Кредит – үлкен жауапкершілік. Оны ресімдеуге аса мән беріп, байыппен қарау керек. Бұл қаржы құралын қалай дұрыс пайдалану, кредиттік шартқа қол қою кезінде неге назар аудару керек және банктермен қалай өзара іс-қимыл жасау керек екендігі туралы "Казахстанская правда"республикалық газетіне сұхбатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтып берді.
- Александр Леонидович, қазіргі тұрақсыз қаржылық жағдай кезінде қазақстандықтарға сабырлы әрі ұстамды болу қиынға түсетіні анық. Кейбіреулер дүрбелеңге салынып, тұрмыстық техниканы кредитке немесе бөліп төлеумен сатып алуға асығуда. Қажетсіз кредит алмау үшін не істеу керек?
- Кредит алмай тұрып, ол Сізге шын мәнінде қажет пе екенін ойланыңыз. шұғыл қажеттілік болмаса, қарыз ресімдемеңіз, әсіресе дүрбелеңге бой алдырмаңыз және тағы бір теледидар немесе қажет емес гаджет сатып алмаңыз. Кредит – бұл, ең алдымен, қарыз алушы ретінде сіз белгілі бір уақыт ішінде орындауыңыз керек міндеттеме. Сондықтан, егер сіз кредитті төлей алатыныңызға сенімді болмасаңыз, алмаңыз, жеке бюджетіңізге қосымша ауыртпалық түсірмеңіз! Қарызды төлегеннен гөрі оңай.
Банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) бармас бұрын, кідіріс жасап, қаржылық жағдайыңызды нақты бағалаңыз. Кредиттік міндеттемелерді орындамаған кезде ықтимал проблемаларға тап болмас үшін импульсивті шешімдер қабылдамаңыз. Барлық тәуекелдерді саралаңыз. Мысалы, егер сіз жұмыссыз қалсаңыз немесе ауырып қалу салдарынан уақытша еңбекке жарамсыз болсаңыз және т.б. жағдайларда кредит бойынша төлемді уақтылы төлей аласыз ба екенін ойланыңыз. Қарыз жүктемесінің коэффициенті туралы еске салғым келеді, қарыз алушы өз кірістерін бағалауы керек.
Ай сайынғы төлем кірістің 50%-ынан аспайтын қарыз деңгейі қауіпсіз болып табылады. Кредит бойынша ай сайынғы төлемді төлегеннен кейін сізде ағымдағы шығындар мен жеке қажеттіліктерді өтеу үшін қаражат болуы керек. Қаржылық қауіпсіздік қорын, яғни күтпеген жағдайларға ақша жинақтау өте маңызды. Ол кем дегенде алты айлық жалақы немесе одан көп болуы керек. Сондай кезде, егер сіз, мысалы, уақытша жұмыссыз қалсаңыз, кредит бойынша өз міндеттемелеріңізді уақтылы орындай аласыз. Сауатты және икемді қаржылық жоспарлаудың, қауіпсіздік қорының болуының арқасында сіз қиын кезеңнен қиналмай өтесіз.
- Ал егер, мысалы, мәселе кредитсіз шешілмейтін жағдай болса не істеу керек? Егер мұқият ойланғаннан кейін отбасы кредит алуға шешім қабылдаса? Қалай дұрыс әрекет ету керек?
- Егер сіз кредитті шын мәнінде шұғыл және негізді мақсаттарға алатын болсаңыз, онда алдымен түрлі банктердің, МҚҰ-ның кредиттік ұсыныстарын мониторингтеңіз, олардың өнімдері мен шарттарын талдаңыз. Ешбір жағдайда тартымды жарнамаға сенбеңіз. Клиенттердің пікірлерін, банктің көрсеткіштері туралы қаржылық мәліметтерді оқып шығыңыз, оның беделі жайлы сұрастырып, біліңіз. Кредит алған достарыңызбен, таныстарыңызбен сөйлесіңіз. Олармен сөйлескеннен кейін иллюзия ықтималдығы азаяды. Банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді, онлайн-кредиттерді тек ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдарда ғана ресімдеңіз. Оның бар-жоғын Агенттік сайтының «Қаржы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. «Теріс пиғылды кредиторларды», тиімді, өте төмен мөлшерлемемен немесе артық төлемсіз кредит беруді ұсынатын делдалдарды айналып өтіңіз. Ең бастысы, мұқият зерделеп алмай тұрып, ешқашан кредиттік шартқа қол қоймаңыз. Сіз шартты өзіңізбен алып кетіп, оны тыныш жағдайда зерттей аласыз. Түсініксіз тармақтарды сіз кездесу кезінде банк немесе МҚҰ қызметкерімен талқылай аласыз. Егер сіз мұқият зерттеп алмай тұрып шартқа қол қойсаңыз, бұл оның барлық шарттарымен автоматты түрде келісетіндігіңізді білдіреді.
- Әлеуетті қарыз алушыларға кредитті қалай дұрыс рәсімдеу керектігін біртіндеп түсініп алуды ұсынамын. Біз банкке хабарласып, танысу үшін менеджерден шартты сұрадық делік. Неге назар аудару қажет?
- Заң жүзінде банктердің қарыз шарттарына қатысты толық ақпаратты жария ету міндеті көзделген. Бұл банктік қарыз шарты жасалғанға дейін қарыз алушыға берілетін жадынаманың жаңа нысаны және ол банктік шарттар талаптарының ашықтығын арттыру мақсатында шарт жасау алдындағы жұмысты күшейту үшін енгізілген. Банктік қарыз шартын жасасқанға дейін қаржы институты сізді мазалайтын сұрақтарыңызға толық консультация беруге міндетті. Жадынамада: қарыз сомасы және валютасы; қарыз мерзімі; төлемдер саны; сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен не белгіленген сомадағы мөлшері; қарыз беру және оған қызмет көрсетумен байланысты комиссиялардың және өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері; өтелетін жалпы сома; сыйақының қорытынды сомасы; негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері; сақтандыру шартын жасасу қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері; банктің байланыс деректері, банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес, оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін айыппұлдың, өсімпұлдың өзге де түрлері және т.б. мәліметтер болуға тиіс.
Сіз қарыз шартының талаптарымен танысып, шартқа қол қоюға дайын болғаннан кейін, шарттың титулдық парағына назар аударуыңыз қажет. Тұтынушылардың хабардарлығын арттыру мақсатында форматы барлық банктер үшін бірдей, банктік қарыз шартына қосымша титулдық парақты көздейтін норма енгізілді. Титулдық парақ қарыз туралы негізгі ақпараттан тұрады. Шарттың мәтіні титулдық парақтан кейін жазылған. Осылайша, кредит ресімдеуге шешім қабылдаған қарыз алушы банктік қарыз шартын жасамас бұрын кредиттің негізгі талаптары туралы толық ақпарат алуға тиіс.
Титулдық парақта қарыз сомасы және мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; өтеу әдісі және тәсілі. Шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы болған жағдайда онда қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну қажеттілігі туралы ақпарат болуға тиіс.
Титулдық парақта сондай-ақ, шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері туралы; қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктірудің туындау себептері, кірістері және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш беру құқығы туралы мәліметтер болады. Шарттың мәтіні титулдық парақтан кейін жазылған. Ол А4 форматындағы парақтарда, өлшемі 12-ден кем емес Times New Roman қарпімен, әдеттегі интервалмен басылады. Егер банктік қарыз шартының мазмұны бойынша түсініксіз жерлер болса, менеджерге сұрақтар қоюға ұялмаңыз, тараптардың құқықтары мен міндеттерін, төлем мерзімін өткізген жағдайда оның салдарын нақтылап алыңыз. Мүмкіндік болса заңгердің кеңесін алыңыз! Кредит ресімдеу – бұл үлкен жауапкершілік!
- Қарыз шартында кредиттік ұйым жылдық сыйақы мөлшерлемесі қандай болатынын көрсетеді. Бұл нені білдіреді?
- Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — бұл қарыз беру және қарызға қызмет көрсетумен байланысты ай сайынғы төлемдер мен комиссиялардың мөлшерін қамтитын барлық төлемдердің жалпы сомасы. 2011 жылдан бастап ЖТСМ банктік қарыздар мен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша бірыңғай болды және 56%-ды құрады, алайда 2021 жылдан бастап банктік қарыздар бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелері сараланған. Кепілсіз банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні 40%-ға; ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 25%-ға дейін; 45 күнге дейін мерзімге және 50 АЕК сомасына берілетін кепілді микрокредиттер бойынша 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді.
- Кредиттік ұйым қарыз алушыға негізгі борышты өтеудің сараланған, аннуитеттік немесе басқа әдісін ұсына алады. Александр Леонидович, қайсысына артықшылық беру керек?
- Сараланған әдіс негізгі борышты тең үлестермен өтеуді қамтиды. Ай сайынғы төлем ай сайын азаяды, өйткені негізгі борыш тең үлестермен өтеледі, ал пайыздар борыштың қалдығына есептеледі. Егер сіз мерзімінен бұрын өтеуді жоспарласаңыз, бұл тиімді. Мысалы, сізге жылдық 29% пайыздық мөлшерлемемен мерзімі 36 айға 1,5 млн теңгеге кредит берілетін болды. Бірінші айда төлем 77 916,67 теңгені, екінші айда – 76 909,72 теңгені, үшінші айда – 75 902,78 теңгені құрайды. Соңғы айда ай сайынғы төлем 42 673,61 теңгені құрайды.
Аннуитеттік әдіспен ай сайынғы тең төлемдер кредиттеудің бүкіл мерзіміне созылады. Негізгі борыш бойынша төлемдер көбейеді, ал сыйақы бойынша төлемдер азаяды, яғни алғашқы айларда төлемдердің негізгі сомасы сыйақыны өтеуге кетеді. Мысалы, алдында көрсетілген деректер болған жағдайда (жылдық 29% пайыздық мөлшерлемемен мерзімі 36 айға 1,5 млн теңгеге кредит) ай сайынғы төлем шарттың қолданылу мерзімінің соңына дейін 62 858,57 теңгеге тең болады. Кредиттік ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс мынадай болуы мүмкін. Мысалы, сіз 1 жылға 29% сыйақы мөлшерлемесімен 1 миллион теңгеге кредит ресімдедіңіз. Кредиттік ұйыммен келісім бойынша Сізге қарызды мерзім соңында 1 290 000 теңге сомасында сыйақымен бірге қайтару қажет болады.
- Кредиттеу мерзіміне назар аудару керек пе?
- Әрине, артық төлем сомасы соған байланысты. Кредиттеу мерзімі неғұрлым ұзақ болса, кредит бойынша артық төлем соғұрлым көп болады. Консультанттан қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттары қандай екенін, айыппұлсыз және артық төлемсіз кез келген кезеңде мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі бар-жоғын анықтаңыз. Заңнамаға сәйкес банктердің қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақыны алуға немесе айыппұл санкцияларының басқа түрлерін қолдануға құқығы жоқ. Оған бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін және бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайлары жатпайды. Бұл ретте Сіз банкке пайыздарды кредитті пайдаланудың нақты күндері үшін ғана төлейсіз.
- Банк немесе МҚҰ кредиттік шартқа қол қойылғаннан кейін оның шарттарын өзгерте ала ма?
- Кредиттік ұйымдарға шарт жасалған күні белгіленген кредитке қызмет көрсету жөніндегі комиссиялар мен төлемдерді есептеу мөлшері мен тәртібін біржақты тәртіппен ұлғайту жағына өзгертуге тыйым салынады. Сондай-ақ оларға жасалған шарт шеңберінде комиссиялар мен өзге де төлемдердің жаңа түрлерін енгізуге тыйым салынады. Сондай-ақ, олар мен бұрын айтқан жағдайларды қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақыны немесе айыппұл санкцияларының басқа түрлерін алуға құқылы емес. Егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түссе және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі жұмыс күні жүргізілсе, кредиттік ұйымдар айыпақы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға да құқылы емес. Алайда, кейде кредиттік ұйымдар шартты біржақты түрде өзгерте алады.
- Қандай жағдайларда?
– Қарыз алушы үшін жағдайды жақсарту жағына ғана. Мысалы, қарызға қызмет көрсеткені үшін комиссиялар мен өзге де төлемдер азайтылған немесе толық жойылған, айыпақы (айыппұл, өсімпұл) азайтылған немесе толық жойылған жағдайда. Шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдырған және (немесе) бөліп төлеген жағдайда өзгертуге жол беріледі. Банк шетел валютасындағы қарызды ұлттық валютаға алмастыру арқылы, шетел валютасында берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемелерді азайтуға құқылы. Банк шарты талаптарының өзгергені туралы қарыз алушыға хабарлауға міндетті. Ал қарыз алушы шарт талаптарын өзгерту туралы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік14 күн ішінде кредиттік ұйымға жүгінсе, бас тартуына құқылы.
- Александр Леонидович, қарыз алушылар нені жиі ұмытып кетеді?
- Түпкілікті талаптар шартта көрсетілетіні туралы. Сондықтан, қайталап айтамын: шартқа қол қоя отырып, онымен мұқият танысу қажет. Азаматтардың барлығы бірдей шарттың мәнін түсіне бермейді, оған қол қояды, содан кейін міндеттемелерді орындауда күтпеген қиындықтарға тап болуы мүмкін. Кредитті уақытында өтеу керек. Сондықтан, төлем кестесін сақтаңыз, жоспарлы төлем күні туралы телефоныңызға ескерту орнатыңыз. Ақша шотыңызға түсіп үлгеруі үшін ай сайынғы төлемді алдын ала, төлем күніне дейін 5-7 жұмыс күні бұрын төлеген дұрыс. Кредитті мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі туып жатса, оны міндетті түрде пайдаланыңыз. Кредитті ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу үшін қарыз алушы кредит ұйымына өтініш жазуы керек.
Егер сіз кредитті мерзімінен бұрын өтесеңіз, оның іске асқаны туралы менеджерден нақтылаңыз. Әдетте мобильді қосымшада мерзімінен бұрын өтеуді дұрыс ресімдеу керек. Міндетті түрде кредит ұйымынан кредиттің жабылғанын растайтын анықтама алыңыз
- Кредит мерзімін өткізіп алған жағдайда не істеу керек?
- 2021 жылғы 21 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың қарыз алушы-жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады. Егер қарыз алушы өз міндеттемелерін орындамаса, онда кредиторлар ол туындаған сәттен бастап 20 күн ішінде қарыз алушыға шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде мерзімінің өткені туралы хабардар етуге міндетті. Кредитор мерзімін өткізіп алудың туындауы және мерзімі өткен берешек мерзімін көрсете отырып, хабарламада көрсетілген күні Шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттігі туралы хабарлауы, және қарыз алушы-жеке тұлғаның шарт бойынша оған жүгіну құқығы және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы еске салуы тиіс.
- Кейбір қарыз алушылар мерзімін өткізіп алғанын біле тұра және кредитордан хабарлама алса да, кейіннен ол туралы білмегенін дәлелдеуге тырысады. Мұндай «білместіктің», қандай да бір көмегі тиюі мүмкін бе?
- Егер хабарлама қарыз алушыға шартта көзелген үш тәсілдің бірімен жеткізілсе, хабарлама жеткізілген болып есептеледі. Мысалы, шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына немесе тұрғылықты жері бойынша – тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілген болса, оның ішінде көрсетілген мекенжай бойынша тұратын, қарыз алушының кәмелет жасқа толған отбасы мүшелерінің бірі алған болса. Банк хабарламаны қарыз алушының оны алғанын белгілеуге мүмкіндік беретін басқа да байланыс құралдарын пайдалана отырып жеткізе алады.
Егер қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болса, кредитордан ешқандай жағдайда жасыруға болмайды. Жазбаша өтінішпен кредитті қайта құрылымдау үшін 30 күн ішінде банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну қажет. Әрекет етпеген жағдайда, кредитор соттан тыс немесе сот тәртібімен қарыз сомасын немесе қамтамасыз етуді өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгіне алады, берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке бере алады.
Кредиттік ұйым қарыз алушының шотында бар немесе түскен қаражатты даусыз тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Кредитор сондай-ақ қарыз шарты бойынша құқықты үшінші тұлғаға бере алады немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да шараларды қолдана алады.
- Қарыз алушылар мерзімі өткен кредитке пайыздар есептеледі деп қорқады...
- Өткен жылдан бастап жаңа шаралар жүзеге асырылуда. Банктерге барлық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін 180 күнге кешіктіргеннен кейін сыйақыны, өсімпұлды (айыппұлдар мен өсімпұлдарды), комиссияларды және басқа төлемдерді төлеуді талап етуге тыйым салынады. Бұған дейін тек ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша тыйым салынған болатын.
- Кредитормен келісімге келу мүмкін болмаған жағдайда қарыз алушы не істеу керек?
- Қарыз алушы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады. Дегенмен, бір шарт бар: сіз міндетті түрде банкке немесе МҚҰ-ға өтініш бергеніңізді және өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмегендігін растауыңыз керек. Сондықтан банкке немесе МҚҰ-ға кредитіңізді қайта құрылымдау үшін берген барлық өтініштеріңізді, сондай-ақ кредитордың жазбаша жауабын жоғалтпай, сақтап қойыңыз.
Қосымша келіспеушіліктерді реттеу үшін қарыз алушы тегін қызмет көрсететін банк омбудсманына жүгіне алады. Қандай жағдай болмасын, банкке, Агенттікке немесе Омбудсманға жүгінуді кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Борыштық міндеттемелер психика үшін ауыр зардаптарға әкеледі. Қарыздардың кенеттен пайда болуы, банкроттықтың алдында тұрған сәтсіз бизнесті кредиттеу, бұның бәрі борышкердің иығына түсетін ауыр жүк. Қарыз туралы ойлар паникалық шабуылдарға әкеледі, қорқыныш пен күйзеліс күйіне түсіреді. Сондықтан кредиттеумен байланысты мәселелерге байыппен және саналы түрде қарап, кредиттік жауапкершілікті арттырған жөн!
Ақпарат көзі : kazpravda.kz
Қаржылық сауаттылық – қаржылық мақсаттарға қол жеткізу кілті!
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Антифрод-орталықты құру туралы
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Жаңа жылдық фейктер»: мереке қарсаңындағы қарбаласта алаяқтардың қақпанына түспеу жолдары
2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның сақтандыру секторының жай-күйі туралы