Алаяқтық схемалар жиі өзгеріп отырады және бірнеше кезеңнен тұруы мүмкін. Қаскүнемдер өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік немесе өзге де ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, кредиттің мақұлданғаны туралы хабарлар жібереді, жалған интернет-ресурстарды пайдаланады және дереу әрекет етуді талап ететін жағдайлар туындатады.
Олар көбіне адамдардың бойында үрей тудыруды көздейді: адамға күдікті операция, оның атына кредит ресімдеу әрекеті немесе ақшадан айырылу қаупі туралы хабарлап, содан кейін белгілі бір нұсқауларды орындауды ұсынады, Мақсаты - адамды конфиденциалды деректерді ашуға, операцияны растауға, кредит ресімдеуге немесе ақша аударуға итермелеу.
Қандай белгілерге күдікпен қарау керектігі және өзіңізді қаржылық алаяқтықтан қалай қорғауға болатындығы туралы Fingramota.kz-пен бірге білетін боламыз.
«Сіздің кредитіңіз мақұлданып қойған»
Алаяқтық сценарийлердің бірі күтпеген хабардан басталады. Телефонға, мессенджерге немесе электрондық поштаға «Сіздің өтініміңіз мақұлданды», «Қарыз алуды растаңыз» немесе «Кредит ресімдеуді аяқтау үшін сілтеме арқылы өтіңіз» деген хабарлама келуі мүмкін.
Егер сіз өтінім бермеген болсаңыз, кредиттің мақұлданғаны туралы хабарға мұқият назар аудару керек. Аталған жағдайда қаскүнемдер адамның қызығушылық танытып не оның атынан кредит ресімдеу әрекетінен сақтану шарасы ретінде сілтемеге өтетініне сенеді.
Сілтеме банктің, микроқаржы ұйымының немесе басқа да танымал сервистің сайты сияқты жасалған жалған интернет-ресурсқа әкелуі мүмкін. Сендіру үшін қаскүнемдер логотиптерді, фирмалық түстерді және осындай ресурстарды безендірудің басқа да элементтерді пайдалануы мүмкін.
Одан әрі пайдаланушыға дербес немесе төлем деректерін, банк картасының деректемелерін, логин мен құпиясөзді көрсету, SMS арқылы келген растау кодын енгізу не құрылғыға қолжетімділік беру туралы өтініш жасалуы мүмкін.
Алынған мәліметтер алаяқтық схеманы одан әрі дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, адамға банк, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атын жамылып қоңырау соғып, оның ақшасына қауіп төніп тұрғаны немесе кредит ресімдеу әрекеті туралы хабарлауы және шұғыл түрде белгілі бір әрекеттер жасауды ұсынуы мүмкін.
Егер сіз өзіңіз ресімдемеген кредитті мақұлдау туралы хабарлама алсаңыз, ондағы сілтеме арқылы өтпеңіз және көрсетілген байланыс деректерін пайдаланбаңыз. Қаржы ұйымының ресми қосымшасын өз бетіңізше ашыңыз немесе оған ресми нөмір бойынша хабарласыңыз.
Банк операцияларын растау үшін ешкімге SMS және push кодтарын, құпиясөздерді, PIN кодтарын, CVV/CVC карта кодын және басқа деректерді хабарламаңыз.
Кеңінен таралған қорғау схемалары мен әдістері туралы толығырақ Fingramota.kz. сайтындағы «Абайлаңыз, алаяқтар!» бөлімінде білуге болады.
«Біз алаяқтық кредиттің күшін жоюға көмектесеміз»
Әлеуметтік инженерияның тағы бір сценарийі адамды кредитті немесе қарызды өз бетінше ресімдеуге және алынған ақшаны алаяқтарға беруге сендіруге бағытталған.
Схема өзін байланыс операторының, банктің немесе өзге ұйымның қызметкері ретінде таныстырған адамнан қоңыраудан немесе хабарламадан басталуы мүмкін. Әр түрлі сылтаулармен адамнан растау кодын хабарлауды сұрауы мүмкін. Содан кейін өздерін банк, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдар әңгімеге араласады. Олар азаматтың атына кредит ресімдеу әрекеті, күдікті операция немесе оның ақшасына қауіп төндіретіні туралы хабарлайды.
Алаяқтықтың алдын алу сылтауымен адам нұсқауларды шұғыл орындауға көндіріледі. Мысалы, олар алаяқтық өтінімнің «күшін жою» үшін кредитті өз бетінше ресімдеуге, содан кейін алынған немесе меншікті қаражатты көрсетілген «қауіпсіз», «қорғалған» немесе «резервтік» шотқа аударуға сендіре алады.
Мұндай талаптар алаяқтыққа тән белгі болып табылады. Банктердің, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтардан кредиттер ресімдеуді, растау кодтарын хабарлауды, оларды сақтау үшін ақшаны басқа шоттарға аударуды немесе олардың нұсқауы бойынша қаржылық операциялар жасауды талап етпейді.
Сендіру үшін алаяқтар өздері білетін адам туралы ақпаратты пайдалана алады. Алайда, аты-жөнін, телефон нөмірін немесе басқа дербес деректерді білу қоңырау шалушының шынымен банктің немесе мемлекеттік органның қызметкері екенін растамайды.
Егер сізге сіздің атыңызға берілген кредит туралы хабарланса, қоңырау шалушының нұсқауларын орындамаңыз. Әңгімені аяқтаңыз және банкке ресми арналар арқылы өзіңіз хабарласыңыз. Қажет болса, өзіңіздің кредиттік тарихыңызды тексеріңіз.
Мұндай схемалар неліктен жұмыс істейді?
Қаржылық сауаттылығы төмен адамдар ғана алаяқтардың құрбаны болады деп ойлау қате. Әлеуметтік инженерия ең алдымен адамның күйзеліс пен уақыт тапшылығы жағдайындағы эмоциясы мен мінез-құлқына сүйенеді, сондықтан оның ықпалына кез келген адам түсуі мүмкін.
Алаяқтар шұғыл әрекет ету сезімін тудырады, ақшаны жоғалту ықтималдығымен қорқытады, танымал ұйымдардың атауларын, кәсіби терминологияны және адам туралы қолда бар мәліметтерді пайдаланады. Олардың міндеті – сенім немесе алаңдаушылық тудырып, адамды ақпаратты өз бетінше тексеруге үлгермей тұрып әрекет етуге итермелеу.
Сондықтан қорғаудың маңызды шарасы – қысымның әсерімен қаржылық шешім қабылдамау және белгісіз тұлғалардың шұғыл нұсқауларын орындамау. Егер әңгіме сіздің ақшаңызға, банктік шотыңызға немесе кредитіңізге қатысты болса, оны тоқтатыңыз және ақпаратты ресми арналар арқылы өз бетіңізше тексеріңіз.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз
Бөліп төлеу: шағын төлемдер үлкен жүктемеге айналғанда
Абайлаңыз: кредит! Алаяқтық схемаларды қалай анықтауға болады?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Өз дербес деректеріңізді сақтаңыздар! Алаяқтар жанданды!
Қазақстанда қаржылық пирамидаларға тыйым салынған!
Қаржылық тұрғыдан сауатты IPO: енді бастайтын инвестор нені білуі керек
Қарызды өтеудің ыңғайлы тәсілі: төлем кестесін есептеу, өтініштер беру және құжаттарға қол қою
Finkelisim жаңа платформасы несие берешегін реттеу ережелерін қалай өзгертеді