Мобильдік аударымдар бақылауға алынды: кімдер тексерілетін болады және қауіпті аймаққа түспеудің жолдары

time 4.05.2026
aye 1621
Мобильдік аударымдар бақылауға алынды: кімдер тексерілетін болады және қауіпті аймаққа түспеудің жолдары

Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау күшейтілуде. Салық органдары ағымдағы жылғы 15 сәуірге дейін банктерден алынған деректерді өңдеуді бастады, ал азаматтарға алғашқы хабарламаларды осы жылдың мамыр айында жіберу жоспарланып отыр. 

Не өзгерді және неге назар аудару керектігін Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз. 

Қандай аударымдарды МКК бақылауына алады

Ағымдағы кезеңде ҚР Қаржыминінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) екінші деңгейдегі банктер ұсынатын жеке тұлғалардың аударымдары бойынша деректерді талдайды. Бұл ретте әңгіме барлық азаматтарды жаппай тексеру туралы емес, бақылау тек белгілі бір тәуекел өлшемшарттары бойынша жүзеге асырылатынын түсіну маңызды.  

МКК жеке аударымдарға емес, жалпы қаржылық ахуалға назар аударады.  Бизнесті тіркеусіз жүргізетін жағдайлар бақылауға алынатын болады. 

Бір мезгілде орындалуға тиіс үш шарт бар:

— ақша 100 және одан да көп әртүрлі жөнелтушілерден түседі;

— аударымдар жүйелі түрде, қатарынан үш ай бойы жүргізіледі;

— жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асады.

Бұл белгілер жеке-жеке бұзушылық болып саналмайды. Алайда, егер олардың барлығы сәйкес келсе, онда ол кәсіпкерлік қызметке ұқсас жүйелі табыс көзі сияқты көрінуі мүмкін.

Алғашқы хабарламаларды операциялары осы өлшемшарттарға сәйкес келетін  азаматтарға мамыр айында жіберу жоспарланып отыр.

Бұл бірінші кезекте кімге қатысты

Бірінші кезекте бақылау іс жүзінде ресми тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүргізетіндерге қатысты. Бұл ретте әңгіме ірі бизнес туралы болуы міндетті емес - өз қызметін «қосымша жұмыс» деп санайтындар да назарға түсуі мүмкін.

Бұл көбінесе Instagram сияқты әлеуметтік желілер немесе WhatsApp сияқты мессенджерлер арқылы тауарлар сататын, ал төлемді жеке банк картасына қабылдайтын адамдарға қатысты. Бұған сондай-ақ, ДК ресімдеусіз және салықтық есеп бермей қызмет көрсететіндер, мысалы, репетиторлар, шеберлер, курьерлер, жалға берушілер және басқалары жатады.

Жүйелi түрде әр түрлi адамдардан аударымдар алатын немесе төлемдердi қабылдау үшiн бизнес-шоттардың орнына жеке шоттарды пайдаланатын жағдайларға ерекше назар аударылады.

Түсіну маңызды: тіпті адамға ол тек қосымша табыс сияқты көрінсе де, заң тұрғысынан мұндай қызмет кәсіпкерлік болып саналады және тіркеуді талап етеді.

Оның кімге қатысы ЖОҚ

Жеке тұлғалардың арасындағы әдеттегі аударымдар салық органдарының бақылауында болмайды. Мұнда жүйелі табыс табумен байланысты емес күнделікті жағдайлар туралы сөз болып отыр. Мысалы, туыстар арасындағы аударымдар, достарға қаржылай көмек көрсету, сыйлықтар мен іс-шараларға бірігіп ақша жинау, сондай-ақ қарыздарды қайтару сұрақтар туындатпайды.  

Сондай-ақ, сома маңызды болса да, мұндай операциялар жүйелі түрде қайталанбайтын болса және тұрақты табыс көзі ретінде көрінбейтін болса, біржолғы төлемдер тәуекелді деп есептелмейді.  

Негізгі өлшемшарт – аударымдардың сипаты. Егер олар жеке және жүйесіз сипатқа ие болса, уайымға берілу себебі жоқ.  

Басты ерекшелік: тек қана сомаға емес, іс-қимылға мән беріңіз 

Аударымдар сомасы ғана емес, қаржылық белсенділіктің жалпы сипаты да маңызды екенін ескеру қажет. Тіпті келіп түсетін сомалар өз бетімен үлкен болып көрінбесе де, басқа белгілер назар аудартуы мүмкін. Мысалы, егер аударымдар әртүрлі жөнелтушілерден тұрақты түрде келіп тұратын болса және қандай да бір жүйелілік байқалса, бұл тұрақты табыс көзі ретінде көрінуі мүмкін.  

Басқаша айтқанда, жеке цифрлар емес, адамның іс-қимылы талданады. Егер операциялар ақша алудың жүйеленген процесіне ұқсайтын болса, бұл тіпті сомалар азғантай болса да салық органдарының қызығушылығын тудыруы мүмкін.  

Дара кәсіпкерлерге нені білу қажет? 

Егер Сіз ДК ретінде тіркелген болсаңыз, тек қана мәртебеге ие болып қана қоймай, есептеулерді дұрыс жүргізген маңызды. Салық органдары қаржылық қызметтің қалай өтетініне назар аударады.  

Бірінші кезекте бизнес үшін жеке банктік шотты пайдалану ұсынылады. Жаппай аударымдарды жеке картаға қабылдау сіз ресми түрде тіркелген болсаңыз да сұрақтар туындатуы мүмкін.  

Сондай-ақ, чектерді беру, есептілікте барлық кірістерді көрсету және салықты уақтылы төлеу маңызды. Бұл қызметтің ашық жүргізіліп жатқанын растайтын базалық талаптар.  

Қызмет ететін ДК іс жүзінде кәсіпкерлік операциялар үшін жеке шотты пайдаланса, хабарлама ала алатынын ескерген жөн. Сондықтан жеке және бизнес-қаржыны бөліп қараған маңызды.  

Қарапайым азаматтарға нені білген маңызды 

Адам кәсіпкер болмаса да, оның банктік операциялары қалай қабылданатынын түсіну қажет. 

Біріншіден, ақшаны картаға жүйелі түрде түсіру, әсіресе олар тұрақты түрде және түрлі адамдардан келіп түссе, табыс ретінде бағалануы мүмкін.  

Екіншіден, банктің немесе салық органдарының тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда қаражаттың шығу тегін түсіндіру қажет болуы мүмкін, мысалы, оның туыстардан аударымдар, борышты қайтару немесе біржолғы жеке есеп-айырысу екенін түсіндіру қажет.

Үшіншіден, көп адамдармен тұрақты есеп айырысу құралы ретінде жеке банк картасын пайдаланудың қажеті жоқ. Егер мұндай операциялар тұрақты болса, олар кәсіпкерлік қызмет сияқты көрінуі мүмкін.

Жалпы, аудармалар неғұрлым жеке және тұрақты емес сипатта болса, олар соншалықты аз сұрақ туғызады.

Хабарлама келген жағдайда не істеу керек

МКК-дан хабарлама алу - бұл айыппұл немесе жаза емес. Әдетте бұл түскен қаражаттың шығу тегін түсіндіруді сұрайтын сұрау.  

Мұндай жағдайда ең бастысы хатты елемей қоймау керек. МКК нені сұрап отырғанын мұқият қарап, жауап дайындау керек.

Әдетте, ақша көзі бойынша түсініктеме беру, ал қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды (мысалы, шарттар, қолхаттар, хат алмасу немесе өзге де дәлелдемелер) қоса беру талап етіледі. 

Толығырақ "Төлемдер мен аударымдар" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге