағалау керек.
Банк салымы
Жинаған қаражатыңызды сақтаудың ең сенімді тәсілдерінің бірі – екінші деңгейдегі банктердің бірінде депозит ашу. Бүгінде Қазақстан банктері бірден депозиттердің бірнеше түрін ұсынады – мерзімді, мерзімді емес, жинақ. Олар бір-бірінен сыйақы мөлшерімен, сондай-ақ жинақталған қаражаттың бір бөлігін немесе бүкіл соманы мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің болу-болмауымен ерекшеленеді. Мысалы, жинақ депозитіне ақша салу арқылы болуы мүмкін ең жоғары сыйақыны алуға болады, бірақ ақшаны сақтау мерзімі ішінде оны ішінара алуға тыйым салынады, ал мерзімінен бұрын толық алу үшін банкке
30 күн бұрын хабарлау қажет. Депозиттен ақшаны ішінара алғысы келетін адамдар үшін ең қолайлы нұсқа – мерзімді емес салымдар. Мерзімді депозиттерді таңдаған жағдайда, адамның ақшаны ішінара алуға мүмкіндігі болады, бірақ бұл жағдайда банк есептелген кірістің жартысына дейін ұстап қала алады.
Депозиттердегі салымдар «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) қорғайтынын атап өту маңызды. Депозиттердің үлкен артықшылығы – ақшасын сақтау үшін салымшыға арнайы дағды қажет емес, тек банктер беретін ақпаратты талдай білудің өзі жеткілікті.
Қымбат металдарға инвестициялау
Жинақталған қаражатты салудың тағы бір құралы – алтынға және басқа да қымбат металдарға инвестициялау. Қаражат жинаудың балама нұсқасы ретінде қымбат металға салуға, мысалы, ҚР Ұлттық Банкінің алтын құймаларын сатып алуға болады. Сіз оларды онлайн металл шот ашу арқылы сақтай аласыз (бүгінде кейбір екінші деңгейдегі банктердің клиенттерінде мұндай мүмкіндік бар).
Ақша қымбат металдарда сақталған жағдайда, олардың нарықтағы бағасының түсу де, өсу де тәуекелі бар. Сондай-ақ, егер сіз құймаларды үйде сақтасаңыз, онда оларды пәтер ұрылары ұрлап кету қаупі бар.
Бағалы қағаздарға инвестициялау
Акциялар мен облигацияларға ақша салу – жоғарыда аталған екі тәсілге қарағанда қауіпті құрал. Себебі, бағалы қағаздар кез келген уақытта күрт арзандауы мүмкін, ал мұндай сәттерде инвестордың қате стратегиясы салған қаражатын жоғалту қаупін тудыруы мүмкін. Өз жинақтарыңызды акцияларға сауатты салу үшін қор нарығының негізгі ережелерін зерделеп алған жөн болар еді, олардың ең бастысы: «Арзандаған кезде сатып алыңыз, қымбаттаған кезде сатыңыз». Кез-келген инвестицияның тәуекелмен байланысты екенін ұмытпаңыз.
Бағалы қағаздар нарығында тәуекелдерден толық қорғану мүмкін емес. Сонымен қатар, акциялармен белгілі бір тәуекелге саналы түрде бару керек, себебі тәуекел неғұрлым жоғары болған сайын, кірістілік деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Акционер компанияны басқаруға тікелей қатыспаса да, қоғамның қатысушысы, оның тең дәрежедегі иесі болып табылады. Акциялардың тәуекелдері акциялармен байланысты тәуекелдердің бірнеше түріне бөлінеді. Әдетте, кәсіпқойлар тәуекелді үш түрге бөледі:
- әлеуетті инвестор үшін басты тәуекел – облигацияны шығарған компанияның банкроттығы. Бұл жағдайда инвестициядан оп-оңай айырылып қалуға болады, өйткені ол ешқандай кепілдіктермен қорғалмайды. Алайда, ірі эмитенттердің, яғни облигация шығаратын компаниялардың банкроттығы өте сирек кездеседі. Бұдан басқа, мемлекеттік облигациялар бар. Әдетте олар бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмен, бірақ сенімділік әлдеқайда жоғары.
- акция бағасының өсуі, сондай-ақ құлдырауы сияқты екінші тәуекел – бұл нарықтық тәуекел. Сонымен қатар өтімділік тәуекелі де бар. Бұл акциялардың әрдайым тез сатыла бермейтінін, сатып алуға мүдделі екінші тараптың болуы керек екенін білдіреді. Сондықтан акцияны тезірек сату үшін сізге бағаны төмендету қажет болуы мүмкін. Бұл да кірісті жоғалту деген сөз.
- үшінші тәуекел, облигациялардағы сияқты – компанияның банкротқа ұшырау тәуекелі. Бұл жағдайда акциялар айтарлықтай құнсызданады. Алайда, сіз таратылатын мүліктен үлес алуға құқылы боласыз.
Жылжымайтын мүлікке инвестициялау
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасының өскені құпия емес. Сондықтан, бүгінгі күні жылжымайтын мүлікке қаражат салу ақшаны сақтаудың тартымды тәсілдерінің бірі болып саналады. Ақшаны сақтаудың осы әдісінің тағы бір артықшылығы – тұрғын үйді жалға беру арқылы қосымша кіріс алу мүмкіндігі.
Дегенмен, кез келген инвестиция әрқашан тәуекелдермен қатар жүреді және жылжымайтын мүлік саласы да солардың қатарында. Мысалмен қарастырайық:
1. Ыңғайсыз жерде орналасу. Инвестор өзі таңдаған аудан толық салынып, іске қосылған соң баға да өседі деп күтеді. Егер бұлай болмай шықса, объектіге сұраныс та болмайды және иесі пайда таппайды.
2. Форс-мажор. Егер объектінің жанындағы экологиялық жағдай күрт нашарласа, бұл сұраныс пен құнның төмендеуіне әкеледі.
3. Жосықсыз жалға алушылар. Кейде жалға алушылар ай сайынғы төлемдерді кешіктіреді немесе жиһазды бүлдіреді. Мұндай жалға алушылардың соңынан жөндеу жүргізу үшін қыруар қаржы қажет болады.
4. Амортизация. Уақыт өте келе объектілердің құны төмендейді. Мысалы, егер кезінде перспективалы болып саналған үйдің жанынан жаңа үй салынса, ондағы пәтерлердің бағасы жоғары және жалға алушылар үшін тартымды болады.
5. Құрылыстың тоқтап қалуы. Салынып жатқан тұрғын үйге инвестиция салу тәуекелін болдырмау және уәде етілген уақыттан кейін оған ие болу үшін аккредиттелген құрылыс салушыларды таңдаңыз.
6. Алаяқтық. Жылжымайтын мүлік саласында көптеген алдау схемалары бар: бір күндік фирмалар, жалған құжаттар бойынша басқа біреудің мүлкін сату және басқа. Жылжымайтын мүлікті заңдылығы тұрғысынан тексеру мәмілені қорғауға көмектеседі.
Тәуекелдерді қалай барынша азайтып, жылжымайтын мүлікке инвестициялау мүмкіндігін арттыруға болады? Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын, жылжымайтын мүлік нарығын мұқият зерделеңіз – үрдістерді, сарапшылардың болжамдарын және жылжымайтын мүлік құнына әсер етуі мүмкін басқа факторлармен танысыңыз.
Жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарын барынша азайту үшін жылжымайтын мүлікті басқару да ұмытпаңыз.
Өнер туындыларына инвестициялау
Бұл байлық және коллекция жинау мәні болып табылатын заттарға: картиналар мен басқа да өнер туындыларына, сирек кездесетін басылымдарға, антиквариатқа, зергерлік бұйымдарға, қымбат көліктерге және т.б. салынған инвестициялар. Басқаша айтқанда, бұл премиум сегментіндегі заттар, олар жасалған сәттен бастап қымбат тұрады, уақыт өте келе құнын жоғалтпай, қымбаттай түседі. Алайда, «өнерге» ақша салу үшін осы сегментпен жақсы таныс болуыңыз керек, себебі инвестицияның бұл түрі бәріне бірдей келе бермейді. Әлеуетті инвесторлар валюта бағамдарын, қор мөлшерлемелерін және индекстерді біліп қана қоймай, жоғары талғамы мен сараптамалық пікірі болуы керек. Инвестицияның бұл түріне кіру шегі салыстырмалы түрде жоғары, ал олардан жылжымайтын мүлік сияқты 100% кіріс түспейді. Сондықтан өнерді «жеңіл» инвестициялар салу санатына жатқызу асығыс болар еді.
- Өнер туындыларына инвестиция салудың артықшылықтары. Сіз онымен интерьеріңізді безендіре аласыз, коллекция жасай аласыз, тіпті кіру ақысы аз галерея ашып, ақша таба аласыз. Салған инвестицияңыз соншалықты кіріс әкелмесе де, құр алақан қалмайсыз. Сондай-ақ, өнер туындыларына иелік ету ірі компаниялардың акцияларынан ие болудан кем емес. Бұл ретте, инвестордың ұйқысы тыныш болады: өнер туындыларына инфляция, банкроттық және дәстүрлі инвестициялық активтердің бағасына әсер ететін басқа да сыртқы факторлар әсер етпейді. Ең бастысы оларды қауіпсіз жерде сақтау.
- Өнер туындыларына инвестиция салудағы кемшіліктер. Өнер туындылары өтімділігінің төмен болуы. Бағаның жоғары болуы әлеуетті сатып алушылар аясын азайтады. Белгілі аукцион үйлері мен галереялар қалыптасқан клиенттер тобына ұсына алады, алайда сатудан алынатын комиссия түскен пайдадан жоғары болуы мүмкін. Сондай-ақ жалған өнер туындыларын сатып алу қаупі бар. Сондықтан «өнер туындысына» инвестиция салмас бұрын, бұл мәселені толық түсініп алған жөн.
Fingramota.kz инвестиция салудың негізгі түрлерін қарастырды, бірақ ақшаны сақтап, көбейту тәжірибеңіз әрқашан оңынан болуы үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануды ұсынамыз:
Барлық жинақты бір жерде сақтамаңыз;
Ақшаны тек сенімді қаржы құралдарына салыңыз;
Депозитке ақша салуға шешім қабылдасаңыз, салым сақталып тұрған кезеңде соманың бір бөлігін алу қажет-қажет еместігін алдын-ала ойластырыңыз;
Акциялар мен басқа да бағалы қағаздарды сатып алғанда, барлық соманы тек бір компанияға немесе қорға салмаңыз, негізі бірнеше компанияның бағалы қағаздарын сатып алған дұрыс;
Егер сіз қымбат металдардың құймаларын немесе қолма-қол шетел валютасын сатып алсаңыз, оны қайда сақтайтыныңызды алдын ала ойластырыңыз.
Капиталыңызды Fingramota.kz-пен бірге көбейтіңіз!Бала мен қаржы: қалта ақшасын қалай онлайн басқаруға болады
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті