– Мен болашақ мамандығымды таңдадым, – деп Мұрат өзінің үйіне келген достарына жақсы жаңалығын жеткізді. – Мен қаржыгер боламын!
– Керемет идея, - деп Әлиша оны қостады. – Ал мен қолданбалы өнермен кәсіби түрде айналысамын деп баяғыда шешіп қойғанмын, бірақ алдымен дизайнер мамандығын оқимын.
– Ал мен әкем секілді мал дәрігері болғым келеді. Әрі бұл ауылдағы ең сұранысқа ие мамандық қой. Өзіміз де мал ұстаймыз, білімнің пайдасы тиер, – деді Ерке. – Әкем маған алдымен осы мамандық бойынша ауыл шаруашылығы колледжіне түсуді ұсынды.
Мұрат:
– Айтпақшы, университетке түсуге дайындықты қазірден бастау керек екен, – деп сөзін жалғастырды.
– Анам мұны маған баяғыда айтқан – егер мектепте жақсы оқысаң, тегін оқуға грант ұтып аласың. Мен соған жетуге тырысып жүрмін. Биыл бірінші тоқсанда менде барлық пәннен тек бестік, – деді Әлиша да жеңістік бермей.
Мұрат пен Ерке мұңая күрсінді. Құрбыларына қарағанда бұлар жақсы бағамен мақтана алмайтыны рас. Әсіресе, Ерке.
– Егер мен тек үштікке оқысам, гранттың ауылы алыс десеңші... Арманымнан бас тартуға тура келеді екен-ау? – Еркенің ұнжырғасы түсіп кетті.
– Ойынға емес, сабаққа көбірек уақыт бөлсең қайтеді? – деп қағытты Әлиша.
– Арманыңа жетудің жолы бар, әрине! Қиынырақ болса да! – Мұрат досына дем бере сөйледі. – Мен google-дан университетке түсу туралы ақпарат іздеген едім, біраз қызық нәрсе таптым!
Мұрат ноутбукты қосты.
– Міне, қараңдар!
Достар экранда пайда болған мәтінді оқи бастады.
– Білім беру жинағы депозитін қалай ашуға болады... – деді Ерке дауыстап. – Бұл жоғары оқу орнына түсу мәселесін шешуге көмектеседі деп ойлайсың ба?
Мұрат келіскен сыңаймен басын изеп, қойын дәптерін ашты:
– Ғаламторда бір мемлекеттік бағдарлама туралы көп ақпарат бар, мен ең маңыздысын жазып алдым. Яғни, елімізде 2013 жылдан бері Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бар. Соның арқасында кез келген адам екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру компанияларында арнайы білім беру депозитін ашып, оқуға ақша жинай алады. Жиналған қаражатпен кез келген университетте немесе колледжде, тіпті шетелде де оқу ақысын төлей аласың! Қаражатты үш немесе одан да көп жыл жинауға болады.
– Ал бізге оқуға түсуге әлі 7 жыл бар! – деп Әлиша еске салды.
– Уақыт жеткілікті екен, ендеше қажетті соманы жинауға әбден болады! - деді Мұрат сеніммен. – Депозит ашу үшін шотқа 8 мың теңгеден сәл асатын ақша салу керек. Содан кейін салымды үнемі толықтырып отырасың.
– Ал пайызы ше? – Еркенің егжей-тегжейлі білгісі бар.
– Білім беру депозитіне қаржы ұйымының сыйақысы қосылады, одан бөлек жыл сайын салым сомасының 5-7 пайызы көлемінде мемлекет сыйлықақысы бар. Депозит сомасы көп болған сайын сыйлықақы соғұрлым көп болады. Тағы бір маңызды жайт, мемлекет депозиттің қорғалуына кепілдік береді.
– Білім депозитін ашу үшін не қажет екен? – Еркенің қатты қызыққаны сонша, не істеу керектігін анықтап біліп алуды жөн көрді.
– Қане, оқиық: «Егер білім беру депозитін ашу үшін банкке барсаңыз, онда екі құжат қажет: ата-анасының біреуінің жеке куәлігі және баланың туу туралы куәлігі мен ЖСН-і».
– Сонда банктегі білім беру депозитінің сақтандыру компаниялары ұсынатын депозиттен қандай айырмашылығы бар? – деп Ерке қазбалай сұрады.
– Бұл жөнінде интернетте «Сақтандыру арқылы қорғау және төлемге толық кепілдік беру» деп жазылған! – Мұрат тағы да дауыстап оқыды.
– Қызық, сонда бұл депозитті өзіміз де толықтыра аламыз ба? – Ерке тіпті қайтар емес.
– Бұл өте маңызды сұрақ, – деді Әлиша Еркені қолдап. – Мәселен мен қолөнер бұйымдарын сату арқылы азын-аулақ ақша табамын, сол қаражатты депозитке аударуыма болады.
Мұрат оларға жауап беру үшін жазбаларын парақтады:
– Банктағы шотты онлайн толықтыруға болады. Яғни, балалардың банк картасы болса, ақшаны өзіміз де саламыз.
Күмілжіп, кекілін сипаған Ерке:
– Ал егер мен, мысалы, білім беру депозитіне ақша жинадым делік. Содан оқуды бітірген соң, паһ, шіркін, университетте немесе колледжде оқуға грант ұтып алсам ше? Жаңағы ақша не болмақ? – деді ойын жасырмай.
Депозиттегі ақшаны мемлекет пен банк берген барлық пайызымен қоса алып, басқа баланың атына аударуға болады. Немесе басқа деңгейдегі білім алу, мысалы, магистратурада оқу үшін одан әрі жинақтай беруге болады.
– Демек, бұл ақшаны мен пайдаланбасам, іні-қарындастарымды оқытуға жұмсауға болады ғой, иә? Бұнысы керемет екен!
– Сонымен сен оқуға шындап кірісетін болдың ба? – деді Әлиша қуанышты жүзбен. – Ендеше, жарысайық: екінші тоқсанда кімнің бестігі көп болса, жаңа жылдық шыршаның ең үлкен сыйлығы соған бұйырады!
Мұрат пен Ерке күліп жіберді. Оларға кілең беспен оқитын Әлишамен жарысу қайда.
– Енді, тым болмаса саған жетуге тырысып көрейік! «Болмасаң да ұқсап бақ» деген емес пе? – Мұрат уәде берді.
Үйге бара салысымен білім беру жинағы жөнінде ата-анаммен
сөйлесуім керек, – деп Ерке бүгінгі әңгіменің тоқетерін айтты.
– Ал мен бұны әжеммен талқылап қойғанмын, – деді Мұрат. – Ол келісті. Әжем тіпті депозит ашуға ақша берді, – деді де бала сөреден тасбақа-қобдишаны алып көрсетті. Оның ішінде 10 мың теңгелік банкнот жатыр еді.
___________
Білім беру жинақтау салымы – оқу ақысын төлеуге арналған қаражатты жинақтау үшін ашылатын арнайы депозит.
___________
Ойға алған дүниеңе жету үшін, мысалы, жақсы білім алу үшін нақты мақсат қою керек.
Білім депозиті – мақсатқа жетудің бір құралы. Сен ақша жинай отырып, және де ата-анаңа есепшотты үнемі толықтырып отыруды еске салу арқылы университетте немесе колледжде оқуыңа қажетті қаражатты жинауға көмектесе аласың.
Өз идеяңды жүзеге асыру үшін қажетсіз нәрселерден бас тартуды үйрен.
Шығындарды қадағалап отыру өте маңызды, сонда сен қандай затты сатып алу қажет және ненің артық шығын екенін түсінесің.
Күнделікті қанша ақша жұмсағаныңды және қанша жинағаныңды санауды ережеге айналдыр.
Ешқашан шектен тыс үнемшіл болма, денсаулықтан, тамақтанудан және, әрине, білімнен үнемдеуге болмайды.
Жұмыстың жаманы жоқ, бірақ қосымша ақша табатын жұмыстарың заңды және қауіпсіз, жасыңа сай болуы керек. Есіңде болсын, оқу – сенің жұмысың. Неғұрлым жақсы оқысаң, колледжде немесе университетте тегін білім алу мүмкіндігің соғұрлым жоғары. Сенің арманың міндетті түрде орындалады!
_____________
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары