Назгүл Естеусізова

time 30.06.2026

Егер сізде микрокредит мәселелері бойынша микроқаржылық ұйыммен немесе коллекторлық агенттікпен дау туындаса, микроқаржылық омбудсманға жүгіне аласыз. Микроқаржылық омбудсман — қарыз алушылар мен микроқаржылық ұйымдарға өзара тиімді шешім табуға көмектесетін тәуелсіз тұлға. Өтініштерді қарау тегін жүзеге асырылады. 

Маңызды жайт: егер қарыз алушы қабылданған шешіммен келіссе, микроқаржылық омбудсманның шешімі микроқаржылық ұйым үшін, сондай-ақ микрокредит шарты бойынша талап ету құқығы берілген коллекторлық агенттік үшін міндетті болып табылады.

Өтінішті қалай беруге болады? 

 Микроқаржылық омбудсманға бірнеше тәсіл арқылы жүгінуге болады:

• ресми сайт арқылы: mfombudsman.kz;

• электрондық пошта арқылы: info@mfombudsman.kz;

• жеке қабылдауға келу арқылы: Алматы қаласы, Мыңбаев көшесі, 53, 3-қабат, 321-кеңсе.

Байланыс телефондары: +7 (727) 338-22-44; +7 (727) 338-22-25.

Қандай құжаттарды қоса ұсыну қажет? 

• микроқаржылық омбудсманның атына жазылған өтініш;

• қарыз алушының толтырылған сауалнамасы (нысаны сайтта орналастырылған);

• жеке басын куәландыратын құжат;

• микрокредит беру туралы шарт, өтеу кестесі және қосымша келісімдер (бар болса);

• микроқаржылық ұйымға немесе талап ету құқығы берілген тұлғаға жолданған өтініштердің көшірмелері, сондай-ақ алынған жауаптар (бар болса);

• дербес деректерді өңдеуге және кредиттік есепті алуға келісім.

Маңызды нені білу қажет?

Микроқаржылық омбудсман институты Қазақстанда 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап жұмыс істейді және қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге бағытталған. Микроқаржылық омбудсманның шешімін микроқаржылық ұйым немесе коллекторлық агенттік орындау мерзімі 30 күнтізбелік күнді құрайды.

Егер шешім белгіленген мерзімде орындалмаса, микроқаржылық омбудсман бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарлауға міндетті.

Қандай жағдайларда өтініш қаралмайды?

Микроқаржылық омбудсман келесі жағдайларда өтініштерді қарастырмайды:

• егер дау соттың қарауына қабылданған болса немесе ол бойынша заңды күшіне енген сот актісі болса;

• егер қарыз алушы туындаған жағдайды реттеу үшін бұған дейін микроқаржылық ұйымға немесе талап ету құқығы берілген тұлғаға жүгінгенін растайтын құжат ұсынбаса;

• егер өтініш қайта берілсе және іс бойынша жаңа мән-жайлар қамтылмаса.

Микроқаржылық омбудсман — қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігі. Ол микроқаржылық ұйыммен немесе коллекторлық агенттікпен туындаған дауды сотқа жүгінбей реттеуге мүмкіндік береді.


white-arrow Тізімге