Қаржы реттеушісі валюталық ипотека бойынша мәселені түпкілікті шешті

time 28.12.2020
aye 1393
Қаржы реттеушісі валюталық ипотека бойынша мәселені түпкілікті шешті

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының «валюталық» бағытын іске асыру аяқталды, оның шеңберінде 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасында берілген қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір доллар үшін 188,35 теңге) бойынша қайта қаржыландырылды. Осылайша, Қазақстандағы валюталық ипотека күшін жойды. 

Бұрын банктер ипотеканы шетел валютасымен белсенді түрде беретін. Ұлттық валюта бағамын түзету валюталық қарыз алушылардың барлық пайдасын жоққа шығарып, олардың айырбастау бағамының ауытқуларынан тәуелділігін күшейтті. Валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесі айтарлықтай өсті, соның салдарынан олар өз қарыздарын өтей алмады. Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру проблемалық санатына өткен осы қарыз алушылар үшін құтқару болды.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет шетел валютасында кіріс алмайтын және кірісі жоқ жеке тұлғаларға жаңа валюталық ипотекалық қарыздар беруге тыйым салуды белгілеу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Бағдарламаны іске асырумен қатар, жеке тұлғалардың тұрғын және өзге де жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген валюталық қарыздары бойынша мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау және барлық валюталық ипотекалық қарыз алушыларды барынша көп қамту үшін Агенттік банктерге Бағдарлама талаптарымен біржақты тәртіппен ипотекалық қарыздарды теңгеге айырбастау құқығын беретін заңнамалық түзетулер әзірледі. Бұл заңнамалық түзетулер ағымдағы жылғы 17 шілдеден бастап қолданылады.

2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлттық Банкіне халықтың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздары бойынша мәселені түпкілікті шешуді тапсырғанын еске салайық.

Жоғарыда көрсетілген нормаларды іске асыру үшін Агенттік 2020 жылғы қыркүйекте банктерге біржақты тәртіппен теңгеге айырбасталған валюталық ипотекалық қарыздар бойынша бағамдық айырманы өтеу үшін Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына түзетулер қабылдады.

Агенттіктің банктермен бірлескен жұмыс істеуі нәтижесінде Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100%-ы жеңілдік берілген бағам бойынша теңгеге айырбасталды және азаматтар болашақта валюталық тәуекелдерден қорғалды.

Қаржы реттеушісінің деректеріне сәйкес, банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды айырбастады. 262 млрд теңге сомаға қарыз алушылардың сыйақы, тұрақсыздық сомасы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша берешегі кешірілді.

Қазақстанда Елбасының тапсырмасы бойынша 2015 жылғы сәуірден бастап іске асырылып жатқан бағдарлама қазіргі сәтте 42 мыңнан астам отбасының баспанасын сақтап қалуға көмектескенін атап өтеміз.

Бағдарлама іске асырудың басында екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық портфелінде проблемалық қарыздар үлесі 30% болды, оның ішінде проблемалық қарыздардың 82%-ы 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген, қарыз алушыларының жалғыз баспанасы бар ипотекалық қарыздарға тиесілі болды. Қабылданған шаралардың арқасында, оның ішінде Бағдарламаны іске асыруға орай, бүгінгі күні халықтың проблемалық ипотекалық қарыздарының деңгейі 6%-ға дейін төмендеді.

Агенттіктің деректері бойынша, 2020 жылғы 1 желтоқсанда банктер 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген, 180,3 млрд теңге сомаға 28 665 қарызды қайта қаржыландыруға мақұлдады, 167,5 млрд теңге сомаға 27 638 қарыз қайта қаржыландырылды, қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық сомасы бойынша 152,2 млрд теңге сомаға берешегі кешірілді.

Қазіргі уақытта Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде бөлінген қаражат (130 млрд теңге) игерілді және қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден келіп түсетін ақшаның есебінен жүзеге асырылуда. Көмек көрсетілетін және жалғыз баспанасы 2035 жылға дейін сақталатын қарыз алушылардың саны шамамен 40 мың адамды құрайды.

