Алаяқтардың кезекті әрекеті: қазақстандықтарды мобильдік байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың бірыңғай байланыс орталығының атынан түскен қоңыраулар мазалауда

time 19.07.2024
aye 2684
Алаяқтардың кезекті әрекеті:  қазақстандықтарды мобильдік байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың бірыңғай байланыс орталығының атынан  түскен қоңыраулар мазалауда

Ыбырай атамыздың «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңіндегі «... айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» байланыс құралы – телефон бүгінгі таңда қауіпті құралға айналып отыр, одан түскен бір қоңыраудың салдарынан бүкіл жиған-тергеніңнен айырылып қалуға болады.

Fingramota.kz мобильдік нөмірге бір қоңыраудың нәтижесінде азаматтарымыздың ақшасынан қалай айырылатыны  және оның алдын алып, өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін не істеу керектігін айтып береді. 

Не болды?

Соңғы бірнеше күннің ішінде қазақстандықтарға мобильдік байланыс «операторларынан» түскен қоңыраулар жиілеп кетті, олар ұялы телефонның SIM-картасының мерзімі аяқталғанын және тиісті шартты ұзарту қажеттілігі жөнінде хабарлайды. Жалған оператор телефон картасының қолданыс мерзімін ұзартуды ұсынады, кері жағдайда ұялы телефонның нөмірі сағат 00.00-де бұғатталады-мыс. Үрейленген абонент онымен келіседі және оған әрі қарай не істеу қажеттілігі жөнінде нұсқау түседі.

Бірінші кезекте «оператор», назар аударыңыз, egov.kz. бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірінен СМС-хабарламамен келетін «талонның кодын» айтуды сұрайды. Алаяқтардың бұл нөмірді таңдауы кездейсоқ емес, өйткені бұл нөмір қазақстандықтарға бұрыннан белгілі.

Аңғал  азаматтар смс-хабарламамен келген код нөмірін айтады және «оператор» өзінің «құрбанын» ары қарай алдарқатып, өз дегенін істетеді. Мысалы, жүйеде ол кредит ресімдеуге әрекет жасалғанын көреді, енді ол қай банкте және абоненттің кредитті  қандай сомаға ресімдемекші болғанын  анықтайды. Ең бастысы, олар «құрбанына» кредитті заңсыз ресімдеу мүмкіндігін болдырмау үшін банктерге сұраныстар жіберетініне сендіреді. Абонент көмек көрсеткені үшін алғыс айтады, ал алаяқтар, өз кезегінде, барлығы белгілі болғаннан кейін қайта қоңырау шалуға рұқсат сұрайды. Абонент келіскен кезде телефонды ажыратпауды, қоңырауларға жауап беруді және олардың нұсқауларын қатаң сақтауды сұрайды.

Әрі қарай абонентке сіздің атыңыздан кредит ресімдеуге өтінімнің ресімделгені не ресімделмегені туралы сұрақпен «банктен қоңыраулар» түсе бастайды. Клиентте қандай да бір күдік туындайтын жағдайда оған банктен ресми құжат деп алдап, мөр, қолтаңба қойылған және заңсыз кредит ресімделгенін растайтын тиісті мәтін көрсетілген жалған үзінді көшірме жібереді. Алданған адам сеніп қалады және қатаң түрде нұсқауларды орындайды.

Сондай-ақ, алаяқтар психологиялық тұрғыдан әсер етеді: жәбірленушіге ақпараттың аса конфиденциалды екенін және тіпті қарулы органдарының іске қосылатынын, әңгімелер жария болған жайдайда сыбайлас адам ретінде жауапқа тартатынын, қылмыстық іс қозғалатынын айтып, туыстары мен достарына қоңырау соғуға тыйым салады.

Жәбірленуші мен алаяқтардың мұндай келіссөздері 2 сағаттан 5 сағатқа дейін созылады. Осы уақыт бойы адам қорқыныш пен алаңдаушылықты бастан кешіп, қысымға ұшырайды. Осы уақытта алаяқтар кредиттер ресімдейді және барлық байланыс тоқтайды. Кейбір адамдар бірте-бірте қателік жасағанын түсініп, әрекет ете бастайды. Кейбіреулер біраз уақыт өткеннен кейін ғана, яғни бірнеше күннен бір айға дейінгі уақытта, оның өзінде аталмыш кредиттерді төлеу мерзімі кешіктірілгені анықталғаннан кейін өздеріне қарыз ресімделгенін біледі.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге