ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны бол ған, оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Қаржы пирамидаларын құрушылар қатысушыларға аз ғана уақыт аралығында кепілді, жоғары табыс көзіне кенелетіндеріне уәде беріп, тартады. Алайда, қатысушылардың белгілі бір саны мен тиісінше салымдар жиналғаннан кейін ұйымдастырушылар барлық ақшамен іздерін суытады.
Қазіргі уақытта алаяқтар мен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар - бұл жай ғана «шақырушылар» емес, олар – ІТ-технологиялар саласындағы білікті мамандар, жақсы психологтар мен адамдардың эмоцияларын басқара алатын шешен адамдар. Қазіргі кезде қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады.
Классикалық пирамида
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар компаниялар құрады және оларды аса жоғары табыс табуға болатындығына сендіріп, аңғал адамдарды тартады. Өткен ғасырлардағы сияқты, мұндай пирамиданың да схемасы – қаражатты жаңадан келгендер есебінен төлеу. Біраз пайда тапқан алғашқы салымшылар өздерінің орасан зор пайдаға қол жеткізгені туралы «қуанышты» жаңалығымен бөліседі және оған өз туыстарын, достарын және таныстарын тарту арқылы аталған жобаны интернетте белсенді түрде жарнамалайды.
Кейде мұндай компаниялар клиенттерге пайыздардан бөлек жаңадан тартылған қатысушылар үшін сыйақы төлейді. Бірақ бұл компаниялардың қызметін желілік маркетингпен шатастыруға болмайды. Желілік маркетингте де тартылған адамдар үшін белгілі бір пайыздар төлейді, бірақ оның негізінде өнім болады, сол өнімді сатқаны үшін дистрибьюторлық желінің қатысушылары нақты пайда табады, ал қаржы пирамидасы салымшылардың ақшасына негізделеді.
Онлайн-ойындарға бәс тігу
Букмекерлік кеңселер - белгілі бір оқиғалардың, көбінесе спорттық ойындардың нәтижелеріне бәс тігулерді онлайн режимінде де қабылдайтын ұйымдар. Олар ойындар нәтижесінің ықтималдығын бағалайды және әр ықтимал нәтижеге өз коэффициенттерін қояды. Осы ұйымдардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңымен реттеледі.
Заманауи қаржы пирамидасы букмекерлік кеңселердің атын жамылуы мүмкін, олар салынған бәс тігулердің міндетті түрде ұтатынына сендіре отырып, клиенттерді өздеріне тартады. Ресми букмекердің қызмет жүргізуге арналған лицензиясы болса және бәс тігулерді жүзеге асыру кезінде кассалық немесе электрондық чек пен бәс тігулерді растау купонын берсе, ал алаяқтық ұйымдарда ресми лицензия болмайды және олар көбінесе мессенджерлер арқылы «жалған» чектер жібереді.
Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары «серіктестік бағдарламаларды» пайдаланады, олардың қатысушыларын спорт оқиғаларының нәтижелеріне қарай емес, бәс тігуге неше адам әкелетініңізге байланысты қомақты пайдаға кенелесіз деп сендіреді. Мысалы, сіз белгілі бір соманы салуыңыз және сіз оларды тарту арқылы қосымша бір дивиденттер алатын белсенді екі клиентті тартуыңыз керек. Нәтижесінде пирамида жаңа «инвесторлардың» ақшасы есебінен белсенді дами бастайды.
«Жоқ нәрсені» инвестициялау
Бұл - пирамиданың жаңа түрі. Оның схемасы мынадай - желіде сізге қомақты табыс әкелетін онлайн-жобаны инвестициялау ұсынылады. Қарапайым схемадан айырмашылығы - сізге жаңа мүшелерді тартудың қажеті жоқ. Сізден белгілі бір соманы енгізуді сұрайды және жоба іске қосылғаннан кейін қомақты пайдаға кенелесіз деп сендіреді. Алайда, мұндай пирамиданы ұйымдастырушылар айтарлықтай соманы жинағаннан кейін жобаны жауып, жоқ болып кетеді. Біраз уақыттан кейін олар жаңа жобаның жаппай жарнамасын жариялай бастайды және солай қайталана береді.
Пирамида ғұмырының үш кезеңі
Бірінші – қаржы пирамидасын құру. Әдетте, қатысушылар аздаған, сондай-ақ айтарлықтай көп сома енгізсе де ұйымдастырушылар бірінші қатысушыларға өз қаражатынан уәде етілген табысты төлейді.
Екінші – қаржы пирамидасын көпшілікке тарату. Құныққан салымшылар қатысушыларды, оның ішінде таныстары мен туыстарын бірінен соң бірін тарта бастайды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әйгілі блогерлерді, жұлдыздарды тарту арқылы әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманы пайдаланады. Бірақ бұл кезеңде жаңа қатысушыларға сыйақы жеке қаражат есебінен емес, жаңадан тартылған адамдардың есебінен төленеді.
Үшінші – пирамиданың сөзсіз құлдырауы. Ол белгілі бір қатысушылар саны мен қомақты сома жиналған кезде орын алады. Оңай әрі жедел қол жеткізуге болатын пайдаға сеніп келген адамдар сыйақыдан да, өз ақшасынан да қағылады. Сондай-ақ, оларды қандай да бір жолмен қорғау мүмкіндігі болмайды, өйткені Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз әрі тыйым салынған, демек пирамида ұйымдастырушылары қол қойған құжаттардың ешқайсысы заңды күшке ие болмайды.
Толығырақ "Абайлаңыз, Алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма