Банктік картаны бұғатталуы – бұл, өкінішке орай, жиі кезедесін және жағымсыз жағдай. Ол жөнінде сіз кез-келген уақытта: мәселен, төлем жасамақ болған кезде шотыңыздың бұғатталғаны жөнінде білуіңіз мүмкін.
Неліктен бұлай және не істеуге болатыны, болашақта өзіңізді қалай қорғауға керектігі жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастыралық.
Әдетте, картаны бұғаттаудың бірнеше негізгі себептері бар: ірі немесе жиі аударымдар жасау — әсіресе, шетелден; ПИН-кодты қатарынан бірнеше рет қате енгізу; картаның қолданыс мерзімінің аяқталуы; банк жұмысындағы техникалық ақаулар; кредит бойынша мерзімін өткізу немесе сот шешімдері. Әр себепті егжей-тегжейлі талдап, не істеу керектігін қарап көрелік.
Алаяқтық әрекеттерге немесе күмәнді операцияларға күдіктену
Банк клиенттің іс-қимылына тән емес операциялар анықтаған кезде картаны уақытша бұғаттай алады. Мұндай операцияларға мыналар жатады:
• ірі аударымдар, әсіресе шетелдік шоттардан;
• әр түрлі шоттарға жиі аударымдар;
• шетелдік немесе күмәнді онлайн -платформаларда сатып алулар жасау.
Карта бұғатталған болса, дереу банкпен байланысып, операцияны сіз жасағаныңызды растауыңыз қажет. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін банкке жоспарланған ірі немесе стандартты емес транзакциялар жөнінде алдын ала хабарлап қойыңыз.
ПИН-кодты қате енгізу
Қазіргі заманның адамы басында көптеген ақпарат ұстап тұруы қажет: электрондық поштаның (жеке және жұмыс) құпия сөзі мен ЭЦҚ-дан бастап, мемлекеттік қызметтер мен маркетплейстердің қосымшаларына кіру кодтарына дейін, ал егер сізде бірнеше банктік карта болса, шатасу оңай. Алайда, біз сізге кодтарды қойын кітапшаңызға немесе телефонға жазып қою қажет деп кеңес бермейміз, себебі маңызды ақпаратқа бөгде адамдар қол жеткізе алмаулары тиіс.
PIN- кодты есте сақтау үшін бірнеше нұсқаулар береміз:
Оны бір оқиғаға айналдырыңыз. Мысалы, 0582 коды туралы мынаны ойлап табуға болады: тағы да (05) шексіздік (8) екі (2);
туған күніңізді емес, маңызды күнді таңдаңыз, себебі туған күнді алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы есептей алады. Сүйікті жазушының туған күнін таңдап алыңыз, себебі бұл деректерді бөгде адамдарға есептеу әлдеқайда қиын болады;
көрнекілікке жүгініңіз: кәдімгі банкоматтың пернетақтасында кез келген фигураны ойша салыңыз: мысалы, латын L 1478-ге тең болады.
Бірақ егер сіз қате ПИН-кодты бірнеше рет қате енгізген болсаңыз, банкке хабарласып, мәселе туралы хабарлаңыз. Қазір ол тез шешіледі.
Картаның қолданыс мерзімі аяқталды немесе жеке деректер өзектілігін жоғалтты
Бүгінгі күні банктік қосымшалар eGov.kz-пен тығыз байланысты, егер сіздің жеке куәлігіңіздің немесе төлқұжатыңыздың мерзімі өтіп кетсе, онда банк қызмет көрсетуді уақытша тоқтата алады. Сондықтан барлық маңызды құжаттарды алдын-ала жаңартып, қосымшалардағы ақпаратты өзектендіріп отырыңыз – бұл сіздің көп уақытыңызды үнемдейді. Бұған картаның қолданыс мерзімі де кіреді: оның бет жағында қолданыс мерзімі туралы ақпарат бар. Сатып алу немесе кез келген басқа қаржылық операциялар үшін төлем жасағанда қиындыққа тап болмау үшін картаның қолданыс мерзімін қадағалап отырыңыз.
Банк тарапынан техникалық ақаулар
Кейбір жағдайда бұғаттау техникалық себептерге байланысты болуы мүмкін: жүйедегі іркіліс, апаттық жаңартулар немесе банктің ішкі теңшеулері. Мұндай жағдайларда банктің байланыс орталығына хабарласып, жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруді күту керек. Егер техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін шотқа кіру қалпына келтірілмесе, мәселені шешу үшін банкке жеке өтініш беріңіз.
Соттың немесе мемлекеттік органдардың шешімі бойынша шотқа тыйым салу
Алименттер, салықтар, айыппұлдар, қарыздар және басқа да міндеттемелер бойынша берешек болған кезде шотқа уәкілетті органдардың (мысалы, сот орындаушыларының немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің) сұрау салуы бойынша тыйым салынуы мүмкін. Ал банк бұл талапты орындауға міндетті. Егер өзіңізде қарыздың бар екенін білсеңіз, оны мүмкіндігінше тезірек жабыңыз немесе мәселені шешіңіз. Берешектің бар-жоғын eGov.kz арқылы немесе салық кабинетінде (cabinet.kgd.gov.kz) тексеруге болады.
Егер картаңыз ескертусіз бұғатталса, не істеу керек?
Заңнамаға сәйкес банк клиентке шотты пайдаланудың тоқтатыла тұрғаны туралы хабарлауға міндетті. Егер бұғаттау себепсіз орын алса, Сіздің:
• банкке ресми сұрату жіберуге;
• қажет болған жағдайда – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға;
• әрекеттерге сот тәртібінде шағымдануға құқығыңыз бар.
Шотты бұғаттаудың алдын алу бойынша кеңестер
Жеке картаңызды бизнес жүргізу үшін пайдаланбаңыз. Егер шотқа клиенттерден үнемі қаражат түсетін болса, банк заңсыз кәсіпкерлікке күдіктеніп, операцияларды тоқтата тұра алады.
Қомақты аудармалардан сақ болыңыз. Егер сізге қомақты қаржы, мысалы, екі миллион теңге түсетінін білетін болсаңыз, банкті алдын ала ескертіп, қаражат көзін растауға дайын болғаныңыз жөн.
Берешегіңізді үнемі тексеріп отырыңыз. Айыппұлдар немесе салықтар бойынша борышыңыз назарыңыздан тыс қалуы мүмкін, бірақ олар шотты бұғаттауға себеп болады. Қазіргі кезде ақпаратты eGov.kz-те немесе салық төлеушінің cabinet.kgd.gov.kz кабинетінде тексеру ыңғайлы.
Банктегі деректеріңіздің жаңартылғанын қадағалап отырыңыз. Жеке куәлігіңіздің – шотты уақытша бұғаттауда жиі кездесетін себеп.
Растайтын құжаттарды сақтап қойыңыз. Шарттар, актілер және қолхаттар – мұның бәрі түсімдердің заңдылығын жылдам растап, бұғаттауға жол бермес үшін қажет болуы мүмкін.
Банк картасын бұғаттау клиентті қорғаудың уақытша шарасы болуы мүмкін немесе маңызды мәселелердің – берешектің болуын немесе құжаттарда қателіктердің болуын көрсетуі мүмкін. Қалай болғанда да, жағдайға мән беріп, шұғыл әрекет жасау қажет: себептерін анықтаңыз, бұзушылықтарды жойыңыз және болашақта қаржы құралдарын қолдануда мұқият болыңыз.
Өзіңізге сақ, қаражатыңызға қырағы болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Картаны бұғаттау: егер шотыңыз бұғатталған болса не істеу қажет
Ипотекалық сақтандыру: әрбір қарыз алушы нені білуі керек
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қазақстанда азаматтардың банкроттығы: ол қалай жұмыс істейді және қандай жаңалықтар енгізілді
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт