Анасы ұлдарына мектептен шыққан соң бірден үйге қайтуды тапсырды.
Балалар мұның себебін үйге жеткен соң бірден түсінді. Оларды тосынсый – гүл шоғы қойылған мерекелік дастарқан күтіп тұр екен. Ортадағы сырлы ыдыста ыстық палаудың буы бұрқырайды, оның хош иісі Асан мен Үсеннің тәбетін оятты. Екеуі де әдеттегідей екі рет айтқызбастан қол жуды.
Сөмкелерін бөлмесіне тастай салып, балалар үстел басына жайғасты.
– Бүгін бізде қандай мереке? – деп сұрады Асан таңғала.
– Әлде Айша тағы бір өнер сайысында жеңіске жетті ме? – деді Үсен дәл таптым ба дегендей.
Анасы әлденені жасырғандай жымиды:
– Қазір әкең келеді, бәрін сонда білесіңдер.
Артынша Жарқын Арманұлы да келді, құралақан емес – әдемі безендірілген екі конверті бар. Бұл, әрине, әпкелерінің өнері, ол заттарды әсемдеудің шебері ғой.
Ағайынды екі ұл конвертте не бар екенін білмей дал болды.
– Лотерея билеті ме? – деп жорамалдады Асан.
– Әлде театрдағы балалар спектакліне билет пе? – Үсен өз нұсқасын айтты.
– Екеуі де емес, – Айша бұның не екенін білетін сияқты, – не де болса өте қажет әрі пайдалы сыйлық. Ол сендерге ақшаны қалай жұмсау керектігін үйретеді.
– Алақай! – деп ұлдар жарыса айғайлады. – Біз конвертте не бар екенін білеміз! Балаларға арналған банк картасы!
– Дәл таптыңдар, – деді әкесі балаларының қуанғанына разы болып. – Енді сендердің әрқайсыңда банктен өз аттарыңа ашылған жеке төлем картасы бар. Оларды шатастырмау үшін банк менеджері екеуміз алдыңғы жағына әртүрлі сурет жасаттық. PIN-коды да әртүрлі. Оны есте сақтауларың керек.
– Бәлкім, картаға жазып қойған дұрыс шығар? – деді Асан білгішсініп.
– Өйтуге болмайды! – Анасы оны тыйып тастады. – Егер сен аяқ астынан картаңды жоғалтып алсаң, оны арам ниетті адам тауып алса, ақшаңнан айырылып қалуың мүмкін ғой.
– Банк шоттары сендерге арнап ашылған, – деп түсіндірді әкесі, – бірақ олар менің төлем картама қосақталған. Мен сендердің баланстарыңды толықтыра аламын, жұмсайтын ақшаның көлемін көбейтіп не азайтып, шектеу қоямын, қаражаттың қанша қалғанын қадағалаймын, және де ақшаның есебін алуыма болады. Сонымен бірге SMS-банкинг, не болмаса мобильді қосымшаның көмегімен сендер жасаған операцияларды қадағалай аламын. Қажет болса тіпті карталарыңды блоктаймын немесе блоктан шығарамын. Екеуіңе бөлетін қаражатты кейінірек талқылаймыз.
– Ал енді салтанатты сәт келді! – Анасы конверттерді ұлдарының қолына ұстатты. – Сыйлықтарыңды алыңдар!
– Алғашқы банк карталарың құтты болсын! – деп Айша шаттана қол шапалақтады.
– Банк картасын пайдалану, – деді Жарқын Арманұлы ұлдарына, – ыңғайлы әрі ақшаны дұрыс жұмсауды үйретеді.
– Жақсы болды ғой, – деп анасы да қуанып жатыр, – енді ұсақ ақша іздеп, не дүкенде ірі купюраны ұсағына айырбастап жүрмейтін болдым.
– Иә, Асан інім енді ақша жоғалтуды қоятын шығар. – Айша кішкентай бауырын сөзбен түйреп өтті.
Балақай қызарақтап, бір күрсініп алды. Болар іс болды, қалтасындағы тиындар үнемі жоғала беретіні рас еді.
– Әке, айтыңызшы, балалардың банк картасын ашу қиын ба? – деп сұрады Үсен.
– Түк те қиын емес! – Әкесі балаларына палау салып беріп жатып, ынты-шынтысымен түсіндіре бастады. – Өзімнің жеке куәлігімді, сендердің ЖСН көрсетілген туу туралы куәліктеріңді көрсеттім. Менің банкте есепшотым бұрыннан бар еді. Негізінде карталарды мобильді қосымша арқылы ашса да болады, бірақ мен банкке бір шаруамен соққандықтан, сендердің карталарыңның мәселесін де шеше келдім.
– Ал енді жинақ сандықшасындағы ақшамызды банк шотымызға қалай, қай жерден саламыз? – деп сұрады Асан асығып.
– Егер қаласаңдар, бүгін түстен кейін банкке барып, бәрін тындырып келейік, – деп әкесі өз ұсынысын айтты.
Балалардың қалауы да сол еді. Асан мен Үсен ақша жинап жүрген сандықшаларын ала салып, әкесімен бірге банкке жөнелді.
Жас қаржыгердің қойын дәптері
Банк картасы – банктік шотқа байланған төлем картасы.
Шот – бұл банктің клиентке ұсынатын қолма-қол ақшасыз «әмияны». Шот ақшаны есептеу және аудару үшін пайдаланылады.
Балалар картасы – ата-ананың банктік шотына қосымша карта ретінде шығарылатын банк картасы.
PIN-код – пластиктен жасалған банк картасының иесіне қаржы операцияларын жүргізу үшін берілетін жеке сәйкестендіру коды. Оны тек карта иесі білуге тиіс. Әдетте банкоматтан ақша алар кезде кодты енгізу әрекетіне шектеу қойылады (3 реттен аспайды), дұрыс енгізілмесе карта блокталады.
CVC-код – картаның растығын тексеру коды.
Пайдалы ақпарат жинағы
Цифрлы немесе виртуалды карта – пластик нұсқасы жоқ банк картасы. Оның барлық дерегі – нөмірі, жарамдылық мерзімі және CVC-коды – жеке кабинетіңде орналасқан. Цифрлы карта арқылы интернетте зат сатып алуға, дүкендерде төлеуге және банкоматта өз шотыңнан ақша алуға немесе салуға болады. Бұл үшін цифрлы немесе виртуалды картаны смартфонның төлем жүйесіне енгізу жеткілікті.
«Алтын монета» балалар ойын бөлмесі
Комикс-сабақ
Балалардың банк картасы және қауіпсіздік ережелері
1. Банк картаңды басқаларға көрсетіп мақтанба және оны бейтаныс адамдарға берме.
2. PIN-код пен карта мәліметтері – өте құпия ақпарат.
3. Тексерілмеген интернет-дүкеннен зат сатып алуға болмайды.
4. Егер картаңды жоғалтып алсаң, дереу ата-анаңа хабарла.
Шытырман ойын
Балалар банк картасының артықшылығы мен кемшілігі
Балаларға арналған банк картасының жақсы-жаман жағы қандай? Сен мұны Асан мен Үсен екеуімен жаңа шытырман ойынымызды ойнасаң, біле аласың.
Саған фишкалар – тиындар мен ермексаздан жасалатын ойын текшесі, және де адал достар қажет.
Ойын ережесі
Сары шеңберге түстің бе? Бағыттауыштың бойымен алға жүр, сен дұрыс шешім қабылдадың!
Егер үшбұрышқа тап болсаң, демек, қателестің. Бағыттауыштың бойымен кері қайт.
Сары шеңбер
Балаларға арналған банк картасының артықшылығы:
1. Ақшаны картада сақтау қалтадағыдан гөрі қауіпсіз.
2. Картада қанша ақша бар екенін әрдайым біліп жүресің.
3. Қажет болған жағдайда ата-анаң жетпей тұрған соманы аударады.
4. Картамен төлеген кезде, қайтаратын ақшадан жаңылмайсың.
5. Ақша алуға және интернет-дүкеннен тауар сатып алуға шектеу қоюға болады.
6. Зат алғаның үшін кэшбэк немесе банк пен оның серіктестерінің акцияларына қатысқаның үшін бонус беріледі.
7. Қалаған затыңды алу үшін ақша жинауға ыңғайлы.
Үшбұрыш
Балаларға арналған банк картасының кемшілігі:
1. Ақшаны артық жұмсап қойды.
2. Бейтаныс адамдарға карта мәліметтерін айта салды.
3. PIN-кодын ұмытып қалды.
4. Алаяқтардың сайтында банк картасымен төлем жасады.
Ольга Гумирова
Суретші Ирина Легостаева
Аударған Дина Имамбай
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма