Депозит: салымды қалай таңдау, жинақтарды қалай қорғау керек және кірісті жоғалтып алмау үшін не істеу керек?

time 4.09.2026
aye 1664
Депозит: салымды қалай таңдау, жинақтарды қалай қорғау керек және кірісті жоғалтып алмау үшін не істеу керек?

Депозит жинақтарды сақтау мен арттырудың барынша сұранысқа ие және түсінікті тәсілдерінің бірі болып қала береді. Бірақ салымдардың шарттары өзгеріп отырады, ал жоғары мөлшерлеме ақшаны кез келген уақытта емін-еркін шығарып алуға болатындығын білдірмейді. Сондықтан, депозит ашудан бұрын сыйақы мөлшерлемесін ғана емес, сондай-ақ оны толықтыру, шығарып алу және мерзімінен бұрын бұзу шарттары туралы да түсініп алу маңызды. Fingramota.kz-пен бірге нақтылап білейік. 

Депозиттер нарығында не өзгерді? 

2026 жылы депозиттер жеткілікті жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында ақша жинаудың тартымды құралы болып қала береді. Бұл ретте салымды таңдау кезінде тек пайыздық мөлшерлемені ғана емес, сондай-ақ оны қалыптастыратын қағидаларды да ескеру қажет.

Соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің бірі мөлшерлемелерді реттеуге қатысты болды. 2025 жылғы наурыздан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) жеке тұлғалардың пайыздық мөлшерлемесі тұрақты, теңгедегі депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейді және жарияламайды. Яғни, банктер мұндай өнімдердің шарттарын нарықтық бәсекелестік шеңберінде дербес түрде қалыптастырады.

Бұл ретте ҚДКҚ шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді жалғастырады, сондай-ақ кепілдік беру жүйесінің орнықтылығын қадағалап отыр.

Депозиттердің тартымдылығына ықпал ететін тағы бір фактор – Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейі. 2026 жылғы шілдеде ол +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,75%-ға дейін азайды. Бұл ретте жылдық инфляция маусым айында 10,3%-ды құрады.

Салымшы үшін бұл қарапайым нәрсені білдіреді: депозит бойынша пайыздық мөлшерлеме өздігінен емес, ағымдағы инфляция мен қаржы нарығындағы жалпы жағдай тұрғысынан қаралуы керек.

Ұлттық Банктің мәліметінше, жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 2026 жылғы маусымда шамамен жылдық
14,7%-ды құрады. Бұл ретте нақты шарттар банкке, салымның түріне, ақшаны толықтыру немесе шығарып алу мерзімі мен мүмкіндігіне қарай елеулі түрде ерекшеленуі мүмкін.

Мемлекет қандай соманы қорғайды?  

Қазақстанда депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. Егер жүйеге қатысушы банк барлық банктік операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айырылса, салымшы заңда белгіленген сома шегінде кепілдік берілген өтемақыны ала алады.

Кепілдіктің ең жоғары мөлшері салымның түрі мен валютасына байланысты болады:

  • 20 млн теңгеге дейін – теңгедегі жинақ депозиттері бойынша;
  • 10 млн теңгеге дейін – теңгедегі басқа депозиттер, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен банк карточкаларындағы ақша бойынша;
  • 5 млн теңгеге дейін – белгіленген бағам бойынша баламасында шетел валютасындағы депозиттер, шоттар мен карточкалар бойынша.

Бұл ретте мына нәрсені түсіну маңызды: егер бір банкте бір адамда  депозиттің бірнеше түрі болатын болса, лимиттер шексіз қосыла бермейді. Бір банктегі барлық депозит бойынша кепілдік берілген өтемақының жиынтық сомасы салымның әрбір түрі бойынша белгіленген лимиттерді ескере отырып,
20 млн теңгеден аспауға тиіс.

Мысалы, егер салымшының 18 млн теңгеге жинақ депозиті және сол банктегі карточкалық шотында тағы ақша болса, кепілдіктің жалпы мөлшері бәрібір 20 млн теңгемен шектелген.

Ал кепілдік беру жүйесіне қатысушы әртүрлі банктерде орналастырылған депозиттерге әр банкте жеке-жеке кепілдік беріледі. Сондықтан жинақтардың сома көп болатын болса, белгіленген лимиттерді ескере отырып, қаражатты бірнеше банктің арасында бөлуге болады.

Кепілдік салымның негізгі сомасына ғана емес, сондай-ақ сақтандыру жағдайы басталған күнге есептелген сыйақыға да қолданылады. Сондықтан депозит сомасын жоспарлаған кезде болашақ пайыздарды да ескерген жөн.

Бұл ретте кепілдік беру жүйесі барлық қаржы өнімдеріне қолданыла бермейді. Мысалы, оған жеке тұлғалардың металл шоттары, депозиттік сертификаттар, банк ұяшықтарындағы ақша мен құндылықтар, сондай-ақ ислам банктеріндегі депозиттер кірмейді. 

Неліктен жинақ салымын қарапайым шот ретінде қабылдауға болмайды?

Жинақ салымы неғұрлым жоғары кірістілікті ұсына алады, бірақ бұл үшін салымшы ақшаны пайдаланудың барынша қатаң шарттарына келіседі.

Басты ерекшелігі – шектеулі мерзімінен бұрын алу. Жинақ салымынан қаражатты ішінара алу көзделмеген. Егер ақша мерзімінен бұрын қажет болса, салымшы банкті күнтізбелік 30 күн бұрын хабардар ете отырып, шартты мерзімінен бұрын бұза алады. Бұл ретте есептелген сыйақы айтарлықтай азайтылуы мүмкін – іс жүзінде салымшының кірістің көп бөлігін жоғалту қаупі бар.

Сондықтан жинақ депозитін жақын арада қажет болмайтын ақша құралы ретінде қарастырған дұрыс.

Мысалы, егер адам бір жылдан кейін пәтердің бастапқы жарнасына ақша жинаса, жинақ салымы осы мақсатқа сай болуы мүмкін. Бірақ егер дәл сол ақша оқу ақысын төлеуге, жөндеуге, емделуге, ірі сатып алуға немесе кенеттен туындауы мүмкін басқа шығыстарға арналған болса, оларды ұзақ мерзімге толығымен бұғаттау қауіпті.

Жоғары мөлшерлеменің салымшы шарттың талаптарын орындай алатын кезде ғана мағынасы бар.

Басқаша айтқанда, депозитті тек «көбірек пайызы бар» қағидаты бойынша таңдауға болмайды. Кейде кірістілігі сәл төмен, бірақ толықтыру немесе ыңғайлы алу мүмкіндігі бар депозит тиімдірек болады. 

Шығыстарды депозит ашылғанға дейін жоспарлаңыз

Кең таралған қателіктердің бірі – күтпеген шығыстарға қаражат қалдырмай, барлық бос ақшаны депозитке жіберу.

Салымды ашпас бұрын, алдағы айларда қажет болуы мүмкін соманы анықтаған жөн. Бұл ақшаны шотта немесе оған жылдам қол жеткізуге болатын басқа құралда ұстаған дұрыс.

Қаржы жастықшасын бөлек қалыптастыру қажет. Оның мөлшері жеке жағдайға және тұрақты шығыстарға байланысты. Ең бастысы – қажетті төлемдерге арналған ақша ұзақ мерзімді депозит шарттарымен толық байланысты болмауы керек.

Ірі шығыстардың күнтізбесін алдын-ала жасау пайдалы: оқу ақысы, сақтандыру, жалдау ақысы, жөндеу, демалыс, салық немесе басқа да міндетті төлемдер.

Осыдан кейін мерзімінен бұрын жабудың қажеті жоқ депозитке салуға болатын соманы анықтауға болады.

Мөлшерлеме мен нақты кірісті шатастырмаңыз 

Депозиттерді салыстыру кезінде тиімді сыйақы мөлшерлемесін, капиталдандыру шарттарын және пайыздарды төлеу кезеңділігін қарау маңызды.

 Мысалы, екі салымның номиналды мөлшерлемесі бірдей болуы мүмкін, бірақ есептелген сыйақы қашан төленетіні және оны капиталдандыруға болатындығы бойынша әр түрлі болады.

Капиталдандыру есептелген сыйақы салымның негізгі сомасына қосылатынын білдіреді, ал одан әрі пайыздар ұлғайтылған сомаға есептеледі.

Сондай-ақ, мөлшерлеменің тұрақты немесе өзгермелі екенін тексеру керек. Өзгермелі мөлшерлеме үшін кірістілік белгілі бір көрсеткішке байланысты өзгеруі мүмкін. ҚДКҚ кейбір өзгермелі мөлшерлемелер бойынша, атап айтқанда, ҚҰБ базалық мөлшерлемесіне, инфляцияға және нарықтық бағдарларға қатысты ең жоғары спрэдтер үшін қағидаларды белгілейді.

Сондықтан, шартқа қол қоймас бұрын, сіз тек бүгін ғана емес, сонымен қатар ақшаны орналастырудың бүкіл мерзімі ішінде қандай мөлшерлеме алатыныңызды түсіну маңызды. 

Нені таңдау керек: депозит немесе облигациялар? 

Депозит – жинақтарды салыстырмалы түрде консервативті орналастырудың жалғыз құралы емес.

Сонымен қатар, балама ретінде мемлекеттік облигацияларды және ірі эмитенттердің облигацияларын қарастыруға болады. Мысалы, 2026 жылғы  шілдеде Қаржы министрлігі мемлекеттік ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелерді орналастырды, олардың өтеуге кірістілігі шамамен жылдық 14%-ды құрайды.

Жеке корпоративтік облигациялардың кірістілігі жоғары болуы мүмкін немесе оны депозитпен салыстыруға болады, бірақ құралдарды тек пайыз бойынша салыстыруға болмайды.

Облигациялардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды сатып алу үшін брокерлік шот қажет, ал құралдың өзі қор нарығында айналыста. Егер инвесторға облигация өтелгенге дейін ақша қажет болса, оны әдетте қайталама нарықта сатуға тура келеді. Бұл кезде баға бастапқы бағадан өзгеше болуы мүмкін, сондықтан қорытынды нәтиже нарықтық жағдайға байланысты.

Облигацияларда да эмитенттің кредиттік тәуекелі бар: қағаздарды кім шығарғанын және оның қаржылық жағдайы қаншалықты орнықты екенін бағалау қажет.

Сондықтан көптеген адамдар үшін депозит қарапайым және ыңғайлы құрал болып қалуда: оны мобильді қосымшада немесе банк бөлімшесінде ашу оңай, ал талаптары шартта алдын ала белгіленеді.

Мемлекеттік және корпоративтік облигациялар инвестициялық құралдармен таныс және қосымша тәуекелдер мен қор нарығының ерекшеліктерін ескеруге дайын адамдар үшін қызықты болуы мүмкін.

Ең бастысы – бір құрал екіншісін әмбебап түрде ауыстырады деп санамау. Депозит бір қаржылық мақсаттарға, облигациялар басқа мақсаттарға арналған.   

Толығырақ "Депозиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге