Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруде

time 17.11.2022
aye 3477
Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруде

Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін күшейту, оларға қаржы ұйымдарының қызметі және олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы толық және қолжетімді ақпарат беру болып табылады.

2022 жылы Агенттіктің назары қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін қарауға бағытталды, осыған байланысты осы саладағы қадағалау рәсімдері айтарлықтай өзгерді. Атап айтқанда, келіп түскен барлық өтініштер бойынша талдамалық деректер жиналады, соның негізінде қаржылық қызметтерді тұтынушылар тап болатын нақты проблемаларды сәйкестендіру, сондай-ақ кемшіліктерді жою үшін жедел қадағалау шаралары қабылданады.

Мәселен, 2022 жылдың 9 айында Агенттік жеке және заңды тұлғалардың 23 мың өтінішін қарады, олардың 16,6 мыңы немесе 71%-ы банк секторына тиесілі. Банктер бойынша түскен өтініштердің жалпы санынан шамамен 66%-ы немесе 10,9 мың өтініш тұтынушылық қарыздармен байланысты. Агенттік келіп түскен барлық өтініштер бойынша құжаттық тексерулер жүргізді, оның қорытындысы бойынша жыл басынан бері нарық субъектілеріне жалпы сомасы 102,9 млн теңгеге 162 шара және 136 санкция қолданылды. Өткен жылдың осы кезеңінде жалпы сомасы 23,7 млн теңгеге 141 қадағалап ден қою шарасы, 80 санкция қолданылды.

1) Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды бағыты қаржылық қызметтерді тұтынушылар үшін артық шығындар тудыратын немесе олармен байланысты экономикалық пайданы шектейтін жосықсыз практикаларды анықтау үшін қаржы ұйымдарына тақырыптық тексерулер жүргізу болып табылады.

Ағымдағы жылы азаматтардың өтініштері негізінде қарыз алушыларға тұтынушылық кредиттер алу кезінде сақтандыру шарттарын «таңу», сондай-ақ микрокредит беру кезінде «жүктелген» қосымша кеңес беру қызметтерін сату, артық комиссиялар мен айыппұлдарды заңсыз алу жағдайлары анықталды.

Мұндай жосықсыз практикаларды болдырмау үшін Агенттік 2022 жылғы маусымда банктік қарыз шартын жасасу талаптары мен тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер қабылдады.

Біріншіден, бөлшек кредит беру кезінде қарыз алушыға кез келген сақтандыру ұйымында немесе кредит беруші ұсынған үш сақтандыру ұйымының бірінде өз жауапкершілігін өз бетінше сақтандыру құқығы беріледі.

Екіншіден, әрбір таңдалған талаппен клиенттің келісуін жазбаша тіркеу міндетті талап болып табылады. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтер және айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар) алу бойынша шектеулер туралы толық және анық ақпаратты ашуына қатысты түзетулер енгізу шараларын қабылданды.

2) Агенттік жұмысының маңызды бағыты тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзу тәуекелдерін болдырмау үшін заңнамалық қамтамасыз етуді күшейту болып табылады. Ол үшін Агенттік қаржы нарығы секторлары бойынша азаматтардың өтініштерін жүйелі талдау негізінде тұтынушының әлеуметтік портретін қалыптастырады, жаппай тұтынушы барынша ұшырайтын тәуекелдерді айқындайды, қажетті заңнамалық бастамаларды әзірлейді.

Қарыз алушылардың құқықтарын күшейту үшін 2021 жылы банктердің және МҚҰ-дың азаматтардың мерзімі өткен берешегін сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай тәртібін енгізуді, қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеуді, кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер бойынша азаматтардың мерзімі өткен берешегінің өсуіне жол бермеуді, берешекті өндіріп алу кезінде ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын күшейтуді көздейтін Агенттік әзірлеген заңнамалық түзетулер блогы қабылданды. 

Азаматтардың ипотекалық қарыздары бойынша берешекті өндіріп алу мәселелерінде борышкерлер мен кредиторлар құқықтарының теңгерімсіздігі байқалды, оны жою шеңберінде ипотекалық қарыз алушылардың құқықтары: қарыз алушылардың кепілді үш ай мерзімде дербес сот арқылы не соттан тыс сату құқығын белгілеу; кепілдің сату бағасын бастапқы бағалау құнынан 50%-дан 75%-ға дейін арттыру; кредитордың, оның қызметкерлерінің және үлестес тұлғалардың сауда-саттыққа қатысуына тыйымды енгізу арқылы заң жүзінде күшейтілді.

3) Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қадағалау қызметін жетілдіру бойынша басым бағыттарды әзірледі.

Қаржы нарығына қатысушылардың тұтынушылармен жұмыс істеудің іс-қимыл (этикалық) стандарттарын сақтауына негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін енгізу басты мәселе болып табылады.

Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың негізгі элементі қаржы ұйымының іс-қимыл тәуекел-бейінін қалыптастыру болып табылады, оның деңгейі бастапқы кезеңдерде тұтынушылар үшін тәуекелдердің алдын алу үшін қадағалау шараларын қабылдауға, қаржы ұйымының клиенттермен өзара іс-қимылының сапасы мен рәсімдерін жақсартуға мүмкіндік береді.

Іс-қимыл тәуекел-бейінін бағалау үшін Агенттік реттеушінің назарын ықтимал бұзушылықтардың ең жоғары тәуекелдері анықталған қаржы ұйымдары қызметінің салаларына аударуға мүмкіндік беретін арнайы әдіснама әзірледі. Жеке тәуекел бейінін бағалау процесінде қаржы ұйымдарының тәуекелдерін бақылау мен басқарудың ішкі рәсімдерін, тұтынушылармен қарым-қатынастың барлық процесін талдау көзделеді. Қаржы ұйымына берілген іс-қимыл тәуекел бейініне байланысты жүргізілетін қадағалау іс-шараларының қарқындылығы айқындалады.

Қаржы ұйымдарының іс-қимыл бейінінің әдіснамасы негізінде Агенттік тұтынушыларға қызмет көрсету кезінде оларды хабардар ету бойынша қаржы ұйымдарына қойылатын нормативтік талаптарды әзірледі:

  • тұтынушылардың нысаналы топтарына олардың қажеттіліктері мен күтулеріне сәйкес қызметтер мен өнімдерді ұсыну;
  • тұтынушының ұсынылған талаптармен қызмет (өнім) шартын жасасудың орындылығы туралы салмақты шешім қабылдауы үшін жеткілікті ақпаратты ашу.

4) Қаржы өнімдерінің мониторингін енгізу тағы бір маңызды бағыт болып табылады.

Бүгінгі күні тұтынушылардың өтініштері санының өсуіне себеп болатын факторлардың бірі сатып алынған өнімнің тұтынушының қажеттіліктері мен сипаттамаларына (оның ішінде кіріс деңгейіне, тәжірибесіне, қаржылық сауаттылығына және т.б.) сәйкес келмеуі, сондай-ақ даулы жағдайды реттеу үшін қаржы ұйымдары арасындағы олардың клиенттерінің өзара іс-қимыл арналарының шектеулілігі болып табылады.

Ол үшін Агенттік қаржы өнімнің өмірлік циклінің негізгі кезеңдерін: өнімді әзірлеу мен жылжытудан бастап сынақ сатылымдарына (тестілеуге) және тиімділікті талдауға дейін тексеруді көздейтін қаржылық өнімдердің қашықтан мониторингі жүйесін әзірледі. Бұл шара тұтынушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұсынылатын қаржы өнімдерін дербестендіруге, оларға белгілі бір клиенттер ұшырауы мүмкін тәуекелдерді реттеу процестері мен рәсімдерін бейімдеуге мүмкіндік береді.

Қаржы өнімдерінің мониторингі тетігін енгізу және қаржылық алаяқтықтың алдын алу үшін Агенттік Агенттіктің өкілеттіктерін кеңейтуге, оның ішінде «құпия сатып алушы» әдісімен бақылау іс-шараларын жүргізу бөлігінде заңнамалық түзетулер блогын әзірледі. Бұл шара қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзу тәуекелдерін азайтуға, клиенттермен шарт жасасу алдындағы және шарт жасасудан кейінгі жұмыстардың сапасын бақылауды күшейтуге, қаржылық қызметтерді көрсету кезінде жосықсыз практикаға жағдайлардың туындауын азайтуға мүмкіндік береді.

white-arrow Тізімге