Бағдарламаның жоғарыда көрсетілген бағыттарын іске асыру қорытындысы бойынша мемлекеттің қолдауына халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын қарыз алушылар мұқтаж екені белгілі болды. Олардың көпшілігінің жалғыз кіріс көзі тіпті Бағдарламаның жеңілдетілген талаптарымен қарызға қызмет көрсете алмайтын мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар болды. Сонымен бірге жалғыз баспанасы  ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау үшін банктердің балансына өткен азаматтарға да қолдау қажет болды. 

Осыған байланысты 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер бұған дейін қарыздары ХӘОТ санаты бойынша қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдік берілген кестелерін белгілеу түрінде қосымша көмек беру, сондай-ақ банктің балансындағы жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару жөнінде жұмыс жүргізуде.

Банктердің шығыстарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге бөлді. Қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін деп белгіленді.

Шамамен 8 мың қарыз алушыға қосымша көмек көрсету жоспарлануда. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банктерге қосымша көмек көрсетуге өтінішпен 1 731 қарыз алушы жүгінген, олардың ішінде 9,8 млрд теңге сомаға 1 117 қарыз алушыға көмек көрсетілді, 270 өтінім қаралып жатыр, талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты 344 азаматқа көмек көрсетуден бас тартылды.

Бағдарламамен ипотекалық қарыз алушыларды көбірек қамтуды ұлғайту және ХӘОТ-қа қосымша көмек көрсету үшін 2020 жылғы 21 қыркүйекте Бағдарламаға түзетулер бекітілді, олар:

- еңбекке жарамсыздыққа және ипотекалық кредитті өтеуге арналған кірісінен айыруға әкелетін әлеуметтік маңызы бар аурулардың ауыр түрлерімен (аурулардың 5 түрі енгізілген) ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыруды;

- Бағдарламаның ХӘОТ үшін көзделген, жеңілдік берілген талаптарын қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары болып табылатын қоса қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің ХӘОТ мәртебесіндегі қарыздарына да қолдануды;

- Бағдарламаға таратылатын «Астана Банкі» АҚ-тың және «Qazaq Banki» АҚ-тың валюталық ипотекалық қарыздары бар қарыз алушыларды, сондай-ақ жалғыз баспанасы «Астана Банкі» АҚ-тың және «БТА Банк» АҚ-тың балансында тұрған азаматтарды қосуды және т.б. көздейді.

Алдын ала бағалау бойынша түзетулер Бағдарламамен тағы да шамамен 5 мың қарыз алушыны қамтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама барлық тараптың: қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, мемлекеттік органдар мен банктер өкілдерінің қатысуымен әзірленді. Бағдарлама бұған дейін банктер мен қарыз алушылар арасында болмаған диалог режимінде жасалды.

Бағдарлама қарыз алушылардың нақты төлем қабілетіне қарай олардың өз міндеттерін орындауы үшін жағдай жасайды және барлық азаматтың қарызын есептен шығаруды көздемейді. Бұл опция ХӘОТ-қа жататын және қарызды өтеу үшін кірісі мен активтері жоқ қарыз алушыға қатысты ғана ерекше шара ретінде қолданылуы мүмкін. Агенттіктің жұмысы Бағдарлама шеңберінде ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетумен шектелмейді.

Қарыздарды өтеуде қиындыққа ұшыраған қарыз алушыларға қолдау көрсету және проблемалық берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру мақсатында Агенттік заңнамалық актілерге банктердің азаматтардың проблемалық қарыздарын мәжбүрлеп өндіру шараларын қабылдағанға дейін міндетті түрде қайта құрылымдауын көздейтін қосымша түзетулер блогын әзірледі. Сонымен бірге борышкердің борышын қайта құрылымдау үшін банкке жүгінуіне құқылы болатын талаптар аясы кеңейту ұсынылады. Бұл ретте ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта құрылымдау мәселесін қарау кезеңінде банктер ХӘОТ-қа жататын борышкерлерге қатысты шағым-қуыным жұмысы шараларын қабылдай алмайды.  

white-arrow Тізімге