Мұрат істі кейінге қалдыруды ұнатпайтын. Ол балаларға арналған карта жайында егжей-тегжейлі білу үшін достарын бірден банкке баруға шақырды. Ол үшін алысқа барудың қажеті жоқ – банк көшенің арғы бетінде.
– Мен өзімді құдды миллионер сезініп тұрмын! – Мұрат банк бөлімшесінің кіреберісіне тоқтай қалып, достарымен әзілдескісі келгендей. – Болашақта...
– Ал мен олардың бізді нағыз тұтынушылардай қарсы алатынына күмәнім бар, – деп оның сөзін бөлген Ерке әлі де екі ойлы. – Бәлкім, ата-анамызбен келгеніміз дұрыс шығар?
– Біз жай ғана анық-қанығын сұраймыз ғой! – деп Әлиша досын жігерлендіріп қойды.
– Несі бар, тәуекел... – Мұрат есікті батыл ашты.
Кірген бетте осында көп жылдан бері күзетші болып істейтін көрші Асқар ағай күлімсірей қарсы алды:
– Балалар, сендер бізге қызықтау үшін келдіңдер ме, әлде шаруамен бе?
– Сәлеметсіз бе, Асқар аға, біз бір жұмыспен жүрміз! Балаларға арналған банк картасы туралы кеңес алғымыз келеді.
– Жарайды, ендеше талон алып, банк картасының менеджері шақырғанша күту керек.
Достар орындыққа жайғасты. Кезек тез жылжыды.
– Балалардың банк картасын аша аламыз ба? Ол үшін не қажет?
Дана есімді менеджер бұл сұраққа таңғала қоймады.
– Сендер біздің немесе кез келген басқа банкке ата-аналарыңмен бірге келулерің керек, өйткені балалар картасы ересек адамның негізгі шотына байланады. Ол үшін ЖСН нөмір ғана қажет. Картаны онлайн түрде, мобильді банк қосымшасы арқылы алуға да болады. Сонда банкке келіп әуре болмайсың!
– Ата-анасыз карта ашуға болмай ма?
– Біздің банкте жеке куәлік алғаннан кейін, яғни 16 жасқа толғанда ғана ата-ананың араласуынсыз және бақылауынсыз өз бетіңше карта ашуға болады.
– Бұл қызмет қанша тұрады? – деп Ерке анықтап алғысы келді.
– Балалар картасын беру және қызмет көрсету тегін.
– О, бұл маған ұнайды! – Бала қуанып кетті.
– Мен дүкеннен және интернеттен зат сатып алу үшін картамен есептесе аламын ба? Егер маған қолма-қол ақша қажет болса ше? – деп сұрады Мұрат.
– Әрине. Бір ескертетін жайт: ата-аналар қолма-қол ақша алуға, аударуға немесе онлайн сатып алуға шектеу қоя алады.
– Рахмет! – Балалар жамырай қоштасып, кетуге ыңғайланды.
Олардың бұл қылығына таңғалған менеджер:
– Сонда сендер қауіпсіздік ережесі туралы білгілерің келмей ме? – деді.
– Банк картасы автокөлік немесе газ плитасы емес, жай ғана бір жапырақ пластик қой! – Ерке күлді. – Қайдағы қауіпсіздік?
– Кейбір банктер пластик емес, виртуалды карталар ұсынады, оны да ата-ана баласына ашып берсе болады. Мұндай карталар да ата-ана шотына байланған және балалар смартфон көмегімен төлем жасай алады. Картаның пластик тасымалдаушысы бар ма, жоқ па, ол маңызды емес. Бірақ, сіз банк картасын пайдаланудың кейбір ережесін сақтамасаңыз, біраз қиындыққа тап болып, қаржы алаяқтарының құрбаны болуыңыз мүмкін, – деп басын шайқады менеджер. – Банктер өз клиентін барынша қорғауға тырысқанмен де, егер адам өзі салғырт болса, одан еш нәтиже шықпайды.
– Қалай сонда, картадағы ақшаны да ұрлай ма? – Мұрат ойланып қалды.
– Әлбетте! Біздің банк жас клиенттеріміз үшін дайындаған арнайы жадынамада бұның бәрі жазылған. – Дана балаларға суретті кітапша ұсынды.
Балалар кітапшадағы ақыл-кеңесті дауыстап оқи бастады:
– Картаңызды ешкімге бермеңіз және оның деректемелерін, яғни карта нөмірін, арт жағындағы CVC немесе CVV коды деп аталатын үш таңбалы кодты ешкімге айтпаңыз. Картаның жарамдылық мерзімі мен PIN кодын жарияламаңыз.
– Бұл ескерту SMS немесе push-хабарлама арқылы келетін құпия кодтарға да қатысты.
PIN-код туралы тағы былай дейді: «Оны картамен бірге сақтауға және оның бетіне жазып қоюға болмайды», – деп Әлиша келесі кеңесті оқыды.
– Егер картаны аяқ астынан жоғалтып алсаң, дереу ата-анаңа хабарлау керек немесе банктің жедел желісіне қоңырау шалу керек, – деп қосты Дана. – Айтпақшы, картаны рәсімдегеннен кейін смартфондағы байланыс тізіміне банктің қолдау қызметінің нөмірін қосуды ұмытпаңдар! Бұл әлдебір мәселе туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білу үшін қажет. Тағы айтарым, сізге немесе ата-анаңызға ақша аударуды өтініп, не болмаса карта деректемелерін сұрап қоңырау шалса, оған сенбеңіз. Бұл телефон алаяқтары болуы ықтимал. Одан да банкке хабарласып, ақпаратты нақтылаған дұрыс.
Жарайды, бәрін түсіндік, сізге көп рахмет, – балалар Данаға алғыс айтты.
– Меніңше, ақшаны қалтаға салғаннан гөрі карта ыңғайлы, – деп Ерке банкке сапардан түйген ойын айтты.
Осы сәтте Әлиша әмиянынан смартфонын алып, мобильді қосымшаға қарады да мәз болды:
– Балалар, анам бізге балмұздақ алуға ақша жіберді!
_______
PIN-код – төрт таңбалы құпия комбинация, ол банкоматтан қолма-қол ақша алу және сауда орнында төлемді растау үшін қажет.
Банк операциясын растау коды – ақша аударған кезде немесе сайт арқылы зат сатып алғанда телефонға SMS түрінде, не болмаса push-хабарлама арқылы келетін құпия код.
CVC/CVV2 – картаның артқы жағында басылған, оның шынайылығын білдіретін үш таңбалы код.
________
Қызықты ақпарат қоржыны
Сен білесің бе…
...Қазіргі таңда жас қазақстандықтар банк картасын алты қазақстандық банктен ала алады.
…кейбір банкте балаларға бес жастан бастап карта ашуға болады.
…заманауи смартфондарда төлем жасауға мүмкіндік беретін арнайы NFC (Near-Field Communication) технологиясы бар. Төлем жасау үшін мобильді қосымшаға өзіңнің банк картаңның деректемелерін енгізу қажет, сонда дүкенге картасыз да баруға болады.
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Әлем жұлдыздары үнемділік пен ақша жинау туралы
Жинақтауға арналған сақтандыру – оны қалай пайдалануға болады
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар