2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті автосақтандыру бойынша төлемді ресімдеудің жеңілдетілген рәсімі — Еурохаттама енгізілді. Яғни, өтініш жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей, ЖКО орнында тікелей сақтандыру ұйымына жіберіледі.
Еурохаттама қалай жұмыс істейді, Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
Еурохаттама ресімдеу шарттары
Еурохаттаманы рәсімдеу үшін бірнеше міндетті шарттарды сақтау маңызды. Біріншіден, жол-көлік оқиғасына тек екі көлік қатысуы керек және екі жүргізушінің де жарамды сақтандыру полистері болуы керек.
Екіншіден, келтірілген шығын мөлшері 100 АЕК-тен аспауы тиіс
(2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды), болмаса, уәкілетті органдар арқылы ресімдеу қажет болады.Үшіншіден, ЖКО қатысушылары арасында жол апаты мен кінәлілік мән-жайларына қатысты келіспеушіліктер болмауға тиіс, тараптар өзара келісімге келуге тиіс.
Соңғысы, оқиға салдарынан адамдардың денсаулығына немесе үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтірілмеуі керек. Егер ЖКО-да жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға немесе басқа көлікке зақым келтірілсе, Еурохаттаманы рәсімдеу мүмкін болмайды.
Сақтандыру компанияңызда Еурохаттама бойынша өтініш беру мүмкіндігі бар-жоғын алдын-ала нақтылау маңызды. Төлемдерге келетін болсақ, олар Еурохаттама бойынша әлдеқайда жылдамырақ – орташа есеппен 3-15 жұмыс күні аралығында, ал стандартты рәсім шамамен 90 күнді құрауы мүмкін.
Еурохаттама қалай ресімделеді
Еурохаттама сақтандыру ұйымдарының мобильді қосымшалары немесе интернет-сервистері арқылы онлайн ресімделеді, мысалы, https://dtp.kz сервисінде. Сонымен бірге Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры әзірлеген бірыңғай «Еурохаттама» қосымшасы бар. Маңызды сәт: алаяқтарға түсіп қалмас үшін, Еурохаттамаға арналған қосымшаларды тек ресми дүкендер – Play Market және App Store-дан жүктеп алыңыз.
Сіз телефоныңызға қосымшаны жүктеп аласыз да, тіркеуден өтіп, барлық қажетті құжаттарды толтырасыз, құжаттарды қоса бересіз де оларды мобильді қосымша арқылы сақтандыру компаниясына жібересіз. Деректер сәтті түрде жіберілген жағдайда сізге Сақтандырудың бірыңғай дерекқорынан (СБДҚ) SMS келеді. Хабарды алғаннан кейін жан-жаққа тарауға болады: полицияны күтудің немесе арнайы бір жерге барудың қажеті жоқ, барлығы бір орында ресімделеді және жіберіледі.
Бұл ретте, егер сіз келтірілген шығын 100 АЕК-тен асатынына сенімді болсаңыз, әдеттегі сценарий бойынша – жол полициясының қатысуымен әрекет еткен абзалырақ. Сыртқы зақымдар маңызсыз болып көрсетілуі және лимиттен аспауы мүмкін, алайда автомобильде жасырын ақаулар болуы ықтимал. Сол себепті, күмәнданған жағдайда ЖКО-ны ресімдеудің әдеттегі тәсілін қолданған неғұрлым қауіпсіз.
Сонымен қатар, егер сіз қандай да бір сақтандыру компаниясының анықтаған шығын сомасымен келіспейтін болсаңыз, сақтандыру омбудсманына жүгіне аласыз. Ол дауды сотсыз реттеуге жәрдемдесіп, мұндай жолданымдарды әдетте екі айға дейінгі мерзім ішінде тегін қарайды.
Мұндағы бір ескеретін жайт: омбудсманның шешімі сақтандыру компаниясы үшін міндетті болып табылады, алайда өтініш беруші үшін ол міндетті сипатта емес. Егер сіз шығарылған шешіммен келіспейтін болсаңыз, сіздің сотқа жүгіну және өз мүдделеріңізді сот тәртібімен қорғау құқығыңыз сақталады.
Тағы нені білген маңызды
Жиі қойылатын сұрақтардың бірі: ЖКО-ға қатысушылардың бірінде сақтандыру полисі болмаған жағдайда не істеу керек? Мұндай жағдайда Еурохаттама ресімдеуге болмайды, себебі екі жүргізушінің де қолданыстағы полистерінің болуы міндетті шарттардың бірі болып табылады. Стандартты ресімдеу кезінде сақтандыру полисі жол апатына кінәлі жүргізушіде болуға тиіс, ал ол болмаған жағдайда мәселе азаматтық-құқықтық тәртіппен шешіледі.
Сонымен бірге мынаны есте сақтаған маңызды: Еурохаттама ресімдеген жағдайда ЖКО орнынан өтініштің қабылданғаны туралы SMS-растауды алғаннан кейін ғана кетуге болады. Осы уақытқа дейін қатысушыларға кетуге болмайды, олай болмаған жағдайда рәсім жарамсыз деп танылады.
Жалпы, Еурохаттама – бұл аздаған шығыны бар шағын ЖКО-ны реттеудің ыңғайлы және жылдам тәсілі. Алайда қандай да бір күдік болған жағдайда, ықтимал тәуекелдерді болдырмау үшін стандартты рәсімді қолданған жөн.

Толығырақ "Сақтандыру" бөлімінде оқыңыз
Қаржылық сауаттылық жөнінде балаларға арналған жаңа кітап: Freedom Life ӨСК және FinGramota.kz бірл...
Кері байланыс: қазан айында жиі қойылған сұрақтарға жауаптар
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық түрлері: нелерді білу қажет?
Сатып алулар жасау үшін виртуалды картаны қалайша дұрыс пайдалану қажет
«Жалақыға дейінгі кредит»: мұндай микроқарыздар беру жағдайында не өзгерді
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық