Үсен компьютерлік онлайн-ойындарға аса құмар емес, ал Асан болса нағыз фанат болатын. Бірде оның өте танымал ойынға қызығушылығы оянды. Тіпті Ричи де оны ғаламтордан алыстата алмады. Асан өзінің виртуал кейіпкеріне бар уақытын арнады, оны барын салып жетілдіріп, ата-анасы берген қалтапұл ақшаға «киіндіріп», ойында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ол өзін осы ойынға шақырған досынан әлдеқашан асып түсіп, енді өзі де, кейіпкері де еңсере алмай жатқан қиын белеске жеткен еді.
Ойынға қатысушылар араласатын чат бар еді. Асан ол жерден бірталай дос тапты, олармен ортақ дүние көп – ойынды талқылайды, қандай да бір деңгейден қалай өту керектігі туралы ақылдасады, арасында жай ғана жаңалықтарды әңгімелейді.
Жақында олардың тобында BigRat деген лақап аты бар жаңа ойыншы пайда болды, өзі көпшіл әрі көңілді жігіт екен. Барлығымен жылдам танысып алды. Өзі сұрақ қойғанды қатты ұнататын. Оған қоса тамаша ойыншы, әр деңгейден әзілдеп отырып өтіп кетеді.
Асанға жаңа ойыншы ұнады, сол себепті онымен рахаттана сөйлесетін. Олар тіпті бір-бірінің телефон нөмірін алмасты, жаңа досы ойынға кірген кезде Асанға сәлемдесіп, ойынға қатысуға шақырған SMS хабарлама жібере бастады.
Бұл сенбінің кешінде де Асанның жаңа танысы бұны ойында күтіп тұрғаны туралы хабарлама зу етті.
Бала ноутбуктің алдына жайғасып, ойын чатына қосылды. BigRat баланы күтіп тұрғандай бірден шыға келді. Асан екеуі біраз әңгіме-дүкен құрды, бір кезде виртуал танысы:
– Мен мына деңгейден қалай тезірек өту керектігін білемін, тіпті саған көмектесе аламын! – деп ұсыныс тастады.
Асан бұл мүмкіндіктен қапы қалмауды ұйғарып, тәжірибелі ойыншының кеңесін дереу пайдалануды жөн көрді:
– Көмектессең көмектес, әйтпесе мен мына қиын кедергіні жеңе алар емеспін. Егер тағы да қателессем, ойынды қайта бастауға тура келеді. Не істеу керек?
– Бұл қиын емес, – деп көңілін жайландырды ойыншы, – ең бастысы, менің кеңесімді орында, сонда бәрі қолыңнан келеді. Мен өзім жүз рет осылай жасадым. Ең алдымен құпия сөзіңді мен айтқанға ауыстыр. Осыдан кейін мен саған сыйлықтар мен бонус жібере аламын.
– Тамаша! – Асан қуанып кетті. – Сыйлық ешқашан көп болмайды!
– Содан кейін мен сілтеме жіберемін, сен сол арқылы сайтқа кіресің, ол жерде кейіпкеріңе қалаған нәрсеңді арзанға сатып алуға болады.
Ағасының әңгімесін құлағы шалып қалған Үсен сөз арасында ескертуді жөн көрді:
– Әкем әлеуметтік желідегі парақшаңның құпия сөзін ешкімге бермеу керектігін ескерткен, бұл компьютерлік ойындарға да қатысты. Мен барлық заты арзан сайттан ештеңе сатып алмас едім. Сен бір рет алданып қалған едің ғой.
Бірақ Асан бауырының сөзіне қолын бір сілтеді. Ол ойынның қызығына кіріп кеткен еді.
– Ол интернеттен кездейсоқ тауып алған жалған интернет-дүкен болатын. Ал мына сайтты маған досым ұсынды!
– Сен бұл адаммен танысқаныңа бар болғаны бірнеше күн, әрі тек виртуал доссыңдар. Сен оны ешқашан көрген емессің! Танымайтын адамға қалайша сенуге болады?
– Ол – озық ойыншы! Менің осындай досым бар екенін көре алмай, қызғанып тұрсың!
Сөйтті де Асан ойынға сүңгіп кетті. Үсеннің мобильді банктегі шотынан шамалы ақшаны өзіне аударуын өтініп, сайттан кейіпкеріне бірдеңе сатып алды.
Барлығы жап-жақсы еді, кенет ойын қатып қалды да...
– Интернет өшіп қалды ма? – Асан таң қалып, ноутбукті қайта іске қосты.
Интернет істеп тұр, бірақ бала ойынға кіре алмады. Ол чаттағы досына SMS хабарлама жібермек болып еді, бірақ ұялы телефонда қаражат жеткіліксіз екен.
– Әке, мен проблемаға тап болдым! – Асан Жарқын Арманұлын шақырды.
Әкесі мұның себебін анықтауға кірісті.
– Мен Үсен екеуіңе бір емес, бірнеше рет ескерттім, – деді ол не болып жатқанын түсінген соң, – Интернетте алаяқтарға тап болуың мүмкін, үнемі абай болу керек, бірақ сен мені тыңдамадың! Сірә, сенің BigRat есімді досың – ересек адам және ол сен сияқты сенгіш балалардың ақшасын ұрлаумен айналысады! Оның аты да айтып тұр емес пе! – деп Жарқын Арманұлы баласына зекіп алды. – Ол саған ақылы SMS хабарламалар жіберді, ұялы телефоныңда ақша таусылғаны содан. Енді SIM картасын өзгертуге тура келеді. Қазір мына ойында қандай проблемаға тап болғаныңды анықтауға тырысайық.
