Грейс-кезең (немесе жеңілдікті кезең) – бұл кредиттік картаны ұстаушы қарыз қаражаттарын пайыз төлемей пайдалана алатын уақыт. Егер берешекті осы мерзім ішінде өтеген жағдайда, банк пайыз есептемейді, бұл кредиттік картаны өз қаржыңды басқарудың ыңғайлы құралына айналдырады.
Грейс-кезеңнің қалай жұмыс істейтіні, оның артықшылықтары және оның астарында не жатқаны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге талқылап көрелік.
Егер сіз кредиттік карта ресімдеу туралы шешім қабылдасаңыз, бірінші кезекте, оны ресімдеу талаптарын мұқият зерттеп алыңыз: яғни, картаға бір жылдық қызмет көрсету құны, жылдық пайыздық мөлшерлеме қандай, қай кезде ай сайынғы төлемдерді жасап отыру қажет, мерзімін өткізгені үшін қандай өсімпұл және қолма-қол ақша шешіп алған үшін қанша пайыз ұсталатыны жөнінде анықтап алған дұрыс. Есіңізде болсын, кредит алу оны қайтарудан әлдеқайда оңай және оны шартта белгіленген мерзімде жасап отыру қажет.
Менеджерден консультация алуға ерінбеңіз, картаның жеңілдік кезеңі болғаны құптарлық (кредиттік лимитті пайызсыз пайдалану мүмкіндігі), оның ішінде сіз негізгі қарыз сомасына пайыз есептелмей мұндай картамен төлей аласыз. Бұл уақыт аралығы грейс- кезең деп аталады.
Грейс- кезең қалай жұмыс істейді?
Әдетте, грейс-кезең 2 сатыдан тұрады:
1. Есеп айырысу кезеңі (көп жағдайда 30 күн) – бұл клиенттің карта арқылы сатып алулар жасау уақыты. Осы кезеңнің соңында банк қарыз сомасын белгілейді.
2. Төлем кезеңі (әдетте 20-25 күн) – пайыздар төлемеу үшін қарызды өтеу мерзімі.
55 күн құрайтын грейс-кезеңнің жұмыс мысалы:
• 1 ақпанда есеп айырысу кезеңі басталады (30 күн).
• 1 наурызда банк қорытындылайды – берешек сомасы белгіленеді.
• 25 наурызға дейін төлем кезеңі қолданылады – егер қарыз толығымен қайтарылса, пайыздар есептелмейді.
Маңызды: егер сіз тек ең төмен төлем жасасаңыз, онда грейс-кезең аяқталады және банк қарыздың қалған бөлігіне пайыздар есептейді.
Грейс-кезеңнің артықшылықтары
Пайыздарды үнемдеу. Егер қарыз уақтылы төленсе, қарыз қаражатын артық төлемсіз пайдалануға болады.
Бюджетті жоспарлаудағы ыңғайлылық. Грейс-кезең шығыстарды бөлуге және оларды жалақы алатын күнге байланыстырмауға мүмкіндік береді.
Қосымша бонустар. Көптеген банктер кэшбэк арқылы ақша қайтаруды, серіктестерден алатын жеңілдіктерді және кредиттік картамен төлеген кезде бонустық ұпайларды ұсынады.
Қосымша қаражатқа қол жеткізу. Грейс-кезеңі бар кредиттік карта күтпеген шығыстар орын алған жағдайда қауіпсіздік жастығы болуы мүмкін.
Қауіп-қатерлер: неге назар аудару қажет
1. Пайыздар грейс-кезең аяқталғаннан кейін барлық сомаға есептеледі. Егер борыш толығымен өтелмесе, банк тек қалдыққа ғана емес, бүкіл сатып алу сомасына да пайыз есептейді.
2. Грейс-кезең қолма-қол ақшаны алуға қолданылмайды. Банкоматтан ақша алған кезде көп жағдайда комиссия алынады және ол жеңілдік кезеңіне жатпайды, сондықтан егер сіз картадан қолма-қол ақша алсаңыз, жеңілдік кезеңі аяқталуы мүмкін.
3. Банктердің әр түрлі талаптары. Шартты мұқият оқып шығыңыз – кейбір банктерде грейс-кезең тек сатып алу кезінде, ал кейбіреуінде тіпті аударымдар кезінде де қолданылады.
Тағы қандай ерекшеліктер бар?
Грейс-кезең кредиттік карта арқылы жасалатын барлық сатып алу жағдайларында қолданылмауы мүмкін. Сондықтан банк менеджерінен барлық қажетті ақпаратты алдын ала алу және картаны ресімдеу алдында шарттың талаптарын мұқият зерделеу өте маңызды. Мысалы, егер сіз осы карта арқылы ақша аударсаңыз немесе кредиттерді немесе айыппұл төлесеңіз, жеңілдік кезеңі аяқталуы мүмкін. Бұл, егер картаның шарттарына сәйкес, пайдаланылған берешек толық өтелген жағдайда, грейс-кезең тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді белгілі бір сомаға дейін (мысалы, 20 мың теңгеге дейін немесе 100 мың теңгеге дейін) сатып алу бойынша қолма-қол ақшасыз операцияларға ғана қатысты орын алуы мүмкін.
Сонымен бірге грейс-кезеңінің нақты ұзақтығы банк көрсеткеннен қысқа болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Бір банктің карталарында жеңілдік кезеңі бірінші сатып алудан басталуы мүмкін, ал кейбір банктерде ол айдың басынан басталады. Осылайша, сіз картаны, мысалы, 1 ақпанда алдыңыз, ал алғашқы сатып алуды 30 ақпанда жасадыңыз, нәтижесінде грейс-кезең іс жүзінде 30 күнге қысқарады.
Сондықтан мобильді қосымша арқылы немесе банктің сайтында мерзімдерді мұқият қадағалап отыру, сондай-ақ SMS, push-хабарламалар арқылы банктен келген хабарламаларға назар аудару немесе менеджерлерден ақпаратты өз бетінше нақтылау маңызды. Сонымен қатар, егер клиент әдетте айына бір рет төленетін ең төменгі төлемді өтеу мерзімінде қарызын төлемейтін болса, банк кредиттік картаға қызмет көрсету үшін пайыздарды есептей бастауы мүмкін.
Ай сайынғы төлем бойынша қарызды өтемеген кезде, банк әдетте қарызды төлегенге дейін клиенттің кредиттік картасын бұғаттайды. Қазақстандық банктердегі берешекті уақтылы өтемегені үшін өсімпұл күніне орта есеппен 0,5%-ды құрайды.
Картаның мерзімі аяқталғаннан кейін шот жабылмайтынын, клиенттің кредиттік міндеттемесі тоқтатылмайтынын білу маңызды.
Кредиттік карта иелерінің үйреншікті қателіктері
Кредиттік карталардың иелері қарызды пайдалану кезінде жиі қателіктер жібереді, нәтижесінде пайыздар мен айыппұлдар болады. Олардың ең көп тарағандары:
- Карта бойынша қосымша қызметтерге мән бермеу немесе оны тексермеу. Мысалы, банк сізге әдепкі қалпы бойынша сақтандыру қызметін қоса алады. Артық төлемеу үшін Сіз оны өзіңіз алып тастай аласыз немесе картаны рәсімдеу кезінде сақтандырудан бас тарта аласыз.
- Клиенттің мөлшерлемелерге назар аудармауы. Көптеген банктерде операцияларды қолма-қол ақшасыз жасау мен ақшаны банкоматтан алу пайызы арасында үлкен айырмашылық бар.
- Жаңа жеңілдік кезеңін күтпеу. Егер кредит бойынша пайызсыз мерзімнің ұзақтығы 50 күн болса, онда басында қарызды өтеу керек, ал қаржылық операцияларды жаңа грейс-кезең басталған кезде ғана жасау керек.
- Кредиттік картаны рәсімдегеннен кейін тұтынушылардың карта қажет болмаған кезде ол жабыла ма, жоқ па екендігін бақыламауы. Егер төлем толық жабылмаса, картада қосылған қызметтер үшін қарыз жинақтала береді.
- Бір мезгілде түрлі банктердің карталарын пайдалану. Бір кредиттік картаны ғана қолданған жөн. Себебі, сіз оларды бір-бірімен шатастырып қана қоймай, төлем жасаған кезде де жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Егер клиент төлемді мерзімінде жасамаса, онда қосылған жоғары пайыздарды төлеуге мәжбүр болады.
Кредиттік карталардың қандай артықшылықтары болса да, олар бойынша төлем жасауға міндетті екеніңізді есте сақтаңыз. Яғни сіз әрқашан ең алған міндеттемелеріңіз үшін жауапкершілікті түсінуіңіз керек. Сондықтан кредиттік картаны рәсімдемей тұрып, барлық тәуекелдерді бағалаңыз. Қарыздарды уақтылы өтеу үшін Сізде тұрақты кіріс болуы керек. Сонымен қатар, қаржылық қауіпсіздік жастықшасы түріндегі жинақталған ақшаңыз болуы керек. Егер Сіз жұмысыңыздан айрылып қалсаңыз немесе ауырып қалсаңыз, өзіңізді қорғай аласыз және кредит бойынша төлемді кешіктіруге жол бермейсіз.
Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Жалған брокерлер: оларды қалай танып, білуге болады
Балаларға арналған цифрлық қауіпсіздік бойынша онлайн-сабақтарды іске қосты
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Кредит бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда не істеу керек