Жұмыс берушілер қызметкерлерді неге сақтандыруы тиіс?

time 4.12.2018

2005 жылғы 1 шілдеден бастап «Қызметкер еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілді. Осы Заңға сәйкес барлық ұйымдар өз қызметкерлерін жұмыста болатын жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Бұл қызметкердің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілсе, тіпті ол оның кінәсінен болған жағдайда да жұмыс беруші залалды өтеуі тиістігін білдіреді. 

Мұндай сақтандыру тек қызметкерлерді ғана емес, сондай-ақ ұйымның мүліктік мүдделерін де қорғайды, сол себепті бұл қос тарапқа да қажет. Бұл, сонымен қатар, адамдар мен олардың қауіпсіздігіне бизнестің жауапкершілігін арттырудың бірден бір экономикалық тәсілі болып табылады.

Сақтандыру жағдайына не жатады?

Қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқарған кезде онымен жұмыста болған жазатайым оқиға. Егер зиян немесе қауіпті фактордың нәтижесінде адам жарақат алса, оның денсаулығы күрт нашарлап немесе уланса, нәтижесінде ол еңбекке қабілетін жоғалтып, кәсіби ауруға шалдыққан немесе қайтыс болса, бұл сақтандыру жағдайы деп саналады.

Жазатайым оқиға кезінде өтемақы қандай болады?

Еңбек қабілеттілігін жоғалтқан қызметкер немесе ол қайтыс болған жағдайда қызметкердің отбасы мөлшері ҚР Азаматтық кодексінде жазылған сақтандыру сомасын алады.

5-тен 29%-ға дейін еңбек қабілеттілігін жоғалту жағдайында ақшаны жұмыс беруші төлейді. Егер адам 30-дан 100%-ға дейін еңбек қабілеттілігін жоғалтса, онда залалды сақтандыру компаниясы өтейді.

Кез келген жағдайда сақтандыру төлемінің мөлшері сақтандыру шарты жасалған жылы мемлекеттік бюджетке салынған ең аз жалақының он есе көлемінен аспауы тиіс. Мұндай сақтандыруға кімнің құқығы бар?

Кез келген қызметкердің сақтандыру құқығы бар. Тіптен ол күні бойы құрылыс басында жүретін жұмысшы емес, кабинетте отыратын есепші болса да мұндай құқыққа ие. Штаттан тыс қызметкерлер де сақтандырылуы тиіс. Заң бойынша сіз жұмыс істей бастағаннан бастап, лауазымыңыз бойынша жұмыс істеген бірінші айдан кейін келетін айдың бастапқы он күні ішінде сізді жазатайым оқиғадан сақтандыру тиіс.

Аннуитет деген не?

Бұл жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты, мұнда сақтандыру сомасы кезеңмен айына бір рет төленіп тұрады.

Егер қызметкер еңбек қабілеттілігін бір айдан аз мерзімге жоғалтса, сақтандыру компаниясы төлемдерді ай сайын осы мерзім ішінде төлеп тұрады. Бірінші төлемді адам еңбек қабілеттілігін жоғалтқанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде алады.

Егер адам өндірістегі жазатайым жағдайдың салдарынан бір жылдан және одан артық мерзімге ақша табу мүмкіндігінен айырылса, онда аннуитеттік төлемдер оның еңбекке жарамсыздығы расталғанға дейін, алайда зейнеткерлік жастан аспайтын мерзімге төленеді. 

Мыналарды білу маңызды:

  • Әрбір ұйымның немесе компанияның қызметкері заң бойынша жұмыс орнында жазатайым оқиғалардан сақтандырылуы тиіс, яғни сіздің жұмысыңыз тәуекелі жоғары немесе ол мүлдем жоқ жұмыс болуы шарт емес.

  • Зардап шеккен қызметкер немесе оның отбасы жазатайым оқиға оның кінәсінен болса да сақтандыру төлемін алады.

  • Сақтандыру төлемдерін сақтандыру компаниясы, сондай-ақ жұмыс беруші еңбекке қабілеттілігін жоғалту пайызына байланысты төлейді.

white-arrow Тізімге