Асан әкесіне үміттене қарады:
– Мен ойынға қайтадан қосыла аламын ба? Біраз деңгейге жетіп едім. Өзімнің кейіпкерімнің құрал-жабдығына қыруар ақша жұмсадым, түрлі сыйлық сатып алдым.
– Көңіл көншітерлік ештеңе айта алмаймын, саған BigRat айтқан құпия сөзді енгізген бойда ол сенің аккаунтыңды, онымен қоса бүкіл табысыңды, және де SIM картадағы бар ақшаңды ұрлап алды. Ол аздай, сен секілді ашықауыздарды тонайтын жалған онлайн-ойын дүкеніне сілтеме тастады. Енді саған әлеуметтік желілерде жаңа парақша ашу керек, ескісіне кіре алмайсың. Ол енді сенікі емес, құпия сөз өзгертілген.
Асан жабырқап:
– Менің достарымның бәрі сонда ғой! – деп күмілжіді.
– Оларға дереу парақшаңның бұзылғанын жеткіз. Әйтпесе, бұл BigRat алаяқ сенің достарыңа да зиян келтіруі мүмкін! Ендеше, не тұрыс, бізде талқылайтын мәселе бар – алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеуіміз керек.
Қаржы сөздігі
Фишинг – интернет-алаяқтықтың бір түрі, мақсаты – сенің пластик картаңдағы мәліметтерді алу.
Онлайн-ойын – Интернетке қосылулы күйде ойналатын компьютерлік ойын.
SMS-хабарлама – мобильді телефон арқылы мәтіндік хабарламаларды жіберуге және қабылдауға мүмкіндік беретін қысқаша хабарламалар қызметі.
Спам – алушының келісімінсіз электронды поштамен жарнамалық хабарландыруларды жаппай тарату.
Пайдалы ақпарат жинағы
Интернеттегі алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керек?
Ең бастысы, өзің және ата-анаң, орналасқан жерің туралы ақпаратты, банк карталарының деректерін ешқашан және ешкімге берме.
Тақырыптық форумдарға кіргенде мұқият бол: ол жерде балалардың сеніміне кіріп алып, олардың ақшасын немесе ата-анасының карта деректерін қолға түсіретін алаяқтар да отырады.
Біліп қой, интернетте жалған онлай-ойын дүкендері аз емес, онда сатып алушыны алдау арқылы карта мәліметтерін енгізуге мәжбүрлеп, ақшасын сыпырып алады. Онымен қоса, компьютеріңе немесе ұялы телефоныңа зиянды бағдарламаны «сыйға тартуы» әбден мүмкін. Бұл жеке деректер мен ақшаны ұрлатуға әкеп соғады.
Тағы бір қауіп – алаяқтар балаларға ақылы тестілеуден өтуді, сыйақы алу үшін сауалнамаға қатысуды ұсынады, бұл ақшаны өтіріктен картаға аудармақшы болып, барлық деректерді, соның ішінде банк картасы туралы ақпаратты беруді талап етеді, содан кейін аңқау адамдардың шотындағы ақшаны жымқырады.
Есіңде болсын, адам өз қауіпсіздігіне ең алдымен өзі жауапты!
«Алтын монета» балалар ойын бөлмесі
Комикс-сабақ
Интернеттегі қауіпсіздік ережелері
Ешқандай мәселеге тап болмау үшін, Бүкәлемдік желідегі мінез-құлықтың бірнеше маңызды ережесін орында.
Ұмытпа:
1. ...әлеуметтік желілерде, сондай-ақ ойын чаттарына жөн-жосықсыз тіркеліп, нақты аты-жөніңді, мекенжайыңды және телефон нөміріңді, ата-анаң мен өзіңнің банк картаңның деректемелерін көрсетпеу.
2. ...ақылы интернет-ойындарына, конкурстарға, лотереяларға қатыспау.
3. ...бейтаныс адамдармен желіде сөйлеспеу, егер олар саған қызығушылық танытса, мүлде жоламау.
4. ...күдікті хабарламаларды ашпау және күдікті сайттарға кірмеу.
Шытырман ойын
Интернетте алаяқтардың тұзағына қалай түспеуге болады?
Асан мен Үсен компьютер ойынын ойнауды ұйғарды. Сен оларға қосылып, ағайынды балалардың алаяқтар құрған тұзақтарды айналып өтуіне көмектесе аласың.
Интернетте мыңдаған жол бар, бірақ тек біреуі ғана мәреге жеткізеді.
Мұқият бол!
Қате таңдау:
1. Күдікті сайтқа кірді;
2. Желіде бейтаныс адаммен сөйлесті;
3. Өзінің шын аты-жөнін, мекенжайы мен телефон нөмірін және банк картасының және ата-анасының деректемелерін көрсетті;
4. Ақылы ойынға немесе конкурсқа қатысты.
Ольга Гумирова
Суретші Ирина Легостаева
Аударған Дина Имамбай
Проблемалы несиелер: банк және микроқаржы омбудсмендеріне жүгініңіз
Цифрлық алаяқтық дегеніміз не және одан қалай сақтануға болады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Жеке қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда!
Зейнетақы аннуитеті: ол қалай жұмыс істейді